10 түрлі грант бар: Экс-министр оқуға түсе алмаған талапкерлерге кеңес берді
Білім грантын тек мемлекет қана бөлмейді, жекеменшік сектордың гранттары бар
Қазақстанның бұрынғы білім министрі Асхат Аймағамбетов мемлекеттік грантты ала алмаған талапкерлерге жоғарғы оқу орындарында қалай тегін оқуға болатынын айтты. Оның айтуынша, талапкерлерге білім грантына ие болуға әлі 10 мүмкіндік бар, деп хабарлайды Halyq Uni.
Грант алмаған жағдайда не істеу керек?» деген жазбамнан кейін, әлеуметтік желілер арқылы бірнеше мың сұрақтар мен өтініштер келіп түсті. Негізгі сұрақтарға жауап берейін. ЖОО-лардың ішкі гранттары немесе «ректорлық» гранттар бойынша.Бұл гранттар, әдетте, стипендияны қамтымайды, тек тегін оқуға құқық береді. Олар конкурс негізінде және университеттердің сайттарында көрсетілген нақты критерийлер бойынша бөлінеді. Университеттер мұндай гранттарды көптеп бере алмайды, өйткені бұл университеттің бюджетіне қосымша жүктеме болып, оқытушылардың жалақысын көтеру немесе құрал-жабдықтар/зертханалар сатып алу мүмкіндігін азайтады, – деп жазды ол.
Экс-министр бірінші семестрдің қорытындысы бойынша бос білім гранттары болатынын еске салды. Оның айтуынша, әр семестрден кейін мемлекеттік гранттар босайды: студенттер оқу үлгерімі бойынша оқудан шығарылады немесе гранттан бас тартады. Бұл гранттар әр семестрдің соңында ішкі конкурс нәтижелері бойынша ақылы бөлімде оқитын студенттерге тағайындалады. Сондықтан талапкерлерді GPA көрсеткіштері мен басқа да критерийлерге назар аударуға шақырды. Себебі студенттің үлгерімі мен белсенділігі қаншалықты жоғары болса, бос грант алу мүмкіндігі де соншалықты артады.
Игерілмеген немесе «бас тартылған» гранттар туралы. Тамызда гранттарды тағайындау нәтижелері жарияланғаннан кейін белгілі бір бөлігі игерілмей қалады (негізінен «Серпіннің» гранттары), ал тағы бір бөлігі студенттердің өздерінің бас тартуына байланысты бос қалады (негізінен бұл студенттердің 2, 3, 4-ші таңдаулары бойынша жеңіп алынған гранттары). Бұл гранттар әдетте қыркүйек айында қайта бөлінеді. Бірақ мынаны түсіну керек: Министрлік гранттарды өз қалауымен немесе «кімге жетпеді» деген принцип бойынша емес, еңбек нарығының қажеттілігі мен жиналған баллдарға сүйене отырып бөлуі тиіс. Демек, бұл гранттарды квоталарға байланысты грант ала алмағандарға ғана қайта бөлуге болмайды. Сондықтан басқа мүмкіндіктерді де қарастырған жөн, – деді ол.
Бұған қоса, облыс әкімдіктерінің гранттары барын атап өтті. Әкімдіктерде гранттарды бөлу және тағайындау ережелері нақты белгіленген. Әкімдіктер белгілі бір облыстың кадр қажеттіліктеріне баса назар аударады және оқу аяқталғаннан кейін осы аймақта міндетті түрде жұмыс істеу шартын қояды.Сонымен қатар әртүрлі коммерциялық ұйымдардың гранттары бар. Депутат бұл гранттарды ең алдымен, осы мекемені білікті кадрлармен қамтамасыз етуге бағытталатынын айтты. Олар компаниялардың ішкі іріктеу ережелері бойынша беріледі. Гранттарды іріктеу және тағайындау ережелері туралы ақпаратты жекелеген компаниялардың сайттарынан білуге болады.
Әлеуметтік жағынан аз қамтылған санаттағы азаматтар үшін оқу ақысын төмендету бойынша жеңілдіктер алу мүмкіндіктері туралы. Университеттер өз деңгейлерінде түрлі жеңілдіктерді ұсына алады, бірақ бұл шешімдер қатаң реттеліп, коллегиалды түрде қабылданады. Тікелей университеттерден ақпарат сұрау керек. Сондай-ақ мемлекетаралық келісімдер аясында шетелдік мемлекеттерден бөлінетін гранттар туралы. Олардың саны өте көп. Ақпаратты «Болашақ» сайтынан табуға болады: bolashak.gov.kz. Бұл гранттар оқу және/немесе тұру шығындарын қамтуы мүмкін. Мысалы, гранттарды Венгрия, Түркия (250 орын), Қытай (155 орын), Оңтүстік Корея, Польша тб. береді. Гранттар сондай-ақ ТМД елдерінің кейбір елдерінен де беріледі, – деді депутат.
Бұдан бөлек «Қазақстан халқына» қорының білім гранттары бар. Бұл гранттар 29 жасқа дейінгі тұлғаларға, яғни жетім балалар, аз қамтылғандар, ерекше қажеттіліктері бар тұлғалар және т.б. алты жеңілдік санатының біріне жататын тұлғаларға қолжетімді. Депутат талапкерлерге қордың аталған гранттарын мүмкіндік ретінде қарастыруға кеңес берді.
Кадрларды даярлауға 1% шеңберінде жер қойнауын пайдаланушылар бөлетін гранттар да бар. Олар гранттарды тұрақты түрде береді, бірақ, өкінішке қарай, бұл процедура жиі ашық емес және сыбайлас жемқорлыққа бейім болады. Ақпаратты олардың сайттарынан табуға болады. Шынтуайында гранттардың негізгі бөлігі бөлініп болды. Ал әлі де бөлінетін гранттар бойынша (олар көп емес) қатаң тағайындау ережелері бар. Сондықтан грант алмағандардың барлығына да грант беріледі деп үміттенудің қажеті жоқ. Айтпақшы, гранттарды тағайындау ережелерін мына жерден көруге болады, – деп қорытындылады Асхат Аймағамбетов.
Еске салсақ, Мәжілістегі Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрағасы, депутат Асхат Аймағамбетов бұған дейін білім грантына ие бола алмаған талапкерлерге кеңес берген болатын.