Үш түрлі ұстаным бар: Қазақстан үшін USDT қандай актив?
Цифрлық даму министрлігі ерекше ұстанымынан айнымай келеді
Бүгінде Қазақстанда USDT криптоактивіне қатысты сұрақ көп. Аталған криптоактивпен сауда жасағандарға бірнеше қылмыстық іс қозғалған, деп хабарлайды Halyq Uni.
USDT криптоактивіне қатысты елімізде бірнеше ұстаным қалыптасқан. Бір тарап оны қамтамасыз етілген актив ретінде қарастыруға болатынын айтса, екінші тарап қамтамасыз етілген де, етілмеген де санатқа жатқызбайды. Ал министрлік оған қатысты берік ұстанымын 2020 жылдан бері өзгертпей келеді: USDT – қамтамасыз етілмеген цифрлық актив. Осындай біртекті ұстаным болмағандығы кесірінен елімізде осы цифрлық активпен сауда жасайтын жеке тұлғалардың ісі сотта қаралып жатыр.
Маусымның 12-сі күні өткен брифингте Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жасұлан Мәдиев аталған криптоактивтің қамтамасыз етілген цифрлық активке жататынын айтқан еді. Алайда оның бұл сөзі министрліктің 2020 жылдан бергі ұстанымымен үйлеспей қалды. Себебі, министрлік соңғы 3-4 жылдан бері USDT – қамтамасыз етілмеген цифрлық актив екенін бүкіл жерде, соның ішінде сот процестерінде де айтып келеді.
USDT-ді консенсусты қолдағаны үшін сыйақы ретінде алуға бола ма?
ЦДИАӨ министрлігі цифрлық активтер индустриясын дамыту басқармасының бас сарапшысы Нодирбек Нәзірқұловтың айтуынша цифрлық актив қамтамасыз етілген болып саналуы үшін заңдағы сол барлық талап сақталуы керек. Егер сол талаптардың тым құрығанда біреуіне сай келмесе, ол қамтамасыз етілген цифрлық активтерге жатпайды.
Жалпы, цифрлық активтер түсінігі елімізде алғаш 2020 жылдың маусымында «Ақпараттандыру туралы» заңда пайда болды. Сөйтіп сол жылы шілдеде заң қолданысқа түсті. Сол уақыттан бері қамтамасыз етілген активтер бойынша ешқандай нарық жоқ, яғни ешкім ондай рұқсат алмаған. Ол кездері міндетті түрде хабарландырып қана қоятын. Ал «Цифрландыру туралы» заңға қол қойылғаннан кейін 2023 жылдың сәуірінен бері рұқсат алуға міндеттелді.
Сол 2020 жылдан бері елімізде цифрлық актив жоқ. Сондықтан бізге (министрлікке – ред.) сауал ретінде түсіп жатқан кез келген цифрлық актив – қамтамасыз етілмеген болып табылады, – дейді Нодирбек Нәзірқұлов.
Дегенмен ол аталған криптоактивтің эмиссия жолымен пайда болатынына еш күмән келтірмейді. Ал «USDT-ді блокчейнде консенсусты қолдағаны үшін сыйақысы ретінде алуға бола ма?» деген сұраққа келсек, оны сыйақысы ретінде алуға болатынын айтады.
Блокчейнді құрастырғанда оған сыйақы ретінде не берілетіні сол жерде жазылып қояды. Мен де құрастырушы маман емеспін, бірақ сол мамандардың түсіндіргенін айтып отырмын. Қандай да бір блокчейнді құрастырғанда смарт-келісімшарттар жасалып, сол арқылы сыйақысы беріледі. Яғни, блокчейнді құрастырғаннан кейін смарт-келісімшартта USDT-дің сыйақы ретінде берілетінін жазып қоюға болады. Блокчейнде «нод» деген түсінік бар. Сол блокчейндегі транзакциялардың сыйақылардың қалай төленетінін растап беруі, – дейді Нодирбек Нәзірқұлов.
USDT – ешқай тарапқа жатпайды – сарапшы
Алайда министрліктің бұл ұстанымы еліміздегі осы сала өкілдерінің басын қосқан екі қауымдастықтың ұстанымына қайшы. «Блокчейн және цифрлық майнинг қауымдастығының» вице-президенті Сергей Путраның пікірінше USDT - ешқай тарапқа жатпайтын, үшінші бір әлем ретінде қалыптасқан цифрлық актив түрі.
Егер «ол қамтамасыз етілген бе?» деп сұрасаңыз, сөзсіз «жоқ» деп жауап берер едім. Алдымен заңды ақтару керек. Біздің заңнамада «қамтамасыз етілген цифрлық актив» деген түсінік бар. Бірақ ол қазақстандық кәсіпкерлерге инвестиция тартуға жаңа жоғары технологиялық құралды пайдалануға мүмкіндік беру мақсатында қабылданған еді. Қамтамасыз етілген цифрлық активтер тек Қазақстанда ғана шығарылуы керек, сол жағдайда ғана біздің заңның тұрғысынан қамтамасыз етілген болып саналады. Ал USDT бұл талаптарға сәйкес келмейді. Заңда ақша мен бағалы қағаздармен қамтамасыз етілмеуі керек деген талап бар. Яғни, USDT қамтамасыз етілген сипаттамаға сәйкес келмейді, – дейді ол.
Оның сөзінше, екінші бір мәселе бар. Қазір заңда қамтамасыз етілмеген цифрлық активтің не екенін түсіндірілген. USDT табиғаты шын мәнінде StableCoin болғандықтан, ол екеуіне де сәйкес келмейді. Сөйтіп, заңда шикілік пайда болды.
Tether компаниясының көзқарасы бойынша да USDT қамтамасыз етілген деп айтылмайды. Дегенмен, заңымызда оны әр қырынан түсінуге болады. Менің түсінігімде, бұл сәйкессіздіктер келесі жылдың бірінші қаңтарынан бастап жойылады. Қазірдің өзінде заңнамаға түзетулер қабылданды. Енді қамтамасыз етілмеген цифрлық активтердің сипаттамасы болмайды, – дейді Сергей Путра.
Бір қызығы, Сергей Путра 23 мамырда USDT – қамтамасыз етілмеген цифрлық активке жататынын айтып, жауап берген. Ал қазір «ешқай тарапқа жатпайтынын» айтады. Біз ақыр соңында қай нұсқаны ұстанатынын сұрадық.
Иә, солай. Біз өзара, сосын заңгерлермен кеңесіп, осындай шешімге келдік. Бастапқыда мен заң логикасы бойынша позиция ұстандым. «Заң рухы» деген ұғым бар, ол ол USDT-ді «қамтамасыз етілмеген» деген түсінік туғызады. Мен де соны ұстандым. Ал кейін заңда түсінкісіз тұсы пайда болғанда, сосын қылмыстық істер қозғала бастағанда біз тағы өзара ақылдасып, «USDT-ді қазіргі тұжырымдамаға сәйкес «қамтамасыз етілмеген» деп санау дұрыс болмайды» деп шештік, – дейді сарапшы.
Сонымен қатар, ол биыл Қостанай қаласында өткен бір сотта USDT-ді ақпараттық жүйеде блокчейндегі консенсусты қолдауға қатысқаны үшін сыйақы түрінде алу мүмкін емес екені туралы сарапшы ретінде тұжырымдама берген.
Иә, ол кезде мен қателестім. Осы жүйені дамытатын техник мамандармен кеңесіп, USDT-ді консессусты қолдағаны үшін сыйақы ретінде берілетін жүйе жасауға болатынын білдім, ондай мүмкіндік бар. Бірақ экономикалық тұрғыдан мүлдем тиімсіз. Дегенмен техникалық тұрғыдан жүзеге асыруға болады. Әйтсе де USDT-ді консенсус сыйақысы ретінде беретін бір де бір практиканы білмеймін, – дейді сарапшы.
