Орталық Азиядағы ең үлкен қауымдастық басшысы бір де бір жұмыс тобына шақырылмайды
Қазақстандық блокчейн-технологиялар және жасанды интеллект қауымдастығының басқарма төрағасы Дәурен Қарашев «мемлекеттік бақылау мен статистика, халықты қорғау жүйесін жетілдіру, деректерді басқару, заңды тұлғаларды тіркеу және артық заңнамалық регламенттеуді болғызбау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға енгізілген цифрлық активтердің анықтамасы туралы түзетуге түбегейлі қарсы екенін мәлімдеді. Оның сөзінше, осының кесірінен елде қаражат жымқыру жағдайы ушығып кетуі мүмкін. Бұл туралы Halyq Uni ютуб-арнасына берген сұхбатында айтты.
Оның пікірінше, негізі әу бастан ел аумағында қамтамасыз етілген де, етілмеген де цифрлық активтер саудасын тыйып, оны АХҚО құзырына беру керек еді. АХҚО-дағы реттеуші орган әрбір криптобиржаның тиісті қызметкерлерінің болғанын талап етіп әрі олардың біліктілігін тексереді. Бұл жағынан инфрақұрылымы қалыптасқан. Ал Цифрлық даму министрлігінде ондай жоқ. Бүгінге дейін бір де бір қамтамасыз етілген цифрлық актив министрліктен рұқсат ала алмаған.
Аталған заңдағы түзету бойынша, цифрлық актив қамтамасыз етілген цифрлық активтің анықтамасына сай келмесе, бәрі автоматты түрде қамтамасыз етілмеген цифрлық актив болып кетеді. Цифрлық активтерді әуелде «Ақпараттандыру туралы» заң реттеп отырған кезде USDT толығымен қамтамасыз етілген цифрлық актив санатына сай келетін еді. Кейін сол заң аясында қосымша анықтамалар енгізілді. Сөйтіп, онда жалғыз сай келмейтін тұсы – ел аумағында шығарылмағаны болып қалды.
Ел аумағында шығару туралы шешім дегені менің түсінігімде, USDT-ді шығаратын Tether Қазақстанға келіп, осында ЖШС ашып, банкке біршама резервін қою керек. Енді Tether осылай істеді деп есептейік. Сөйтіп, USDT қамтамасыз етілген актив болып шыға келеді. Соған сай 2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап USDT әмиянын өзара саудаласа береміз. Бұл заңсыз болып саналмайды. Жаман пиғылы бар шенеуніктер де осылай істей алады. Қомақты қаражат жымқыру үшін осындай цифрлық актив сататын адамды тауып, одан сатып алады. Ол әмиянда иесінің аты-жөні жазылмайды. Бұл сауда заңды болып есептеле береді. Мұндай жағдайда Қазақстанда қаражат жылыстату көрсеткіші күрт өсіп кетеді, – дейді Дәурен Қарашев.
Демек, бұл норманы жазғанда одан келетін салдарын есептемеген, «Tether бәрібір Қазақстанға келмейді ғой» деген сеніммен жазғандай әсер қалдырады. Егер келіп қалса, бұл норманы қайтадан өзгертуге тура келетінін айтады.
Менің таң қалатыным, 6 айдай болды, мені бір де бір жұмыс тобына қоспайды. Біздің қауымдастық Орталық Азиядағы ең үлкен қауымдастық. «Цифрлық активтер туралы» заң жобасын жазуға толықтай, тікелей атсалыстым, оны ешкім жоққа шығармайды. Енді осы нормаға келгенде бір де бір жерге шақырмайды. Тек заң жобалары туралы әр жерден естіп, солардан сұрап алуға мәжбүрмін. Мысалы, сол депутат енгізген түзету туралы да тек екінші оқылымға кетіп бара жатқанда бір-ақ білдім, – дейді ол.