«Шикі» тұстар көп – ҰОК-тан шығарылған бас хатшы Головкинге өкпелі ме?
Кем дегенде біреу ер жігітке тән әрекет жасауы керек қой, - деп жазды Өтешева
«Сенімді жоғалтты» деген айыппен жұмысынан босатылған Қазақстан ҰОК бас хатшысы Жанар Өтешева осы жайтқа қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Halyq Uni.
Оның айтуынша, ҰОК жариялаған ресми мәлімдемеде шикі тұстар көп. Экс-бас хатшының Геннадий Головкинге де өкпесі қара қазандай болып көрінді.
«Сенімді жоғалтпаған» достардан келген қоңыраулар легінде шек жоқ. Менде бәрі жақсы, бәріне көп рахмет! Ақпаратқа қатысты тек бір нәрсе айта аламын. Сіздерге ұсынылған нұсқада «шикі» тұстар көп. Олардың орны уақыт өте келе толатын болар. Оған дейін ешқандай пікір білдіре алмаймын. Кем дегенде біреу ер жігітке тән әрекет жасауы керек қой, - деп жазды Өтешева Instagram-дағы парақшасына.
Талай жыл шаршы алаңда жүргенде баспасөз хатшысы да болған ол бұрынғы бастығының парақшасына жазылушылар қатарынан да шығып кетіпті.
Еске сала кетсек, биыл ақпан айында миллиардер Тимур Құлыбаев ҰОК тізгінін кәсіпқой бокстан әлем чемпионы болған Геннадий Головкинге табыстаған еді. ҰОК ассамблеясында Головкинмен жұмыс істейтін команда да жасақталды. Сол кезде комитеттің бас хатшысы болып Жанар Өтешова тағайындалған болатын. Алайда Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитеті президентінің соңғы бұйрығына сәйкес, бас хатшыға сенімхат арқылы берілген өкілеттіктер ресми түрде қайтарылып алынды. Осыған байланысты, келесі бас Ассамблея отырысында Жанна Өтешеваны атқарушы комитет құрамынан шығару мәселесі қаралады. Бұл шешім оның «сенімнен кетуіне байланысты» қабылданған.