Halyq Uni логотип
×

Жазушы Ұлттық құрылтайға ұсынысын айтты

Қазақ кеңесі құрылсын!

 Дастан Жұмабекұлы 09.06.2022 | 12:06
Жазушы Ұлттық құрылтайға ұсынысын айтты
коллаж: Halyq Uni

Жазушы-публицист Марат Бәйділдаұлы (Тоқашбаев) Ұлытау облысында болатын Ұлттық қүрылтайға қатысты ұсыныстарын жариялады.

Ол бүгінгі таңда қазақ мемлекеттілігі мен қоғам үшін ең қажеттісі ұлттық идеология болып отырғанын, сондықтан түрлі ұлт диаспораларының мемлекет құраушы қазақ халқының (ресми дерек бойынша 70,18 пайыз) төңірегіне шоғырлануын, топтасуын қамтамасыз ететін, ортақ Отанымызды гүлдендіруге бағытталған, адами құндылықтарды нысана тұтқан Ұлттық идеология жасалып, ел өмірінің басты қағидаларына айналуға тиіс екенін атап өтті.

Бұл бірінші ұсынысым, - деді ол.

Одан әрі ол еліміз тәуелсіздігінің отыз жылында мемлекеттің дамуы мен тежелуін, орын алған қателіктерді сараптау, Н.Назарбаев орнатқан авторитарлық жүйеге саяси баға берілуге тиіс екенін, Н.Назарбаевтың билігі тұсында өзі мен оның отбасының, сыбайластарының рейдерлік, қулық-сұмдық, алаяқтық жолымен тапқан байлығы тәуелсіз сот арқылы заңсыз деп танылып, дереу национализациялану керектігін айтты.

Жазушы тіл мәселесіне қатысты ұсыныстарын да ортаға салды.

Мемлекеттік тіл саясатында мемлекеттік тілді білмейтіндер мемлекеттік қызметке алынбайды. Мемлекеттік тілді білмейтіндер белгіленілген екі жылдың ішінде мемлекеттік тілді үйренбесе мемлекеттік қызметтен шеттетіледі.

Қазақстан Президенті, Премьер-министр, министрлер, Парламент спикерлері, түрлі ресми құрылымдардың жетекшілері, облыс, аудан басшылары барлық жиындарды тек мемлекеттік тілде өткізуге міндетті. Басқа тілдерді қосарлап пайдалануға жол берілмейді, - деді Марат Байділдаұлы.

Сонымен бірге ол Қазақстан Республикасы аумағында кешіктірілмей отарсыздандыру (деколонизация), советсіздендіру (десоветизация) және люстрациялық үдерістер жүргізілу туралы айтып, бұл мәселе көп кешікпей шешілу керектігін ескертті.

Сол сияқты отаршылдық тұсынан және советтік кезеңнен қалған жер-су атаулары түгелдей өзгертілуді ұсынып, бұл ең алдымен тарих, оқулық, ономастика салаларын қамтитынын айтты.

Тарих туралы айтқанда ол тағы бір ұсынысы ретінде аумақтық және кешегі хандық билік тұрғысынан Қазақстан өзін Алтын Орда мемлекетінің құқықтық мұрагері етіп жариялауды ұсынды.

Осы ресми жария етілуге тиіс, - деді ол.

Одан кейін ол Қазақстанда отаршылдық кезең (1731-1917 жылдары) мен советтік кезеңнің (1917-1991 жылдары) саясаты мен мұраларын насихаттауға, советтік символиканы пайдалануға тыйым салынуды ұсынды.

Осы ретте, жазушы-публицист Желтоқсан көтерілісін тілге тиек етіп, 1986 жылғы отаршылдық жүйеге қарсы бас көтерулер Желтоқсан көтерілісі деп танылатынын, оған тарихи тұрғыдан ресми баға берілу керектігін, Желтоқсан көтерілісіне қатысушыларға арнайы заңмен жеңілдіктер қарастыру туралы ұсыныстарын айтты. Сол сияқты Жаңаөзен мен Қаңтар оқиғасына қатысты пікір білдірді.

Жаңаөзен қырғыны өз алдына жеке тергеледі. Оқ атуға бұйрық бергендер мен оны орындағандар заң алдында жауап береді. Оларға қылмыстың мерзімі өткендік қағидасы қолданылмайды.

Қазақ халқының 2022 жылғы Қаңтардағы ұлт-азаттық көтерілісі ресми мойындалып, жазықсыз құрбан болғандардың бәріне өтемақы төленеді.

Сондай-ақ күні бүгінге дейін азаптауларға ұшырап түрмелерде жатқан азаматтар босатылуға тиіс!, - деді Марат Байділдаұлы.

Сөз соңында ол Ұлытауда өтетін Ұлттық құрылтайда қазақ халқының мүддесін басшылыққа алатын, құқықтық тұрғыдан Қазақстан халқы Ассамблеясымен теңестірілген, тұрақты түрде жұмыс істейтін Қазақ ұлттық кеңесі құрылсын деген талабын айтты.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама