Қауымдастық президенті аударыспақтан спортшылардың әлемдік додаларда алдыңғы сапта тұрғанын айтты
Ұлттық спорт аударыспақты болашақта олимпиада бағдарламасына енгізуге болады. Мұндай пікірді Ұлттық спорт қауымдастығы президенті Исламбек Салжанов «Егемен Қазақстан» газетіне берген сұқбатында айтты, деп хабарлайды Halyq Uni.
Аударыспақтың болашақта олимпиада бағдарламасына енуіне әлеуеті молынан жетеді. Аударыспақтан біздің спортшыларымыз әлемдік додаларда алдыңғы сапта келеді. Мәселен, Азия кубогінің командалық есебі бойынша 1-орын иеленсе, II Әлем чемпионатында командалық есепте 1-орынға қол жеткізді. Әлем кубогінде 3 алтын, 3 қола медаль олжалады. Осындай көңіл көншітетін көрсеткіштерді «Аударыспақ» федерациясына Марат Жұманның сайлануымен байланыстырамыз, - деді Салжанов.
Сондай-ақ қауымдастық президенті жамбы атудан халықаралық турнирдің қалай өтетініне тоқталды.
Жамбы атудың әлемдік додасы төрт стиль негізінде ұйымдастырылады, яғни қазақ, кәріс, мажар, түрік стилі. Бірақ бұған дейін төрт стильде бірдей өтетін халықаралық сайыста ешбір спортшы нысананың барлығына да тигізе алған емес. Отандасымыз Ералхан Айкөз тұңғыш болып төрт стильден де оғы мүлт кетпей рекорд орнатты, - деді Салжанов.
Айтуынша, Теңге ілу федерациясының да жұмысы жанданып келеді.
Азия кубогін, Азия чемпионатын өткіздік. Тұңғыш рет ұйымдастырылған құрлық додасына 10 мемлекеттен спортшы қатысты. Теңге ілу халықаралық деңгейде де дәріптеліп, дамып жатыр. Моңғол, қытай, қазақ стилі бойынша синтезді сайыс түрі қолданысқа енуі мүмкін. Сосын теңге ілуге мінілетін жүйрігінің бойы 160 сантиметрден жоғары болмауы керек. Аттың шабысын, шабандоздың теңгені жерден ілудегі ептілігін лазерлік технологиямен бағалау іске қосылады. Осындай игі істің басында республикалық «Теңге ілу» федерациясының басшысы Аманкелді Әбдіқадыров тұр», - деді Ұлттық спорт қауымдастығы президенті.