×

Дін – қоғамнан емес, өкіметтен бөлінген

Бастауыш сыныптарда оқитын қыздарын тұмшалап жүргендер – деструктивті діни ағымның өкілдері

 Дастан Жұмабекұлы 09.06.2022 | 14:04
коллаж: Halyq Uni

Kazislam.kz порталының бас редакторы Ескендір Зұлқарнай соңғы күндері халық арасында дауға айналған орамал тағуы мәселесіне қатысты ойын айтты.

Бірінші мәселе, - деп бастады белгілі журналист мақаласын, - көп адам мектеп жасындағы қыздардың орамал тағып сабаққа баруына қарсылық білдіріп, «біз – зайырлы елміз» дегенді алға тартып жатыр. Ең алдымен «зайырлы ел» не екенін біліп алған дұрыс.

Одан әрі ол ойын мақаласында былайша жеткізді. Соны назарларыңызға ұсынамыз.

Зайырлылық дегенді «дін мемлекеттен бөлінген» деп бір ауыз сөзбен түсіндіріп жүрміз. Негізі, бұл Батыстан енген анықтама. Орысша «религия отделена от государства», дейді. Оларда осылай айтса түсінікті. Ал бізде түсінбеушілік туындап жатыр.

Өйткені, қазақ тілінде мемлекет дегеніміз – тұтас ел, Қазақстан.

Сонда «дін мемлекеттен бөлінген» дегенді көп адам Қазақстан бір бөлек, дін бір бөлек деп, екеуін бір-бірінен ажыратуға тырысуда. Дінді қоғамнан шығарып тастағысы келеді. Шын мәнінде олай емес.

Негізі қазақ тілінде «дін – мемлекеттен емес, өкіметтен бөлінген» деп айтса түсініктірек болады. Үкімет емес, өкімет. Үкімет – атқарушы орган. Ал өкімет – билік деген сөз, яғни Президенттен бастап, Премьер-министр, сот, Парламент, бәрі кіреді. Дін осы басқарушы құрылымдарға, олардың жұмысы мен заңдарына араласпайды деген сөз. Зайырлы мемлекет дегеніміз осы.

Ал зайырлы елде дін қоғамнан аластатылмайды, керісінше дін ұстануға толық еркіндік беріледі және ешкімнің діни ұстанымы кемсітілмейді.

Енді сұрақ: мектеп өкіметке жата ма, жоқ па? Әрине, жатпайды. Мектеп – дініне, ұлтына қарамастан барлық адамға есігі ашық білім беру мекемесі. Яғни «дін мемлекеттен (өкіметтен) бөлінген» деген қағиданың да, зайырлы мемлекеттің де мектепке ешбір қатысы жоқ!

Орамал таққан қыз бала аурухана барып емделе алатыны, Халыққа қызмет көрсету орталығына барып, қызмет ала алатыны, мейрамханаға барып, тамақ іше алатыны сияқты мектепте де білім алуға толық қақылы. Оған қарсы шығу – оның конституциялық құқығына қол сұғу деген сөз.

Екінші мәселе, балиғат жасына толмаған қыздарды тұмшалау.

Ислам талабы бойынша қыз бала балиғат жасына толғаннан бастап қана жабық киім киюі тиіс. Ал бастауыш сыныптарда оқитын қыздарын тұмшалап жүргендер – деструктивті діни ағымның өкілдері. Өзім көріп жүрген жайт, тіпті мешітте істейтін имам-молдалардың кішкентай қыздары хиджаб кимейді! Өйткені, бүлдіршін қызға ол парыз емес! Қыздың балиғат жасы – 12-14 жас шамасы. Яғни, 7-8 сыныптар. Осы кезде ғана денесін жауып жүру міндет. Онда да өзінің қалауы ескерілуі керек деп ойлаймын.

Сондықтан бұл жерде проблема хиджабта емес, сол хиджабты бастауыш сыныптарда оқитын қыздарына кигізіп, тұмшалап қойған теріс ағымдағы ата-анада. Солармен түсіндіру жұмысын жүргізу керек.

Үшінші мәселе, біз мына төмендегі нәрсені мойындамай, хиджаб дауы мәңгілік бола береді!

Біріншіден, «хиджаб» деген сөз бұрын қазақ тілінде жоқ еді. Бірақ, соңғы уақытта еніп кетті. Бұл сөзді қолданбай-ақ, жай «орамал», «шариғат шәлісі» десек те болады.

Жалпы, қалай атасақ та, сол киім балиғат жасына толған қыздың денесін қаншалықты жауып тұратын болса, соншалықты жабық киіну – шариғатта парыз! Қандай киім кисе де. Ол – исламның бөлінбес бөлшегі. Оған мың жерден тыйым салсаң да, жамандап жоққа шығарсаң да, оның бәрі уақытша нәрсе. Ислам бар кезде жабық киіну де ешқашан күн тәртібінен түспейді. Біз осыны мойындамасақ және өгізді де өлтірмейтін, арбаны да сындырмайтын шешімін таппасақ, хиджаб дауы мәңгілік бітпейді.

Кеңес өкіметі исламға түгелдей тыйым салып, имам-молдаларды қудалап, мешіттерді қирату арқылы ғана хиджабтан да, намаздан да, оразадан да – бәрінен бір-ақ «құтылды». Ол кезде «проблеманы» осылай шешті. Ал қазір заман басқа. Ислам қоғамда бар кезде оның бөлінбес бөлшектері – намаз, ораза, зекет, қажылық, жабық киіну (хиджаб болсын, басқа киім болсын) бірге жүреді.

Сондықтан мектептегі хиджаб мәселесін шешу үшін бірыңғай мектеп формасын бекіткенде шариғат талабы ескерілуі керек деп ойлаймын. Ұзын етек кигісі келетіндер үшін етегі ұзын, денені жабатын мектеп формасы да қарастырылса дұрыс болар еді.

Төртінші мәселе, біздің аналарымыздың заманындағы суреттерге қарасаң, мектепте бәрі орамал тартқанын көресің. Атеистік Кеңес одағында! Дінге түбегейлі тыйым салынған құдайсыз елде мектеп жасындағы қыздар орамал тағады да, дінге толық еркіндік берілген зайырлы Қазақстанда оған қарсы шығып жатырмыз. Парадокс!

Бесінші айтарым, өткенде мектеп бітіріп жатқан бір жігіттің видеосы тарады ғой. Тырнағы сояудай, жезтырнақ. Сол туралы біздің «ұлтжанды», «халыққа жанашыр» аға-інілеріміз көп ауыз ашпап еді. Енді орамал дегенде бәрі өре түрегеліп, зайырлы ел екеніміз естеріне түсіп кетіп жатыр... Қызық расында...

Серіктес жаңалықтары

Сараптама