Halyq Uni логотип
×

Шағымның жартысы онлайн саудаға қатысты: Алматыда тұтынушылар құқығы қалай қорғалып жатыр

Алматыда тұтынушылар құқығын түсіндіру жобасы жүріп жатыр

 Ербол Тұрымбет 23.08.2024 | 18:21
Шағымның жартысы онлайн саудаға қатысты: Алматыда тұтынушылар құқығы қалай қорғалып жатыр
Фото: Halyq Uni

Алматыда «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласында азаматтарды оқыту және үйрету» жобасы жүзеге асып жатыр. Бұл жобаны «Жаңашыр» халықаралық қоғамдық қорына жүктелген. Соған сай Instagram, Facebook, Telegram әлеуметтік желілерінде «Тұтынушы-Потребитель» ақпараттық аккаунттары белсенді жұмыс істеп келеді. Жоба аясында тұтынушылар, яғни қарапайым халық өздеріне қажет деген ақыл-кеңесін алып, керек жерінде арыз-шағымдарын айтып отырады. Жобаны жүргізіп отырған қор басшысы Жаңыл Әпетованың айтуыншла, тұтынушылар шағымының 50%-ына жуығы интернет-саудадан келеді.

- Жаңыл Амантайқызы, алдымен жоба туралы мәлімет берсеңіз...

Халықтың, тұтынушылардың талап-тілектеріне байланысты «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» заң жыл сайын өзгеріп, толықтырылып отырады. Өткен ақпанда заң тағы түзетілді. Ал қарапайым халық өз құқығын жеткілікті біле бермейді. Соған байланысты бүгінде бүкіл республика көлемінде тұтынушылардың құқын қорғау жөніндегі департаменттер жұмыс істеп жатыр. Одан басқа, арнайы шұғыл телефон жұмыс істейді. E-otinish немесе e-tutynushy деген сайттар арқылы да халық өзінің мұқтаждықтарын, ұсыныс-пікірлерін айта алады. Халықты ақпараттандыру мақсатындағы жұмыстарды жүргізу үшін осындай  кеңес беру шарасы қолға алынған.

Одан кейін соңғы өзгерістерге байланысты, әсіресе мынау сотқа жетпей, медиаторлармен болмаса, қоғамдық ұйымдарға жүгіну арқылы шешуге мүмкіндігі бар. Алматының бір өзінде сондай ұйымдардың 20 шақтысы жұмыс істейді. Соңғы заңдарда сол қоғамдық ұйымдарды күшейтуге басымдық берілген. Ал бізге тапсырыс беріп отырған Алматы қаласы әкімдігінің Қоғамдық даму басқармасы. Бұл ақпараттандыру мақсатындағы жоба, жыл соңына дейін жалғасады.

- Сіздер сонда негізінен, заңдағы өзгерістерді түсіндіресіздер ғой?..

Иә, ақпараттық бағыттағы кеңес берумен айналысамыз. Мәселен, Алматы қаласындағы барлық сауда орталығына заңгерлерді, мамандарды алып барып, сол жерлерде отырып жұмыс істедік. Халықтың тікелей сұрақтарын, шағымдарын тыңдадық. Whats аpp нөмірімізге де шағымдарын жазып келеді. Одан бөлек, әлеуметтік желілерде де ақпараттық түсіндіру жұмыстары жүріп жатыр. Одан кейін студенттер қыркүйекте демалыстан келген соң солардың ортасында да шеберлік сағатын өткізу жоспарда тұр. Мысалы, халықпен, тұтынушылармен жұмыс істейтін оқу орындарын барып, құқықтарын қорғау мәселелерін түсіндіруді қарастырып отырмыз. Шара маусымда басталған, жылдың аяғына дейін жүреді.

Әрбір сауда орталығына барғанда 50 шақты адам жүгініп отырды. Одан кейін барып жекелеген заңгерлерге басқа да сұрақтар түсіп жатыр. Оларға да уақытылы жауап беріліп отырады. Сауда және тұтынушылардың құқығын қорғау жөніндегі Алматы қаласы департаментімен жұмыс істеп жатырмыз. Бағытты солар береді. Арасында шешілуге тиіс сұрақтар болса, соларға тікелей жолдаймыз.

- Халық көбіне қандай сұрақтармен шағымданады?

