«Таныстыққа ашықпын»: Назым Қызайбай «жүрегі бос» екенін айтты
«Қазаққа ғана шығамын» немесе «қазаққа шықпаймын» деген нәрсе жоқ, - дейді ол
Париж Олимпиадасында қола жүлде иеленген боксшы қыз Назым Қызайбай Sport+ Qazaqstan арнасына берген сұхбатында жеке өміріне қатысты айтты, деп хабарлайды Halyq Uni.
Айтуынша, ол болашақ күйеуінің несие алып, қарызданып той жасауына қарсы. Ал өзі жігіттің дүниесіне қарамай, тек бақытты отбасы болуға көбірек мән береді екен.
Жүрегім бос, өз адамымды әлі кездестірмедім. Жақсы жігіттер көп, бірақ арамызда химия болатындай адамды жолықтырмадым. Әлеуметтік желіде танысқысы келіп жазатындар көп. Бірақ бәріне жауап бере бермеймін. Өткенде анама «өзге ұлт өкіліне күйеуге шықсам» деген едім. «Қазақ табылмады ма?» деп қарсы болды. Намысы оянып кетті ме, ол жағын білмеймін. Жақсы көретін адам болса, кімге көңілің түсетінін білмейсің ғой. «Қазаққа ғана шығамын» немесе «қазаққа шықпаймын» деген нәрсе жоқ. Бұйырғаны болады, – деді Назым Қызайбай.
Сондай-ақ боксшы болашақ жарының бойынан табылуға тиіс қасиеттерге тоқталып өтті.
Ең бірінші мінезі жақсы, сыйлайтын адам болуы қажет. Кейбіреуі басында сыйлап, кейін жақынырақ араласқанда қарым-қатынасы өзгеріп кетеді. Маған «спортты тастап, күйеуге шық» деп бұйыратындар бар. Бәрі уақытымен болады. Қай уақытта пешенеңе жазылса, сол уақытта күйеуге шығасың. Қазір ол жағын ойлап жатқан жоқпын. Демалып жатырмын. Жалпы таныстыққа ашықпын, – деді Олимпиада жүлдегері.