Айта кетейік, оның сот процестеріне сарапшы ретінде беретін осындай сараптамалық қорытындылары орта есеппен 200 мың теңге тұрады. Сайып келгенде, қауымдастық вице-президенті соңғы ұстаным ретінде: қазір USDT қамтамасыз етілген де, етілмеген де цифрлық активтің тұжырымдамасына сәйкес келмейтінін айтты.
Үшінші тарап не дейді?
Қазақстандық блокчейн-технологиялар және жасанды интеллект қауымдастығының басқарма төрағасы Дәурен Қарашевтің айтуынша, USDT-ді қамтамасыз етілген криптоактив деп нақты айта алмасақ та оны сол қатарда қарастыруға болатын мүмкіндік бар екенін айтады. Оның сөзінше, бұған дейін «Ақпараттандыру туралы» заңда цифрлық активтерді, атап айтқанда, қамтамасыз етілген және қамтамасыз етілмеген активтерді реттеуге бағытталған нормалар осы ұғымдардың нақты анықтамаларын ғана қамтыған.
Қамтамасыз етілген цифрлық активтерге белгілі бір тұлға шығаратын (ұсынатын) тауарларға және (немесе) көрсетілетін қызметтерге мүліктік құқықтарды куәландырудың цифрлық құралы болып табылатын цифрлық токен және өзге де цифрлық активтер кірді. Қамтамасыз етілген цифрлық активтердің түрлерін, сондай-ақ цифрлық токенмен куәландырылатын құқықтардың тізбесін заң бойынша цифрлық токенді шығаратын тұлға белгілейді. Қамтамасыз етілмеген цифрлық активтерге заң бойынша блокчейндегі консенсусты қолдауға қатысқаны үшін сыйақы ретінде алынған цифрлық токендер кірді. Сөйтіп, «Ақпараттандыру туралы» заң контексі бойынша USDT – қамтамасыз етілген цифрлық активтерге қатысты болды. Қамтамасыз етілген де, етілмеген де цифрлық активтердің анықтамасы «Ақпараттандыру туралы» заңнан мұрты бұзылмаған күйінде «Цифрлық активтер туралы» заңға көшірілген.
Бір айта кетерлігі, қамтамасыз етілген цифрлық активке қосымша сипаттамалар беріліп, USDT қамтамасыз етілген цифрлық активтің критерийлерінің біреуіне ғана сәйкес келмеді: оның «қамтамасыз етілген цифрлық активті Қазақстан аумағында шығару туралы» шешімі болмады (дегенмен, аумаққа қатысты міндеттемелер бекітілмеген), – дейді Дәурен Қарашев.
Сонымен қатар, «Цифрлық активтер туралы» Заңның 5-бабы қабылданғанда USDT, USDC сияқты кейбір стейблкоиндерге қатысты «қамтамасыз етілген цифрлық актив» құқықтық мәртебесі жойылатындығына меңзейтін ешқандай ескертпе немесе өтпелі кезең болмағанын айтады. Осылайша, USDT практикалық қолданыста біртіндеп қамтамасыз етілген цифрлық актив мәртебесін жоғалта бастаған.
Ал USDT – блокчейндегі консенсусты қолдағаны үшін сыйақы бола алмайды. Сондықтан қамтамасыз етілмеген цифрлық актив деп санауға келмейді. Ақырында USDT құқықтық мәртебесі заңнамамен реттелмейтін «буферлік» аймаққа түсіп кетті, – дейді қауымдастық басшысы.
Қорыта келгенде, оның ұстанымы бойынша, «Ақпараттандыру туралы» заң қолданылғалы бері USDT-ті қамтамасыз етілген цифрлық актив ретінде қарастырған пайдаланушылардың әрекеті USDT-ді айналымға енгізген шақта «Цифрлық активтер туралы» заңда нақтыланбағандықтан, қамтамасыз етілген цифрлық актив айналымы ретінде бағалануға тиіс.