Сұрақтардың көпшілігі интернет-саудаға байланысты. Интернет-дүкендерге немесе  алаяқтардың алдауына түсіп қалғандар болады. Бірақ оларды шешу қиын. Негізі, біздің жұмыс мәселені шешіп беру емес, ақпараттандыру мақсатын көздейміз. Дегенмен шешімін күтіп тұрған сұрақтарды департаментке жіберіп отырамыз. Ары қарай солар жұмыс істейді.

Содан кейін дүкен сөрелеріндегі заттардың қолданыс мерзімінің сай келуі. Одан басқа, кейде заттар бір бағаны көрсетіп тұрып, кассада өзгеріп шыға келеді. Оған қоса, «жеңілдік» деп тұрған заттардың да кассаға келгенде басқа бағамен сатылатыны, мысалы, 50% жеңілдікпен сатылатын заттардың айтылған бағаға сай келмейтіні, кей заттардың мемлекеттік тілде ақпараты болмауы сынды мәселелер жетерлік. Айталық, Корея өнімі Қазақстандағы дүкенінен сатылады. Бірақ қазақшасы жоқ.

Бұлардан бөлек, қызмет ақысына қатысты да дау көп. Тоңазытқыш жөндейтін болып ақшасын алады, бірақ әлі күнге істемеген. Оның арты полицияға, сотқа шағымданып жүрі керек. Соған ерініп, «сіздер шешіп беріңіздерші» деп бізге келеді. Біз жолын көрсетеміз, бірақ сонда да «неге шешіп бермейсіздер» деп жатады. Бұл жерде халық әлі жауапкершілікті мойнына алып үйренбеген сияқты. Мәселесінің шешілетініне де сенімі аз.

- Дүкеннен сатып алынған затты 14 күн ішінде қайтарып беруді бәрі біледі. Ал базардан алынған затты қайтеді?

Алдымен, дүкеннен алынған затты қайтаруға болады. Кейде акциямен сатылған зат қайтарылмайды деп жатады сатушылар. Бірақ заңда ондай жазылмаған. Акция ма, акция емес пе – қарамайды. Тағы бір қызығы, техникасын жөндетуге береді. Ал оның керекті бөлшегі жоқ, алыс жерден алдыру керек. Оны күтіп отырайын десе, кепілдік мерзімі бітіп барады. Нәтижесінде жөндеп береді, бірақ кепілдік мерзімі өтіп кетті деп, ақша талап етеді. Бұл жағдайда тұтынушының құқығы бұзылып отыр, сервис орталығының әрекеті дұрыс емес.

Базардан алынған заттың бәрінде түбіртек берілмейді. Оны халықтың өзі талап етіп тұруы керек. Сауаттылықтың бір көрсеткіші сол, талап ету.

- Осыдан 5-10 жыл бұрынғы жағдаймен салыстырғанда халықтың құқықтық сауатының артқаны байқала ма?

Жоқ, меніңше бірқалыпты тұрған сияқты. Екінші жағынан, халықты алдайтындар көбейіп кетті. Әлеуметтік желілер арқылы, интернет арқылы алдайтындар көп.

- Интернет-саудададан зардап шеккендермен, кеңес алатындармен жұмыс жалпы жұмыстарыңыздың қанша пайызын алады?

Жалпы жұмыстың 50%-ына жуығы сол интернет-саудамен байланысты. Тіпті, сол шетелдік дүкендерден алынған заттар тапсырыс бергенде басқа, алғанда басқа болып шығып жатады. Кореяның өзі нағыз өнімнің орнына қолдан жасалған түрлерін салып жіберетін болған. Оған ортадағы дистрибьютор да жауап бере алмайды. Сондықтан оның түбіне жету мүмкін емес.

- Жұмыс қашан қорытындыланады?

Қарашада қорытынды жиын өткіземіз. Ұсыныстың бәрін жинап, қалалық департаментке береміз. Әрі қарай заңға өзгеріс енгізу керек пе, әлде жергілікті деңгейде шешетін құжат бола ма, министрлік деңгейіне дейін апаратын шаруа бола ма – сол департамент шешеді әрі қарай. Дегенмен біз интернет-дүкендерге қатысты ұсыныс береміз. Себебі, халық алданады. Ал оны шешетін жолы жоқ. Мұны қарастыру керек.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама