×

Ішкі істер министрі қаңтар оқиғасының қайталанбайтынына кепілдік бере алмайтынын айтты

Қаңтар оқиғасы кезінде ұрланған 300-ден астам қару әлі табылмаған

 Айнұр Шошаева 08.06.2022 | 15:02
фото: polisia.kz

Қазақстанда қаңтар оқиғасы кезінде қолды болған қару-жарақты іздестіру жұмыстары бүкіл республика аумағында жүргізіліп жатыр. Бұл туралы Мәжіліс кулуарында Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов айтты, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.

Министрдің айтуынша, қаңтар оқиғасы кезінде ұрланған қару-жарақтың бір бөлігі әлі табылмаған.

«Әрине, қауіп қашан да бар. Ұрланған қарудың бір бөлігі әлі табылған жоқ. Осы аралықта нақты айта алмаймын, бірақ 1500-ға жуық қару-жарақ табылды. Кеше ғана біз Алматы қаласы мен Алматы облысында ұрланған қарудың табылу фактісі тіркелді. Бұдан бөлек, біз қаруды сатып аламыз. 78 млн теңгеге 1000-нан астам тіркелмеген қару халықтан сатып алынды», - деді ол журналистердің сұрағына жауап беріп.

Бұған қоса, министр қолды болған қару-жарақтарды іздестіру жұмысы бүкіл республика аумағында жүргізіліп жатқанын атап өтті.

«Негізінен қару-жарақтар оңтүстік өңірлерде ұрланды. Қару тасымалданады, тек бір өңірде тұрмауы мүмкін. Сондықтан іздестіру жұмыстары еліміздің барлық өңірлерінде жүргізіледі. Сондай-ақ мемлекетіміздің сыртында жедел іздестіру жұмыстары жүргізіледі. Қазір 300-ге жуық табельдік қару әлі қолды болып отыр. Қару қолда болса, кез келген уақытта оқ атуы мүмкін. Соңғы тапанша табылмайынша жұмыс жалғасатын болады», - деп толықтырды министр жауабын.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама