Halyq Uni логотип
×

«Легитимсіз Мәжілістің жаңа құрамын сайлау қажет». Құқықтанушы Тоқаевқа ашық хат жолдады

Думан Базарбеков мегаполистер мен облыс әкімдерінің қызметін бақылауға мүмкіндік беретін институт енгізуді ұсынды

 Ая Өміртай 08.06.2022 | 23:00
«Легитимсіз Мәжілістің жаңа құрамын сайлау қажет». Құқықтанушы Тоқаевқа ашық хат жолдады
коллаж: Halyq Uni

Құқықтанушы Думан Базарбеков Парламент пен Парламент Мәжілісін тарату қажеттігін айтып, ел президенті Қасым Жомарт Тоқаевтың атына ашық хат жолдады.

«ҚР Парламенті Мәжілісінің легитимсіз және Конституциясының жаңа нормаларының талаптарына сәйкес келмеуі туралы мәселеге байланысты Мәжілісті тарату туралы өтінішімді қолдауыңызды сұраймын. Стратегиялық реформаларды жүзеге асыру және конституциялық заңдарды одан әрі қабылдау мақсатында ҚР Мәжілісінің жаңа құрамын сайлау қажеттілігі дер кезінде туындап отыр», делінген ашық хатта.

Осы ретте Halyq Uni тілшісі құқықтанушымен сөйлесіп, Парламенттің құзіреті мен ескі жүйемен сайланған депутаттардың өкілеттігі туралы пікірін сұрап білді.

Думан Базарбековтің айтуынша, референдумнан соң Конституцияның жаңа нормаларын бекіту қажет. Ал Мәжілістің қазіргі құрамы жаңа өкілеттіктер ала алмайды әрі жүзеге асыра алмайды.

«Ел тарихында елеулі оқиға болғанын білесіздер. Дауыс беруге құқы бар бұқараның жартысынан көбі референдумға қатысып, өз таңдауын жасады. Дені Ата заңға өзгеріс енгізілгенін қалап отыр. Көп ұзамай ол күнге де жетеміз. Конституцияның енді жаңа нормаларын бекіту қажет емес пе? Енді оны кім жүзеге асырады? Ескі жүйемен сайланған депутаттар өкілеттері заң бойынша кеңейтілмейді. Конституцияда Парламенттің құзыретін күшейтуге бағытталған баптар бар. Ал оны бұрынғы тәсіл бойынша сайланған Мәжіліс депутаттары қабылдай алмайды. Заңда ол туралы тармақ жоқ. Осы себепті қазіргі Парламентті тарату керек деп хат жолдадым», - деп түсіндірді құқықтанушы Думан Базарбеков.

ПРЕЗИДЕНТТІҢ ПАРЛАМЕНТТІ ТАРАТУҒА ЕРЕКШЕ ҚҰҚЫҒЫ БАР

Құқықтанушы заңнамада Парламент Мәжілісінің өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтатылуы мүмкін болатын норма көзделгенін ескере отырып, Конституцияға сәйкес президенттен өтінішін қолдауды сұрап отыр. Сондай-ақ, Парламенттің міндетті құзыреті мен Мәжілісті таратуға қатысты өтінішін былай нақтылап өтті.

«Парламент таратылса Мәжілістің өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтатылуы мүмкін. Мәселен, Конституция тармақтарына сәйкес «Парламент және Парламент Мәжілісі депутаттарының өкілеттігі тиісінше Парламент немесе Парламент Мәжілісі таратылған жағдайда тоқтатылады» деп көрсетілген.

Бұдан шығатыны, Парламенттің немесе Парламент Мәжілісінің таратылуы тұтас алғанда Парламент депутаттарының немесе Парламент Мәжілісі депутаттарының өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтатылғанын білдіреді.

Президент конституциялық рәсімді сақтай отырып – Парламент палаталарының төрағалары және премьер-министр консультацияларынан кейін Парламентті немесе Парламент Мәжілісін таратуға құқылы. Бұл, Президенттің Парламентті немесе Мәжілісті таратуға ерекше құқығы бар дегенді білдіреді», - деп түсіндірді ол.

САЯСИ ЖҮЙЕГЕ БӘСЕКЕЛЕСТІК ТУҒЫЗАДЫ

Думан Базарбековтің айтуынша, жаңа конституциясының талаптарын сақтау үшін Қазақстан Республикасы Парламентінің өзін-өзі таратуы туралы мәселені қарау маңызды. Бұл өз кезегінде саяси жүйеге бәсекелестік туғызады.  

Жаңа Конституцияның талабына сәйкес Парламент Мәжілісінің заң шығарушы орган ретіндегі құрамын мүмкіндігінше тезірек жасақтау қажет. Конституциялық реформалар тұжырымдамасы азаматтардың құқықтарын қорғауға және инвесторларды қорғауға бағытталған ауқымды сот реформасынан басталады. Сондай-ақ, Конституциялық Сот туралы конституциялық заң қабылдау қажет, - дейді ол.

Бұдан бөлек құқықтанушы республикалық маңызы бар қалалар мен облыс әкімдерінің қызметін бақылауға мүмкіндік беретін Президенттің уәкілетті өкілі институтын енгізу қажет деп санайды. Оның айтуынша, уәкілетті өкіл бюджет қаражатын жұмсау мен Үкімет тапсырмаларын уақытылы орындауды бақылайтын болады.  

«Ел аймақтары үшін бюджет қаражаты мемлекет есебінен жұмсалатынын ескере отырып, өңірлерде әкімдерді сайлауды енгізу кезінде Президенттің өңірлердегі уәкілетті өкілі институты өзекті. Бұл ретте облыстардағы және өңірлердегі бюджет қаражатының пайдаланылуы немесе игерілуі бойынша заң бұзушылықтарды анықтау мақсатында Президенттің уәкілетті өкілдер институтына аймақтағы мемлекеттік құрылымдардың басшыларына қатысты бұзушылықтар туралы Жоғарғы есеп палатасына ұсыныстар жіберуге уәкілет беріледі», - дейді сарапшы.

Айта кетелік, Парламентті және Парламент Мәжілісін төтенше немесе соғыс жағдайы кезеңінде, Президент өкілеттігінің соңғы алты айында, сондай-ақ осының алдындағы таратудан кейінгі бір жыл ішінде таратуға болмайды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама