Аралды суға толтырмақ болған жаңбыршы Леонардо Ди Каприодан көмек сұрады (ВИДЕО)
Арал теңізі мен Гималай халқы біздің көмегімізге мұқтаж, – дейді ол
Арал теңізі мәселесін көтеріп жүрген, «жаңбыршы» лақап атымен танылған Алтай Айнабек америкалық актер Леонардо Ди Каприодан көмек сұрады, деп хабарлайды Halyq Uni stan.kz-ке сілтеме жасап.
Алтай Айнабек Аралда экологиялық апаттан күн сайын зардап шегіп жатқандардың атынан сөйлеп отырғанын айтты. Сондай-ақ ол бір кездері үлкен теңіз болған жердің қалдықтары арасында өмір сүріп жатқанын жеткізді.
Құрметті Леонардо Ди Каприо және барша асыл жандар! Тыныс алған кезде тұздың ащы иісі келетін әлемде өмір сүріп жатқаныңызды елестетіп көріңіз. Бір кездері нәр берген жер қазір тозаңға айналған. Бұл – Орталық Азиядағы миллиондаған адамдар үшін ащы шындық. Арал теңізінің құрғаған табанынан шыққан тұзды жел тасып, алыс-жақын маңға тарап, топырақты, суды, ауаны уландырып жатыр, – деді Алтай Айнабек.
Сондай-ақ ол мұнымен мәселе бітпейтінін, Аралдың түбінен жел арқылы ұшқан тұз «Азияның су мұнаралары» болған құдыретті Гималайға жететінін айтты.
Тұз ғасырлар бойы миллиардтаған адамды қолдап келген мұздықтардың, өмір беретін мұз массаларының еруін тездетеді. Мұздықтар еріп жатқанда оның әсері әлдеқайда алыс жерде сезіліп, адамдарға, өсімдіктерге, ауыл шаруашылығына және бүкіл экожүйеге әсер етеді. Бұл тұз – үнсіз күш. Жерді ғана емес, осы аймақтағы тіршіліктің мәнін жеп жатыр. Оның салдарынан мұздықтар жылдам қарқынмен еріп, табиғаттың тепе-теңдігін бұзып, келешек ұрпақтың болашағына қауіп төндіреді, – дейді жаңбыршы.
Алтай Айнабектің айтуынша, бұл мәселелерді шешуге мүмкіндік бар.
International Center of Climate Change Technologies компаниясы, жаңбырды жақсартудың инновациялық технологиялары арқылы апаттарды жоюға тырысамыз. Біз жаңбырды қайтару, ауаны тазарту, жерді қалпына келтіру және мұздықтарды осы сусымалы қауіптен қорғау үшін жұмыс істеп жатырмыз. Климаттың өзгеруі салдарын азайту үшін күресуге арналған барлық асыл жандарды осы маңызды миссияға қосылуға шақырамын. Арал теңізі мен Гималай халқы біздің көмегімізге мұқтаж, – дейді ол.
Сондай-ақ жаңбыршы Аралдағы өмірді қалпына келтіру үшін бүкіл халық бірігіп жұмыс істеуі керектігін айтты.
Еске сала кетсек, бұған дейін Ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов жасанды жаңбыр технологиясын жасаған Алтай Айнабектің жобасына қолдау көрсетпейтінін алға тартқан еді. Ал жаңбыршының Леонардо Ди Каприоға жүгінетін себебі, америкалық актер Instagram-дағы парақшасында жойылып бара жатқан ақбөкендерді сақтауда табысты еңбегі үшін Қазақстан Үкіметін құттықтаған болатын.
Леонардо Ди Каприо көп жыл бойы қоршаған ортаны сақтауға өз үлесін қосып келеді. Сонымен қатар ол жойылып бара жатқан жануарлардың қорғаушысы ретінде көзге түсіп жүр. Оның «Ди Каприо» қоры әлемнің 40 еліндегі ондаған экологиялық жобаға 30 миллион доллардан аса қаржы бөлген. Бұл әрекеті үшін актер Хрусталь сыйлығын алды.