Halyq Uni логотип
×

АҚШ-та Жалаңтөс Баһадүрге қатысты сирек құжат табылды

Оған Қазақстан тумасы қол жеткізген

 Қымбат Елтайқызы 10.08.2024 | 10:41
АҚШ-та Жалаңтөс Баһадүрге қатысты сирек құжат табылды
фото: inbusiness.kz

Бұл жөнінде АҚШ азаматы, бизнесмен әрі жәдігер жинаушы Анвар Викторин мәлімдеді, деп хабарлайды Halyq Uni басылымы Inbusiness-ке сілтеме жасап.

Оған бұл құнды қолжазбаны шетелдік белді әулеттің өкілі тапсырған. Анвардың аукцион қызметін жүргізетін жеке компаниясы да бар.

– Анвар, өзің туралы, қай жерде тудың, Америкаға қалай тап болдың сол жөнінде білгіміз келеді. Көне жәдігер жинауды қашан бастадың және жеке қорыңда нендей құнды жауһарлар бар?

– Мен көп жылдар бұрын Америкаға қоныс аударғанмын, сол жақтың азаматымын. Қазақ жерінде тусам да, АҚШ-та тұрамын. АҚШ-та тұрсам да, қазақ жеріне еңбек етемін. Өзімді америкалық қазақпын деп есептеймін. Негізінде, мен мамандығыма сай өнеркәсіп саласын қамтитын бизнеспен айналысамын. Жәдігер жинауыма көне мүлік пен ескі заттардың аясында жасырылған құпия тарихқа деген қызығушылық алып келді. Америкада кез келген ермегіңді тереңдете түссең, ол бизнесіңе айналып кететін жазылмаған заңдылық бар, менде де солай болды.

Жастайымнан өнер тарихын зерттеуге қызығып өстім. Көрген жерде өнерге, жәдігерлерге қатысты кітаптарды сатып алушы едім. Алайда, мен мамандығым бойынша Вашингтондағы Джорджтаун университетін тәмәмдап шыққан қаржыгер-экономистпін. Содан да болар, экономика негіздері мен бизнес сырларын, тиімді де пайдалы инвестиция көзін дұрыс аңдай білуге қабілеттімін. Қазір сол білімім өмірде үлкен рөл ойнап, көп жерде көмегін тигізіп жатады.

Жалпы, мен ұш бағытта өзімді тәжірибелі жәдігер жинаушы ретінде есептеймін. Біріншісі, ХIV-ХХ ғ.ғ. аралығын қамтитын Батыс-Еуропалық және америкалық картиналар. Екіншісі, Ортағасыр мен ХIV-ХХ ғ.ғ. аралығында әр кезең, әр ұлтта қолданылған қару-жарақтар, қылыш, катана секілді самурайлардың әскери қарулары. Үшіншісі, сирек кездесетін қолжазбалар. Оның ішінде тарихи, діни, мұсылман әлеміне қатысты көне жазбалар. Әсіресе, Қазақстан тумасы болғандықтан, осы үшінші бағыт маған жақынырақ.

– Өзің басқаратын компания туралы айтып берсең? Компанияның бағыты, халықаралық қызмет саласы, қандай танымал аукциондық үйлермен қарым-қатынас орнаттың?

– Менің бизнесім сирек кездесетін және көне жазбаларға негізделген. Кей жәдігерлеріме 100 жылдан асқанымен, оларды аса көне құндылық деп есептемеймін. Алайда, бұл салада топ-энд және high-мүлік (құнды заттар авт.) ретінде саналатын әлемде теңдесі жоқ жалғыз данадан тұратын жәдігерлерге көңіл бөлемін. Бұл – эксклюзивтікке жататын ерекше мәртебе. Сондай-ақ, менің жеке Бәссауда үйім бар, былайша айтқанда аукцион ісін жүргізетін компания. Біз көптеген елмен, әйгілі кітапханалармен және Амарика Ұлттық галереяларымен бірлесіп жұмыс істейміз.

Өз басым үнемі Америка штаттарында, Еуропада және басқа да елдерде ұйымдастырылатын аукциондар мен көрмелерде жүремін. АҚШ-та бұл сала қатты дамып кеткен. Баратын көрмелерім мен аукциондарым көбіне – кітап саудасы, көркемөнер, қару-жарақ және ескі көліктер саудасы деген секілді түрлі тақырыптарды қамтиды.

