Содырлар жасырынудың жаңа әдісін тапқан: қарапайым тұрғын болып киініп алып, сақалын алып тастайды т.б.
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жаппай бүлікті ел тарихындағы ауқымды дағдарыс деп атады. Бұл туралы ол ҰҚШҰ лидерлерінің онлайн саммитінде мәлімдеді.
Тоқаев бүгінгі кезектен тыс саммит төтенше жағдаймен байланысты екенін атап өтті.
Қаңтардың бірнеше күні ішінде Қазақстан ауқымды дағдарысты бастан өткерді. Бұл Тәуелсіздіктің 30 жылдық тарихындағы ең ауыр дағдарыс. Жалпы алғанда біздің ұйым да мұндай деңгейдегі қауіп-қатермен бетпе-бет келмеген еді, - деді Президент.
Мемлекет басшысының айтуынша, елімізде лаңкестікке қарсы операция жалғасып жатыр.
Ұсталған азаматтардан 116 қару-жарақ тәркіленді. Сол сияқты қалған шабуыл жасаушыларды іздеу жұмысы жалғасуда. Олар жасырынудың жаңа әдісін тапқан. Яғни, қарапайым тұрғын болып киініп алып, сақалын алып тастайды - тағы сол сияқты. Алдымызда ауқымды іс тұр, оған құқық қорғау органдары мен әскери ардагерлер де тартылып жатыр. Елді бұрынғы қалпына келтіру жолында барлық мемлекеттік органдар күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр. Ертең мен Парламентте жаңа Үкімет құрамын таныстырып, еліміздің әлеуметтік-экономикалық жағдайын реттейтін нақты тапсырма беріледі. Лаңкесттікке қарсы операция таяуда аяқталады, сонымен бірге ҰҚҰШ-ның Қазақстандағы қызметі аяқталады, - деді ол.
Қасым-Жомарт Тоқаев содырлардың Нұр-Сұлтан қаласына да шабуыл жасауды жоспарлағанын мәлімдеді.
Президент резиденциясының айналасына террористік топтар жинала бастады. Бірақ астанаға үш әскери-көлік ұшағының келгенін естіп, содырлар президент резиденциясын басып алу жоспарынан бас тартты. Бұл Алматыға қосымша күштерді аттандырып, қаланы террористерден қорғап қалуға мүмкіндік берді, - деді Тоқаев.
Қазақстанға қарсы террорлық акті ұйымдастырылғаны туралы айғақтар таяуда әлем жұртшылығына ұсынылады.
Одан бөлек, Президент Қазақстан бейбіт шерушілерге ешқашан күш қолданбағанын және қолданбайтынын атап өтті.
Кейбір дереккөздер Қазақстан билігі бейбіт демонстранттармен күрес жүргізіп жатыр деп айтып жатыр. Бұл мүлде шындыққа жанаспайды. Жақын арада біз әлем жұртшылығына Қазақстанға қарсы террорлық акті ұйымдастырылғанын дәлелдейтін айғақтар ұсынамыз, - деді ол ҰҚШҰ лидердерінің онлайн саммитінде.
Айтуынша, елдегі бүліктен бейбіт тұрғындар да қаза болған, қазір олардың саны нақтыланып жатыр.