Отандық ғылымның жетістігі: Қызылордада өндірілетін оксидтер Австрияға экспортталып жатыр
Отандық ғалымдардан грантқа өтініштер көбіне агроөнеркәсіп саласынан түсіп жатыр
Бүгінде Қазақстанда Ғылым қорынан грант алған 200-ден астам жоба бар. Оның біршамасы аяқталған, тағы 135 жоба әлі іске асырылу үстінде, 170-тен астамы нарыққа шыққан. Жалпы өнім сатылымының көлемі 39 млрд теңгеден асқан, деп хабарлайды Halyq Uni.
Қордың басқарушы директоры Манат Келдібековтің айтуынша, конкурс экономиканың басым бағыттары бойынша жарияланады. Ал өтініштердің ең көбі агроөнеркәсіп саласы бойынша түседі. Одан соң денсаулық сақтау, машина жасау, химия, энергетика салалары бойынша келеді. Ал қазір IT жобалардың көбейіп жатқанын айтады. Дегенмен сала бойынша шектеу жоқ.
Оның сөзінше, арасында жоғары инновациялық технологиялық жобалар да бар. Мысалы, тау-кен, сирек металдар бағытын айтуға болады. Ондай салалардағы жобаларда бағалы металдарды өндіріп алатын технологияны ойлап тауып, оған керекті құрал-жабдықтарын сатып алып, қазір іске асырылып жатқандары жетерлік.
Түсті металды тапқан кезде солардан қалдық қалады. Сол қалдықтардың арасында көптеген сирек бағалы металдар болады. Соларды әрі қарай үгітіп, ішінен керекті металды алып шығады. Ғалымдарымыз осы жұмыстың технологиясын ойлап тапқан, - дейді ол.
Сөзіне мысал ретінде Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университетінің Физика-техника институты ғалымдарының еңбегін келтірді. Ғалымдар Қызылорда облысы, Шиелі ауданы аумағында өндірілетін ванадийден оксид шығару жолын тапқан.
Сол жерде бір компания өндірумен айналысады. Оны ванадий күйінде сатса, құны аздау. Ал институт ғалымдары ванадийден түрлі оксид шығарумен айналысады. Сол компаниямен бірігіп, бір серіктестік болып, соның базасында технология өндірісін жолға қойып, бүгінде ванадийден оксид алып жатыр. Ол дегеніңіз, құнын бес есе арттырады. Одан беріктігі жоғары метал, сосын ванадий аккумуляторларын шығарады. Сол өнімдерді осы күні шетелге сатып жатыр. Бізден 2022 жылы грант алған еді, қазір экспортқа шығып, жақсы көрсеткішке қол жеткізіп отыр, - дейді Манат Келдібеков.
Еске салсақ, Қазақстанда 2024-2026 жж. ғылыми жобалар конкурсына 24 млрд теңге қаржы бөлінген. Ғалымдардың әр жобасына 350 млн теңгеге дейін қаржы беріледі. Бүгінгі күнге дейін гранттың 30%-ы агроөнеркәсіп саласындағы жобаларға берілген. Атап айтқанда мал шаруашылығы, жем түрлері, вакциналар, мал терісін, жүнін өңдеу секілді түрлі өнім алу жолдары бар.Сонымен қатар сүт өніміндерін өндіру, тұқым түрлері, тыңайтқыш және т.б. жобалар бар.
Ғалымдардың ғылыми жобаларына грант бөлуден бөлек, елімізде олардың әлеуметтік жағдайын, оның ішінде баспана мәселесін шешуге мемлекет ерекше көңіл бөліп отыр. Мәселен, былтыр Қазақстан үкіметі 284 жас ғалымды баспамамен қамтамасыз еткен. Биыл Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың тапсырмасы бойынша ғалымдарға 200 пәтер үлестіріледі.