Елдегі білім сапасын көтеру құр грант бөле берумен шешіле ме?
Qazbilim group директорының орынбасары Гүлбану Қанай «су басқан аймақтардың түлектері грантымызды алып қойды, бізге жетпей қалды» деген мәселеге қатысты пікір білдіріп, грант конкурсының әділ өтіп жатқанына күмән келтірді, деп хабарлайды Halyq Uni.
Биыл бірнеше облыста болған су тасқынына байланысты 6 облыс: Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Қостанай, Солтүстік Қазақстан облыстары түлектері үшін грант конкурсында екі үлкен мүмкіндік берілді. Біріншіден, олар негізгі екі ҰБТ-да шекті балл жинай алмаса, қаңтар, наурыз айларындағы нәтижесімен грант конкурсына қатыса алды. Екіншіден, жалпы гранттың 20%-ы осы аймақ түлектеріне берілді.
Меніңше, жалпы бұл тек биыл емес, бұған дейін де көтерілуі тиіс мәселе еді. «Байдың асын байғұс қызғаныпты» дегендей емес, мен «барлық квота белгілі бір деңгейде әділетсіз» деген пікірдемін. Себебі өзімнің де конкурсқа қатысарды бірнеше квота, грант түрін қолдануға мүмкіндігім болды, - деп жазды ол.
Оның сөзінше, квоталардың ішінде ең үлкен басымдық – жалпы гранттың 35%-ы ауыл түлектеріне берілген (ауыл квотасы барлық мамандықта бола бермейді). Бір қызығы, мәселен, Астананың не Алматының маңайындағы қалаға жатпайтын мектеп түлектері ауыл квотасын қолдана алады. Ал тырнақша ішінде қала аталатын өңірлер, айталық, Арыс қаласы, Сарыағаш қаласы, т.с.с. аймақтар қала болып саналады да оларда ауыл квотасы болмайды. Сайып келгенде, екі жақтың білім сапасын салыстыруға келмейді деп есептейді.
Екіншіден, ауыл квотасына берілген грант мөлшері тым көп деген пікірде. Соның салдарынан жалпы конкурс пен ауыл квотасы балының айырмасы өте жоғары. Бұған қоса, «Серпін» бағдарламасында соңғы екі жылда грант саны 5%-ға дейін азайды, бұрын жалпы гранттың 10%-на дейін қамтитын. Оған Түркістан, Қызылорда, Жамбыл, Алматы, Жетісу облыстарының ауыл түлектері қатыса алады.
Бұрын не «Серпін», не жалпы конкурс деп таңдайтын. Қазір жалпы конкурстан соң тағы да Серпінмен қарастырады. Мысалы, Е. Бөкетов атындағы Қарағанды университетінде «Математика мұғалімдерін дайындау» ББТ конкурсында ең төменгі балл: жалпы конкурста – 117, ауыл квотасында – 104 баллмен аяқталған. Ал «Серпін» бойынша осы мамандық осы универде 104 балдан басталып, 77-мен тоқтаған. Яғни педквотадан соң түсе алмағандар ары қарай «Серпінмен» тағы қарастырылған. Бұл жағдайда Қарағанды қаласындағы талапкер 103 балл жинап осы ЖОО-ға, осы мамандыққа түсе алмайды, ал жоғарыдағы 6 облыстың ауылдық жерінен шыққан бір талапкер одан 26 балл төмен алса да грант иегері бола алады. «Бұл қаншалықты әділ?» деген сұрақ туады, - дейді ол.
Жалпы, басталғанына биыл 10 жыл болған жобаға осы кезге дейін 49 мыңдай грант бөлінген. Оның өтеуі қалай боп жатқаны тағы беймәлім деп есептейді. Одан бөлек, халық тығыз қоныстанған және жаңадан құрылған аймақтарға бөлінетін гранттар бар екенін еске салады. Шымкент қаласы, Атырау, Маңғыстау, Жетісу және Ұлытау, Абай облыстары түлектері осы квотаны да қолдана алады. Былтыр көпшілігі игерілмей қалғанын ескерсек, балл айырмашылығы қалай екенін түсінуге болатынын айтады.
Енді осы грант түрлеріне қоса кешегі ТЖ байланысты берілген 20%-ды тағы қосыңыз. Одан бөлек әлеуметтік жағдайға байланысты берілген квота түрлері көп. Сондықтан тек бір емес, барлық грант, квота түрлерін тағайындаудағы әділетсіздіктерді қайта қарастыру керек деп ойлаймын, - дейді Гүлбану Қанай.
Оның пікірінше, 104 мың талапкерге берілетін 78 мың гранттан тыс әкім гранттары, ректор гранттары, түрлі қорлар гранттарын қоса алғанда жетіп артылатынын ескерсек, «грант конкурсы» деп айтуға да келмей қалады. Себебі талапкер мен грант саны шамалас. Одан қалды, кей мамандықтардың конкурсы жоғары, ал біршама мамандықта грант игерілмей, қайта тағайындау жүріп жатады. Конкурсы жоғары мамандықта грантқа түсетіндер бастапқыда бөлінген гранттан көп шығып жататыны сол себепті, оны санап көруге де болады.
Сондықтан елдегі білім сапасын көтеру құр грант бөле берумен шешілмейтінін айтады.
Соңғы 5 жылда талапкер саны 2 есе артпаса да, грант саны екі есе көбейді. Бұның бәрі білім сапасы төмендігін жабу, соншама талапкерді 4-5 жылға «уақытша тынышталдыруға» ұқсайды. Соған қарамастан, конкурс нәтижесі шықпай тұрып, «грантқа түспей қалсаң, не істеуге болады?» деген ақпаратың көбеюі «кешіріңдер, биыл бәріңе бірдей грант жетпей қалды, аздау бөліп қойыппыз» деп алдын да ақталу сияқты», - дейді ол.
Еске салсақ, Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек биылғы конкурсқа қатысушылар саны өткен жылмен салыстырғанда 11 мыңға көп, сондықтан бәсекелестік те өте жоғары болғанын айтқан еді. Министр грант алмаған түлектерге мүмкіндіктер әлі де барын айтып, кеңес берген еді. Айта кетейік, Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек грантқа түсе алмай қалған талапкерлер үшін грант алу мүмкіндіктері әлі де бар екенін айтқан еді. Оның сөзінше:
• 3 мыңға дейін талапкер гранттан бас тартуы мүмкін, олар келесі жоғары балл жинаған талапкерлерге беріледі.
• Жергілікті атқарушы органдардың яғни әкімдік гранттары бар.
• KazEnergy қауымдастығының гранттарын қосыңыз.
• Х.А.Яссауи атындағы ХҚТУ-де білім алу үшін Түркия Республикасының 500 гранты.
• Жұмыс берушілердің гранттары.
• Түркістандағы Халықаралық туризм және қонақжайлылық университеті 800 мақсатты грант ұсынады.
• Қазақстан халқына қоры 850 грант бөледі.
• Ректорлардың гранты, мысалы Тұран-Астана университеті Алтын белгі иегерлеріне гранттар бөліп жатыр.
• Сессия қорытындысы бойынша бос грант алу мүмкіндігі және бар.
Сондай-ақ бұрынғы білім министрі, қазіргі Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов әлеуметтік желіде грантқа өте алмаған талапкерлерге не істеуге болатынын жазып, 7 кеңес берді.