×

«Министрді құрметтеуші едік». Мектептегі орамал дауына қатысты сарапшылардың пікірі

Ұстаздар қауымы министрдің мәлімдесіне жауап берді

 Ая Өміртай 09.06.2022 | 17:39
коллаж: Halyq Uni

Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов мектепке қыздарды орамалмен кіргізу жағын қарастырамыз деген сыңайда айтқан сөзі қоғам пікірін екіге жарды. Енді білім берудің зайырлы сипатына байланысты оқушыларға діни үлгідегі киім киюге рұқсат берілуі мүмкін. Министр Асхат Аймағамбетовтің бұл пікіріне елдегі мұғалімдер қауымы қарсы шығып отыр.

Осы орайда Halyq Uni тілшісі мектеп формасына дінді араластыру қаншалықты орынды деген сауалмен сарапшылардың пікірін тыңдап көрді.

Қазір елімізде міндетті мектеп формасына қойылатын талаптарды бекіту туралы бұйрыққа өзгеріс енгізу мәселесі талқыланып жатыр. Биыл оқу жылы басталғанда ғана БАҚ-қа сұхбат берген министр мектеп формасына қатысты бұйрық негізінде, мектепте хиджаб киюге болмайтынын, сонымен қатар тым қысқа да киюге рұқсат жоқтығын айтқан еді. Алайда Аймағамбетовтің орамал тағу ережесін жеңілдетуге қатысты БАҚ-қа берген сұхбатындағы тосын мәлімдемесі ел арасында дауды күшейте түсті.

МҰҒАЛІМДЕР ҚАУЫМЫ НАРАЗЫ

Министрдің екіұшты мәлімдемесіне мұғалімдер қауымы қарсы шығып, білім ордаларының беделін сақтап қалуға шақырды.

Педагогика саласында 40 жылдан астам уақыт еңбек еткен мұғалім, білім беру ісінің үздігі Жібек Мұғауова балаларға кәмелет жасына келген соң таңдау құқығы мүмкіндігі берілу қажеттігін айтады.

«Сізді білім саласының барлық ардагерлері білім беру ісін алға апаратын азамат деп (министр Асхат Аймағамбетов – ред.) қатты құрметтейтін едік, жаңа өзгерістердің болашағына сенетін едік. Бірақ мектепке оқушылардың орамал тағып баруына рұқсат етілуі мүмкін дегенді естіп, осы кезге дейін еткен еңбегіміз еш кетті-ау деп отырмыз. Бұл – болмайтын мәселе.

Біріншіден, халқымыздың тарихында, дәстүрінде қазақ қызы, бүлдіршін ешқашан ақ орамал тақпаған. Ақ ормалды тек тұрмысқа шығып, ана болғанда ғана байлаған.

Екіншіден, бала құқығын қорғайтынымызды қайда қоямыз: біздер, ұстаздар қорғамағанда олардың құқығын кім қорғайды. Өздерінің қандай да бір наным-сенімін немесе көзқарасын өз перзентінің құқығын аяққа басып, мәжбүрлеу арқылы дәлелдегісі келетін ата-аналарға білім ордасының төрін таптатқанымыз болмас», - дейді ол министр мәлімдемесіне қатысты.

Білім ордасы саналатын мектепті бұрынғы сән-салтанатымен, абыройымен, ғылыми беделімен сақтап қалуды айтқан мұғалім өзге әріптестерін үн қосуға шақырды.

Әлеуметтік желідегі мұғалімнің бұл қарсылығына қолдау білдірген өзге де ұстаздар қауымы министр бастамасының орынсыз екенін ашық сынап, мемлекеттік мекеме саналатын білім ордасында бірығғай мектеп формасын кию талабы сақталуы қажеттігін айтты.

Бұл орайда Қазақстан педагогика ғылымдары академиясының академигі, Қазақстанның Еңбек ері Аягүл Миразова ұлттық мектеп жайлы айтатын кез келгенін, мектептерде бірыңғай мектеп формасының сақталмауы оң-солын танып үлгермеген балаға қысым болуы мүмкін екен айтады.

«Ұлттық болмысты сақтау ата-анаға да, мектептер мен балабақшаларға да өте керек. Министрдің мәлімдемесіне қатысты «орамал тартсын» дегенді өз басым қолдай қоймаймын. Орамал тарту мәселесі кейіннен діни ұғымдардың күшеюімен қатар шықты. Өзім де мектеп басшысы болған кезде мұндай мәселелермен жиі кездестім. Қазақ еш уақытта қайғы үстінде де қара орамал тартпаған. Тұрмысқа шығып, табалдырық аттаған соң ғана үлкен әжелер ақ орамал жауып, батасын беретін деп оқушыларға ұғындырып айтып келемін. Ұстаз ретінде қыз бала еркін өскенін қалаймын. Мұндай үрдіс қазақ халқының танымына, салтына жат нәрсе. Сондықтан таза қазақи тәрбие жөнімен ұлттық болмысымызды ұмытпауыз қажет. Ал кәмелет жасынан асып, тұрмысқа шыққан кейінгі ұстанымды әркімнің жеке шаруасы», - деп түйіндеді Аягүл Төреқызы.

«ҚАЗАҚСТАН БИЛІГІНІҢ ШАРАСЫЗДЫҒЫН КӨРСЕТЕДІ»

Оқу жылы аяқтала сала зайырлылық тақырыбын өзге қырынан көтеріп отырған министрдің бұл әрекетін сарапшылар әрқилы түсіндіріп отыр.

Мәселен, гендерлік теңдік мәселесін зерттеп жүрген халықаралық құқық магистрі Әйгерім Құсайынқызы министрдің бұл бастамасы Қазақстандағы адам құқығын қорғау саласындағы ілгерілеуді емес, керісінше шарасыздығын көрсетеді дейді.

«2016 жылғы 14 қаңтардағы министрліктің № 26 бұйрығымен міндетті мектеп формасы үшін бірыңғай талап қоятын ережелер енгізіле бастады. Сондай-ақ, діни атрибуттарды, киім және бас киім үлгілерін киюге жол берілмейтіндігі көрсетілді. Осы өзгерістерден соң мектептерде хиджаб киетін көптеген оқушылар үшін екі түрлі вариант болды. Жеке мектепте оқу немесе мүлде мектепке бармау. Алайда осы өзгерістерден соң оқушылардың қанша пайызы хиджабын шешкеніне, қанша пайызы жеке меншік мектептерге кеткеніне қатысты нақты зерттеулер жүргізілмеді. Министр Аймағамбетовтің мәлімдемесіне қатысты пікірім екі жақты. Себебі бұл бұйрыққа өзгерістер қалай енгізіледі? Аймағамбетов неліктен мұндай қадамға барды? Министрдің айтуынша, жалпы білім беретін мектептен бас тартып жатқан хиджаб киетін оқушылар санының артып кетуіне байланысты бұйрықты қайта қарауға мәжбүрлік туындаған. Ал зерттеу жүргізілмегендіктен нақты статистика жоқ. Биыл елде «Балалар жылы» жарияланғанын ескерсек, осы тұрғыда Аймағамбетов басқа мәселе көрмеген сияқты. Бұл – Қазақстанның адам құқығы саласында ілгерілеуін емес, керісінше шарасыздығын көрсетеді», - дейді құқықтанушы Әйгерім Құсайынқызы.

Сарапшы ЕуроОдақтың бірқатар елінде хиджаб кию мәселесіне жергілікті деңгейде шектеулер енгізілгенін айтқан ол, мұны Қазақстан жағдайымен салыстырмау қажеттігін, бұл ретте жалпы білім беру саясаты зайырлық сипатқа ие болуға тиіс екендігін атады.

Құқықтанушының сөзіне сүйенсек, Түркістан облысының Мақтаарал ауданы, Ақтөбе облысының Шалқар ауданы және Атырау – хиджаб киетін оқушылар саны басым және ата-аналар тарапынан конфликтілер жиі болатын аймақтарға жатады.

«Бұл ретте білім алу бойынша діни наным-сеніміне қатысты хиджаб киетін қыздардың құқығы бұзылып отыр. Меніңше, қоғамдық резонанс күшейе түседі. Сондықтан тиісті министрлік, бала құқығы және адам құқығы бойынша омбудсмен осы тарапта түсіндірме жұмыстарын жүргізуге тиіс. Бір ғана ғана министрдің «иә, рұқсат беремін» деуінен бөлек, хиджаб киген оқушылардың қайтадан бейімделуден өтуі, мектептерде буллингке ұшырамай білім алуы кешенді мәселе. 2-3 жыл жеке мектепте оқыған немесе қоғамнан оқшауланған балалар қайтадан мектепке келуі ауыр кезең болып саналады. Сондықтан бала құқығы саласындағы мамандар көбірек сөйлеуі қажет», - дейді Әйгерім Құсайынқызы.

Сарапшы қандай жағдай болмасын оқушының білім алу құқығы бірінші кезекте болуға тиістігін, сондай-ақ БҰҰ бала құқығы туралы конвенциясына сәйкес балалар ойлау, пікір білдіру және діни сенім бостандығына құқылы екендігін жеткізді.

«МЕМЛЕКЕТКЕ РЕНІШІ БАР ДІНДАР ТОП ӨКІЛДЕРІ БАР»

Ал дін әлеуметтанушысы Қасқырбек Қалиевтың айтуынша, хиджаб дауы көптен бері айтылып келе жатқан мәселе болғандықтан, заң аясында біржақты шешілуі кезек күттірмейтін мәселеге айналды. Сарапшы билік тарапынан діндар қоғамға қысым жасала берсе келешекте діни ахуал ушыға түсуі мүмкін екенін айтады.  

«Зайырлылық моделін әр мемлекет өз үлгісімен қалыптастырады. Зайырлықтың озық үлгісі АҚШ-та жақсы сақталған. Діндар қоғамның да ойын құрметтейтін, атеист қоғамның да пікірін сыйлайтын заң қалыптастыра білген. Біздің жағдайымызда, посткеңестік елдерден шыққан соң дінге мемлекет, қоғам тарапынан қатал ұстаным бар. Соңғы уақытта қазақ қоғамында дінге бет бұрушылар саны артып келе жатқандықтан, мемлекет жағдайды ушықтырмай реттегені дұрыс. Мемлекетке деген реніші бар діндар топ өкілдері пайда болып жатыр. Келешекте қоғамға зиянын тигізуі де мүмкін», деген маман биліктің тиісті өзгерістерді заң аясында тездетіп іске асыруы қажеттігін атап өтті.

Маманның айтуынша, діни киім үлгісі белгілі бір шарттарға сүйеніп бекітілуге тиіс. Әрі ислам дінінің шартына сәйкес белгіленген жас мөлшері сақталуы керек.

«Елімізде жат ағымды ұстанатын қауым бар екені рас. Егер билік өкілдеріне реніш болса, мемлекет органдарын сыйламау, баласын оқуға жібермеу, сенімімізге қайшы деген ұстанымдарын алға тарту арқылы мәселе ушыға түсуі мүмкін. Қазір мемлекет оларды полициялардың күшімен ұстап отыр. Жат ағым өкілдерінің саны артқан сайын, мемлекет ұстанымына қарсы шығушылар да көбеюі мүмкін деген болжам бар. Елімізде тек жат ағымдағылар ғана емес, дәстүрлі исламды ұстанатын мұсылман қауым бар. Осы қажеттіліктерді ескере отырып, заң аясында келісімге келуге болатын сияқты», - дейді Қасқырбек Қалиев.

Сарапшылардың айтуынша, білім берудің зайырлы сипатын қамтамасыз ету азаматтардың діни сенім еркіндігін қамтамасыз етуге бағытталып отыр. Десе де бала мен діннің қарым-қатынасында ата-анасының наным-сенімі маңызға ие болғандықтан, балаларды діни символдардан алыс ұстау керектігін айтып жатқандар да көп.

МИНИСТРЛІК НАҚТЫ СТАТИСТИКАНЫ ҰСЫНА АЛМАЙ ОТЫР

Осыған дейін білім беру саясатында зайырлылық, тең құқылық қағидаттарын діннен алшақ ұстап келген министр Аймағамбетовтің тосын мәлімдемесі ел арасында пікірталасты күшейте түсті.

Министр әртүрлі топтардың инклюзивтілігін қамтамасыз ету қажеттілігінің себебін оқушылардың білімнен шеттеп қалуына байланысты деп түсіндірген еді. Ал аталған мәселеге орай Білім және ғылым министрлігінің ұсынып отырған қандай да бір зерттеулері мен нақты статистикалық деректері жоқ болып шықты.

«Ата-аналар түрлі айла-шарғымен құжаттарын алып кетіп, балаларын басқа мектепке бермеген жағдайлар бар. Бірақ нақты статистика жоқ. Өйткені ата-аналар өтінішін жазбаша бермегендіктен, нақты көрсеткіш анықталмай отыр», деп жауап берді министрліктің баспасөз қызметі.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама