Қалада ерекше балалар мен жасөспірімдер 3 нысанда бочча спортынан жаттығады
Алматыда ерекше қажеттілігі бар 40-қа жуық жасөспірім бочча спортымен айналысады. Олар қала бойынша үш нысанда жаттыға алады. Бұл туралы «ДЦП life» қорының құрылтайшысы, боччадан жаттықтырушы Асан Итенов Halyq Uni тілшісіне берген сұқбатында айтты.
Әңгіме барысында боччадан жаттықтырушы Алматыдағы ерекшелігі бар және мүмкіндігі шектеулі балалар мен жасөспірімдердің келешекте қай салада қызмет ете салатынына қатысты пікір білдірді.
Төрт баланың әкесімін. Іңкәр есімді қызыма балалардың церебральды сал ауруы (ДЦП) диагнозы қойылған. Қызыммен оңалту жұмыстарын жүргіздік, бірге жаттықтық. Сол кезде кенет коронавирус пандемиясы басталып кетті. Сол кезде әрекет ету қажет екенін түсіндік, себебі карантин, ешқайда шыға алмайтын жағдай қайталануы мүмкін. Ерекше бала тәрбиелеп отырғандықтан, олармен жұмыс істеуден тәжірибеміз де бар. Осындай жағдайды басымыздан өткеріп жатқандықтан, оны көтере алатынымызды түсіндік. Осындай оймен «ДЦП life» қорын құрдық, - дейді Асан Итенов.
Айтуынша, ер адам 2021 жылдан бері ерекше балаларды бочча спортынан жаттықтырады.
«Қазір Алматыдағы «Алматы арена» ғимаратында балалар мен жасөспірімдерді жаттықтырамыз. Бұл өмірді армандаған жоқпыз, мұндай іспен айналысамыз деп ойламадық. Қызымыз Іңкәр дүниеге келген соң, осы жағдаймен бетпе-бет келген соң өз баламыз бен Алматыдағы басқа балалар үшін өмірімізді өзгертейік деп шештік», - дейді ер адам.
Итеновтің айтуынша, меморандум аясында «Алматы арена» ғимаратында жаттыққаны үшін ақы төлемейді. Арнайы уақыт бөліп, сол жерде жаттығуға мүмкіндік берілген.
«Алматыда ерекше қажеттілігі балалар бочча спортынан жаттыға алатын 3 жер бар. Жалпы қала бойынша небәрі 35-40 бала жаттығады. Жаттығатын нысанды да кеңейту жоспарда бар. Бізде ерекше балалармен жұмыс істейтін жаттықтырушы тапшы. Ресми түрде спортшыларды шақыру да жоспарда бар. Жаттығатын адам санының көп болмауына жүйедегі қателік те әсер етіп отыр. Яғни, топ жиналмаса, жаттықтырушы шақыра алмаймыз. Ерекше адамдар болғандықтан топта кем дегенде 6 адам болып, көп дегенде 10 адамға жетеді», - дейді Асан Итенов.
Ер адам кейінгі кезде Алматы қаласы мәслихатымен бірлесе жұмыс істеп жатқанын айтады.
Қазақстанда «мүмкіндігі шектеулі бала» деген тіркес қолданылады. Алайда шетелдегі жағдай мүлде басқа. Қазір лагерь, бағдарламамызда ата-аналармен тығыз жұмыс істейміз. Ата-анасына олардың ерекшелігі бар балаларының басқалармен тең өмір сүре алатынын айтамыз. Ата-ана баласын бочча спортына алып келе алады, алайда бұл спорт баланың мүмкіндігіне қиындық тудырса, спорттың басқа түрімен шұғылдануға бара алады. Еңбектену арқылы Паралимпиада ойындарының жеңімпазы болу мүмкіндігі бар. Қазір балалардың қандай да қабілеті, мамандығы болуы үшін жұмысты бастағалы жатырмыз. Себебі ата-аналар «біз болмасақ, бұл балалардың жағдайы қандай болады?» деген сұрақ қояды. Сол себепті баланы, жасөспірімдерді өз бетінше өмір сүруге дайындауымыз қажет. Әр баланың өз мүмкіндігіне қарай қабілетін ашу керек. Ал ата-аналардың барлығы бірдей «жоқ, жоқ» деп бірдей ойлайды. Барлық ата-ананың ерекшелігі бар баласына уақыт бөлетін мүмкіндігі жоқ. Себебі баланы оңалту үшін алдымен ата-ананы дайындау қажет, - дейді Асан Итенов.
Айтуынша, Алматыдағы ескі ғимараттардың барлығы арбада отыратын адамдар үшін ыңғайлы емес. Ал балалардың өз бетінше қозғала алуы үшін жаңа ғимарат таңдалғаны жөн.
Маман ерекшелігі бар жастардың қай салада кім болып қызмет ете алатыны туралы сұраққа да жауап берді.
«Ол қойылған диагнозға тікелей байланысты. Егер адамның қолы қозғалып, жұмыс істей алатын болса, ол кез келген саланы игере алады. Қазір ең көп тараған жұмыс – компьютерде монтаж жасау, дизайн сызу. Бұл қатарда SMM қызметін де бір нұсқа ретінде қарастыруға болады. Егер адамның саусақтары қимылдайтын болса, дрон арқылы видео түсіруді үйретуге болады. Бұл қазір өте танымал екені белгілі. Спорт арқылы да шәкіртақы алуға мүмкіндік бар», - дейді жаттықтырушы.