– Жалаңтөс Баһадүрге қатысты көне қолжазба қолыңа қалай түсті? Осы көне кітаптың зерттелуі жайлы айтып өтсең?

– Жуырда мен ХІХ ғасырда Осман империясының әйгілі жазушысы әрі каллиграфы болған Мұстафа Иззетке тиесілі сирек кездесетін жәдігерлер жиынтығының бір парасына қол жеткіздім. Ол да әлемдік деңгейдегі танымал жәдігержинаушы болған адам. Оның артында араб, парсы, түрік тілдерінде жазылған өте бай көне қолжазбалар мұрасы қалды. Иззеттің ұрпағы да көне қолжазбалар жинаумен айналысып келеді.

Оның мол мұрасын зерттей келе, егер қолжазбада бадам тәрізді сүйірленіп келген мөр басылса, онда ол қолжазба өте маңызды кісіге немесе тарихи билеушіге тиесілі екенін білдім. Сарапшыларым мен ұсынған қолжазбалар тізімін қарап шығып, оның шынымен де сирек кездесетінін көне жазбалар екенін растады. Сосын ол жәдігерді Ресей Ғылым академиясындағы «Шығыс қолжазбаларын зерттеу институты» мамандары мен «Халықаралық Ресей-Иран орталығының» ғалымдары да шынайы көне жазба екеніне кепілдеме берді. Олар кітаптың түпнұсқа екенін анықтап, «Ұсынылған қолжазба сөзсіз тарихи жәдігер және маңызды құндылық» деген шешім шығарды.

Қолжазба қағазы мен пайдаланылған сияның жасына, яғни, материалдардың қай кезеңге жататынына ресейлік «Мемлекеттік әлеуметтік-гуманитарлық университеттің сот сараптамалары орталығында» және «Мәскеу заманауи өнер мұражайы» сараптама жасады. Олар жазудың сиясы мен зығыр талшықтарынан жасалған қағаздың XVI ғасырдың екінші жартысы мен XVII ғасырдың басында қолданылған материалдарға сәйкес келетіндігін анықтады.

– Өткен жылы біз Кенесары ханның есімі жазылған көне Құранды шетелдік аукционнан сатып алдық. Енді, осы Жалаңтөс Баһадүрдің есімімен байланысты қолжазба туралы біреу-міреу сұрады ма? Көптеген жәдігержинаушы үшін бұл баға жетпес қазына ғой, сатып алғысы келетіндер бар ма?

– Жалаңтөс Баһадүрдің біздің бабамыз екеніне дау жоқ. Қызылорданың тумасы, Әйтеке бидің атасы. Алайда, оны қазақ-өзбек бауырлас екі ел бірдей бағалайды, өзімсініп құрметтейді. Өйткені, ол осы екі елдің тел қаһарманы. Қазақстанда оның атында қоғамдық қор бар, бірнеше қалада атына көше берілген. Ал Қызылордада оны ат үстінде бейнелейтін алып ескерткіш бар. Өзбек Президенті Шавкат Мирзиёевтің өкімімен Самарқанда тұңғыш рет Регистан алаңын қалыптастырушы Жалаңтөс Баһадүр бабамыз жайлы кино түсірілгенін білеміз. Ол алаңда ілім-білім ошақтары мен ғажайып ұстаханалар мен шеберханалар болғаны белгілі. Әлі күнге ол жердің кереметін тамашалау үшін әлемнің түкпір-түкпірінен туристер ағылып жатады.

Бұл қолжазба тек мен үшін ғана емес, бауырлас Қазақстан мен Өзбекстанның тарих ғылымы үшін де өте маңызды деп санаймын. Айтпақшы, біздің отандастарымыз ол қолжазбаға ерекше қызығушылық танытып отыр.

Қазіргі таңда қызу келіссөздер мен зерттеу-зерделеу жұмыстары жүріп жатыр. Тіпті, оны сатып алғысы келетіндіктерін де айтуда. Әрине, мен оның АҚШ-тан тарихи Отаны – Орталық Азияға келгенін, ұлттық құндылығымызға айналғанын қалаймын.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама