Стресстік жағдайлардан аулақ болған жөн
Қант диабеті әлемде ең кең таралған эндокринологиялық ауру және оның дамуы ағзадағы көмірсу алмасуының бұзылуына байланысты.
Астана медицина университеті, академик Е.Д. Даленов атындағы профилактикалық медицина ҒЗИ директорының орынбасары, асс. профессор Жанар Бөкееваның айтуынша, бастапқы сатысында бұл ауру симптомсыз өтеді, адам ешқандай ауру сезінбейді, тек глюкоза деңгейін анықтау арқылы білуге болады.
Қант диабеті ауруы асқынуларымен қауіпті. Қант диабетімен ауыратын науқастарда инфаркт, инсульт қаупі артады. Қант диабеті кезінде көру органдарының зақымдануы диабеттік ретинопатия деп аталады, бүйрек қызметінің бұзылуы – диабеттік нефропатия, перифериялық нервтердің зақымдануы – полинейропатия және тамырлардың зақымдануы – ангиопатия аяқта жара мен гангренаға әкеледі. Қант диабетінің белгілері: тұрақты шөлдеу; жиі зәр шығару; дененің сусыздануы; аштық сезімі; шаршау; көру қабілетінің бұзылуы; бұлшықет әлсіздігі; терінің қышуы және тітіркенуі. 1 типті қант диабеті – ұйқы безінің бета жасушалары глюкозаны қаннан тіндерге тасымалдау үшін қажетті инсулинді дұрыс бөлмеуі, сондықтан бұл гормонның күнделікті инъекциялары – терапияның міндетті бөлігі, - дейді ол.
Маманның айтуынша, ауруды сыртқы агрессор (инфекция, жарақат) қоздыруы мүмкін, бұл ұйқы безі тінінің қабынуын және b-жасушаларының өлімін тудырады. 2 типті қант диабеті 21 ғасырда пандемияға айналды. Қант диабетімен ауыратын барлық адамның 90%-ында 2 типті қант диабеті бар.
Бұл ауру кезінде ұйқы безі бөлетін инсулинді дене қабылдамайды және глюкоза алмасуына қатыспайды. Бұл метаболикалық бұзылыстың себептері: физикалық белсенділіктің болмауы, соның салдарынан семіздік; майлар мен қарапайым көмірсулардың көп мөлшері бар зиянды диета; генетикалық бейімділік.
Қант диабетін алдын алу жолдары:
1. Дұрыс тамақтану
Ұйқы безін шамадан тыс жүктемеу үшін көмірсулар қабылдауды азайтуға тырысу қажет, сондай-ақ жақсы күйде болу үшін күнделікті тұтынатын калориялар санын азайту керек. Қант диабетінің алдын алу үшін мәзірден қант және құрамында қанты бар кез келген өнімдер (печенье, табиғи емес шырындар) сияқты оңай сіңетін көмірсуларды азайту немесе толығымен алып тастау керек.
Тамақтану негізінде күрделі көмірсулар және өсімдік талшықтары бар тағамдар болуы қажет. Жалпы, 60% күрделі көмірсулар, 20% майлар (оның 50-70% өсімдік майлары болуы керек), 20% ақуыздар.
Мәзірде құс еті, төмен калориялы балық, көкөністер, қантсыз шырындар болуы керек. Макарон және ұн өнімдерін, ащы, ыстық және ысталған тағамдарды тұтынуды шектеу керек. Қуырылған тағамды қайнатылған, пісірілген немесе бұқтырылған тағаммен ауыстыру керек. Тәтті тағамдардың жетіспеушілігін тәттілендіргіштердің көмегімен толтыруға болады.
2. Күнделікті физикалық белсенділік
Қант диабетінің алдын алу күн сайын дене шынықтыруға кем дегенде жарты сағат бөлсе тиімді болады. Физикалық белсенділік метаболикалық процестерге пайдалы әсер етеді, соның арқасында майлардың ыдырауы күшейеді, қанның май құрамы жақсарады және дене салмағы айтарлықтай төмендейді.
Академик Е. Даленов атындағы ғылыми зерттеу инситуты саламатты өмір сұру орталағының мамандары қант диабетінің алдын алу үшін үнемі жаяу, велосипедпен жүруге, би билеуге, жүзуге, футболға және басқа да спорт түрлерімен айналысуға кеңес береді.
3. Жан тыныштығын сақтау
Тұрақты стресс аурудың даму себептерінің бірі болғандықтан, қант диабетінің алдын алудың жолы – эмоционалдық жағдайды бақылау. Стресстік жағдайлардан аулақ болған жөн.
4. Үнемі медициналық тексеруден өту қажет
Тәуекел тобындағы адамдар үшін қант диабетінің алдын алу үшін міндетті түрде кем дегенде жарты жылда бір рет тексерілуден өтіп тұру қажет.