«Жекеменшік немесе мемлекеттік». Экс-министр университет таңдауда неге мән беру керектігін айтты
Депутат талапкерлер мен олардың ата-аналарына кеңес берді
Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов қазір грант иегерлері мен ақылы негізде оқуға түсетін талапкерлер үшін өзекті саналатын университет таңдау мәселесінде бірқатар кеңес берді, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.
Экс-министр қазір ЖОО өздерін жарнамалау үшін барын салып жатқанын, кейбіреулер жалған ақпарат тарататынын, осыған байланысты таңдау жасау үшін нақты бағдар қажеттігін жазды.
Көптеген рейтингтер, өкінішке қарай, университеттің шынайы сапасы мен деңгейін әрдайым растай бермейді. Кейде университеттер «біз белгілі бір мамандық бойынша рейтингте екінші немесе бірінші орында тұрмыз» деп шындыққа сәйкес келмейтін ақпарат береді, бірақ сол рейтингте небәрі екі қатысушы ғана болғанын көрсетпейді. Сондықтан рейтингтер бойынша ақпаратқа сыни тұрғыдан қарау керек. Қазір аккредитациялармен біреуді таңғалдыру қиын. Тіпті заң бойынша барлық университеттер аккредитацияға ие болуы керек. Бұл жерде басты мәселе — қандай аккредитация? Аккредитациялар арасындағы айырмашылық үлкен. Осы маңызды көрсеткішті талдап қарасаңыздар, көп нәрсе түсінікті болады, – деді Асхат Аймағамбетов.
Сондай-ақ депутат университеттің беделі мен оны жұмыс берушілердің мойындауы маңызды екенін айтты.
Deloitte, KPMG, ТШО, банктер, Ritz, Rixos қонақүйлер желілері, ірі IT және басқа да жетекші компаниялар қай университеттердің түлектерін қуана қабылдайтынын біліңіз. Сондай-ақ, бірінші курстан бастап диплом алғанға дейінгі студенттердің пайызы 80-90%-дан аз болатын университеттерге назар аударыңыз. Бұл университеттердің сапаға баса назар аударып, үлгерімі төмен студенттерді оқудан шығаратынын білдіреді. Ал қай университеттер басқа оқу орындарынан шығарылған студенттерді «қабылдайды»? Қандай университеттер ірі жұмыс берушілер мен халықаралық компаниялармен тәжірибеден өту туралы келісімдерге ие? Осы және басқа да критерийлер бойынша талдай бастаған кезде, таңдау анық болады, – деді ол.
Депутаттың айтуынша, филиалдар бойынша ақпарат көп. Біршама университеттер қазір шетелдік бағдарламалармен қызықтыруға тырысатын көрінеді. Егер сөз университет филиалы туралы болса, мысалы, МГУ филиалы (2001 жылдан бастап жұмыс істейді), De Montfort (2021 жылдан бастап), МАИ «Восход», Coventry (2024 жылдан бастап), онда оларды қарастыруға болады, себебі олар отандық заңнамаға сәйкес толыққанды филиал болып жұмыс істейді және толық шетелдік білім береді.
Бірақ оларды екі дипломдық бағдарламалардан ажырата білу керек, олардың саны өте көп. Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті мен Аризона университеті (2021 жылы аштық) — бұл әзірше екі дипломдық бағдарлама немесе ҚазҰПУ жанындағы Сорбонна-Казахстан институты (2014 жылдан бері жұмыс істеп келеді) — ол да іс жүзінде екі дипломдық бағдарлама. Дәл сол сияқты басқа да көптеген бағдарламалар қоғамда филиал ретінде қабылдануда. Жалпы, екі дипломдық бағдарламалар бізде әрдайым көп болатын (бірнеше жүз екі дипломды бағдарлама болатын), қазір де олар белсенді ашылуда және олар қызықты бағдарламаларды нарыққа ұсынуда. Бұл маңызды бастама. Бірақ мұнда филиалдар мен екі дипломдық бағдарламалардың арасындағы айырмашылықты көру және ажырата білу қажет, – деп жазды Асхат Аймағамбетов.
Сонымен қатар, экс-министр кейбіреулер үшін әлеуметтік игіліктер де маңызды, сондықтан жатақхана орындарының бар-жоғы, ыстық тамақтың бар-жоғы, студенттік бастамаларды қолдау сияқты мәселелерді де бірден сұрастыруға болатынын жеткізді.
Айтпақшы, «жекеменшік немесе мемлекеттік университеттер» дилеммасы қазірдің өзінде өзекті емес. Біріншіден, әлсіз университеттердің көпшілігі жабылды. Екіншіден, көптеген жекеменшік университеттер сапалы білім береді. Кез келген университеттің дипломы болу жеткілікті болған кездер артта қалуда. Қазіргі кезде жұмыс беруші үшін қай университетті бітіргеніңіз және қандай білім алғаныңыз маңызды. Бұл тренд тек күшейе береді, – деп түйіндеді Асхат Аймағамбетов.