×

Төл ақшамыз жыл соңына қарай нығайып, 1 доллар 465 теңгеге түседі – сарапшылар болжамы

Мамандар Ұлттық қордан алынатын қомақты қаражат нарықты бұрмалап отыр деп есептейді

 Ербол Тұрымбет 05.08.2024 | 10:55
Фото: Halyq Uni

Halyk Finance сарапшылары теңге бағамына болжам жасап, Ұлттық Банкке бірқатар ұсынысын берді, деп хабарлайды Halyq Uni.

Сарапшылардың сөзінше, ұлттық валюта жаздың басында күрт әлсіреді. Оның негізгі себебі, Ұлттық қордан валюта сату қысқарды.

Шілдеде Ұлттық қордан 621 млн доллар сатылды. Валюта мемлекеттік шығыстарды қаржыландыру мен «Қазатомөнеркәсіп» акцияларын алу үшін сатылды. Тамызда Ұлттық қордан 565 млн доллар валюта сатылады деген болжам бар. Бұл теңгені нығайтуы мүмкін, - дейді сарапшылар.

Өйткені, теңге бағамына әсер ететін негізгі фактор – мемлекеттің Ұлттық қордан алатын валюта көлемі екенін айтады. Ал алынатын қаражат қомақты болғандықтан, ол нарық механизмін бұрмалайды.

Сарапшылардың пайымынша, Ұлттық қор қаражатын экономиканы қаржыландыру үшін әрі қарай да жарата беру жоспарларына байланысты төл ақшамыз жыл соңына қарай бір доллар үшін 465 теңгеге дейін нығаяды деп болжанып отыр. Соған байланысты қаржыгерлер Үкіметке Ұлттық қор қаражатын пайдалану кестесін нақты жоспарлап, оны қатаң ұстану қажет екенін ескертеді.Айта кетейік, қазір нарықта АҚШ валютасы 474-475 теңге аралығында саудаланып жатыр.

Еске салсақ, бұған дейін Қазақстан Үкіметі республикалық бюджетті қаржыландыру мақсатында Ұлттық қорға жалпы көлемі 467,4 млрд теңгеге «Қазатомөнеркәсіп» АҚ акцияларын сатып алу туралы шешім қабылдаған болатын. Осы шешімді іске асыру аясында Қор қаражатын басқарушы ретінде Ұлттық банкке Қордан шамамен 970 млн АҚШ доллары көлемінде шетел валютасын теңгеге айырбастады. Энергетика саласының сарапшысы Әсет Наурызбаев Ұлттық банктің «Қазатомөнеркәсіп» АҚ акцияларын сатып алуына қатысты пікір білдіріп, Ұлттық қордың мұндай қадамға баруына еш себеп болмағанын айтты. Ол миллиард доллар көлемінде қаражат салынуына біреудің мүддесі бар деп есептейді. Ал белгілі экономист Сапарбай Жобаев  Ұлттық қордан айына 300 млн долларға дейін сатылып отырса, бұл қалыпты жағдай деген пікір айтты. 

Серіктес жаңалықтары

Сараптама