Қазақстанда алименттен жалтарғандардың қарызы 13 млрд теңгеге жетті - судья
Биыл 1,8 мың борышкер әкімшілік жауапкершілікке тартылған
2024 жылдың басында проблемалық алимент төлемдерінің саны 20 млрд болса, бүгінде оның үлесі 21 пайызға азайған. Осылайша, сот орындаушылары 7 мыңнан астам борышкердің шетелге шығуына уақытша шектеу қойған, деп хабарлайды Halyq Uni.
Шымкент қалалық соты азаматтық істер бойынша сот алқасының судьясы Дінмұхаммед Әзіретқұлов «Халық үні» ютуб каналына берген сұхбатында алимент төлемей қашып жүргендерге екінші жұмыс табу керектігін айтады.
Бізде бала туғызып алып, жауапкершіліктен қашып жүргендер өте көп. Мен оларға «ақша тап та, қарызыңды өте» деймін. Баланың алдында жауапкершілік бар. Екінші жұмыс істеп, ақша тапсын. Ер азаматтардың көбі майдаланып жатыр, – деді судья.
Судьяның айтуынша, әйелімен ажырасқан ер-азаматтар баласының алдындағы жауапкершілігін ұмытып жатады. Статистикаға сүйенсек, 1 қаңтардан бастап Қылмыстық кодекстің 139-бабы бойынша 1875 борышкер әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Ал, оларға қатысты 115 іс сотқа жолданып, 55 борышкер сотталған.
«Баламның бетіне қалай қараймын» дегенді ойлауы керек. Ажырасып жатқан адам ертең қартайғанын сезінуі керек. Қазір материалдық жағдайды жақсартамыз деп баланың тәрбиесін, оның болашағын ұмытып бара жатырмыз. Қазір баланы тапқызып, артынан тастап кететіндер телефонын тастап немесе жоғалтқандай сыңай танытып жүре береді. Немесе «әйеліммен ажырастым, балам да сонымен бірге кетті» деген ойда жүргендер бар. Ол – қате» – деді Дінмұхаммед Әзіретқұлов.