Бұл маңызды міндет, деп нақтылады ол
Бұл туралы Қасым-Жомарт Тоқаев «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған «Орталық Азия ренессансы: орнықты даму және өркендеу жолы» атты мақаласында мәлімдеді, деп хабарлайды Halyq Uni.
Орталық Азияның заманауи келбетін жасай отырып, біз азаматтарымыздың ұлттық және өңірлік бірегейлігіне жаңа көзқарасты да қалыптастырамыз. Бізді Орталық Азияға тән айрықша болмысымыз біріктіреді. Төл мәдениетіміз бен дәстүрлеріміз де соның негізінде қалыптасқан. Ортақ тарихи тамырымызды құрметтеу, мәдениетаралық диалог және конфессияаралық келісім Орталық Азия бірегейлігінің өзегі саналады, деді президент.
Тарихи жадымыз – халықтарымыздың ұлттық сана-сезімінің мызғымас тұғыры. Біз ата-бабаларымыздың жетістіктерін және бай мәдениетімізді мақтан тұтамыз. Осы орынды мақтаныш қазір барша ұлттардың табысты дамуына, сондай-ақ олардың болашаққа сеніммен қадам басуына қуатты серпін береді. Сондықтан біз ортақ тарихымыздың жарқын беттеріне көбірек назар аударуға тиіспіз. Орталық Азияның жалпы тарихын түркі, парсы, араб, қытай, Ресей және Батыс Еуропа дереккөздеріне сүйеніп жазу маңызды міндет деп санаймын, – деп қосты мемлекет басшысы.
Қазір жер жүзінде геосаяси жобалар мен идеологемалар дәріптеліп жатыр. Мұндай жағдайда біз өзімізге тән қонақжайлық, ынтымақ және өзара қамқорлық сияқты қасиеттерімізді, сондай-ақ отбасылық құндылықтарымызды және басқа да озық дәстүрлерімізді қамтитын рухани-мәдени кодымызды көздің қарашығындай сақтауымыз керек, деп түйіндеді ол.