Ол жеке тұлғалардың лицензиялы биржаларға неге келмейтінін айтып берді
Әлемдік биржалар нарықтағы жеке тұлғалардың басым бөлігін өздеріне тартып алған. Қазақстандық криптобиржалардың комиссия ақысы тиімді. Әлемдік биржаларда ол қымбаттау. Өкініштісі, ол жайында көпшілік біле бермейді, танымал биржалармен шектеліп қалады. Бұл туралы CaspianEx криптобиржасының өкілі Жалғас Болат Halyq Uni ютуб-арнасына берген сұхбатында айтты.
Оның сөзінше, лицензияланбаған биржаларда верификация өтіп, жеке тұлғасын анықтаудың қажеті жоқ. Криптоактивтер де, криптоәмияндар да анонимді. Ал қазақстандық биржаларда қандай да бір токеннің кімге тиесілі екені анық көрініп тұрады. Ешқандай анонимділік болмайды. Сол арқылы кірістің бәрі таза болып шығады.
Ал тым үлкен көлеңкелі қаражат айналымы туралы айтып отырсақ, ол сол әлемдік биржаларда жүріп жатады. Өйткені, қазақстандық биржаларда біз ондайды өткізбейміз, өткізе алмаймыз да. Сол тұрғыдан алғанда, әлемдік криптобиржалар жеке тұлғаларға бәлкім әлдеқайда тартымды болып келетін шығар, – дейді Жалғас Болат.
Оның пайымынша, қылмыстық ойы бар адам әлбетте, жеке тұлғасы анықталатын жерге бармайды. Себебі, лицензиялы биржалар оламен іскерлік келісім ортану барысында-ақ тұтынушының жеке тұлғасын анықтап қояды.
Ал Қазақстандық блокчейн-технологиялар және жасанды интеллект қауымдастығының басқарма төрағасы Дәурен Қарашевтің айтуынша, жеке тұлғалардың басым бөлігінің әлемдік криптобиржаларда шоғырланып қалуы – ол орасан қаражат. Сол қаражатты өзімізде, қазақстандық криптобиржаларда айналдыруға, сосын олардан біраз салық алуға болар еді.
Мәселен, кейбіреу әлемдік сауда алаңдарында пайда тауып, өз еркімен салық төлейді. Бірақ оларға заңсыз жерде жұмыс істегені үшін деп айып тағылып жатыр. Өйткені, табысын жасырып, ақша жылыстату туралы ойы болуы мүмкін деген күдік туады. Ал лицензия алған биржалармен жұмыс істейтін банктер әрбір транзакциядан комиссиясын ұстар еді, ол қаншама адамға жалақы болар еді, – дейді ол.
Айта кетейік, АХҚО-ның ресми дерегі бойынша еліміздің криптонарығындағы қаражат айналымы 240 млн доллар. Ал әлемдік Chainalysis зерттеу ұйымының мәліметінше, Қазақстан криптонарығындағы қаражат айналымы 4,1 млрд долларды құрайды.