Танымал заңгер: бокстан жеңіліп жатқанымыздың себебі – бас бапкердің кінәсі

Қымбат Елтайқызы

Ол өзінің және халықтың Олимпиадада бокстан көп медаль күткенін айтты

фото: olympic.kz

Танымал заңгер Айгүл Орынбек Париж Олимпиадасындағы нәтижеден кейін бокстан Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Мырзағали Айтжановтың жұмысын сынға алды, деп хабарлайды Halyq Uni.

«Бокстан жеңіліп жатқанымыздың себебі – бас бапкердің кінәсі! Өкінішке қарай, жемқорлық бұл жақты да жаулап кеткен. Президентіміз Азия ойындарынан кейін спортты жемқорлықтан тазалауға нақты тапсырма берген еді! Ол тапсырманың өкінішке қарай орындалмағанын осы ойындардан көруге болады», – деп жазды ол әлеуметтік желідегі парағында.

Мен және бүкіл қазақ елі бокс жанкүйеріміз! Дәл осы Олимпиада да бокстан көбірек медаль күткен едік… Жақында ғана келген Бокс федерациясының басшылығына өкпе жоқ! Барынша лицензия алып беру міндетін атқарды. Әрі қарай тактиканы дұрыс жоспарлау бас бапкер Мырзағали Айтжановтың міндеті еді! Спортшыларды алдын ала Еуропаға апарып адаптациядан өткізіп, психологиялық тұрғыда дайындау керек еді, – деп қосты заңгер.

«Көрші Өзбекстан елінің бас бапкері Тулкин Киличевтің спортшыларын алдын ала екі апта бұрын Еуропаға сборға апарғанын көріп отырдым. Міне тактика! Міне профессионализм! Ал біздің бап бапкер Олимпиадаға баратынын біле тұра чемпиондарды сол баяғы «Алматауда» дайындады. Енді міне нәтижесі! Еуропада қонақ үйлерден, тамақтан ақша жымқыра алмайтын болған соң «Алматауда» жаттықтырдыңдар ма?», – дейді Айгүл Орынбек.

Ол спортсшыларды кінәламайтынын айтты. Өйткені оларға күнтізбені алдын ала бас бапкер сызып береді. Заңгер қанға сіңіп кеткен жемқорлық спортшыларымыздың еңбегін жоққа шығаратын болды деді.

Айтжанов мырза, шымкенттік Мақмұт Сабырханды өз салмағында неге шығармадыңыз? Баланың обалы сіздің мойныңызда! Антикор төрағасы Асхат Жұмағали, біздің спорттағы басшылар «Алматауды» неге сонша қатты жақсы көреді?! Олимпиада ойындарынан кейін бір тексеріп жіберіңіздер!, – деп түйіндеді Айгүл Орынбек.

Бұған дейін Айтжанов «жігіттер қолдан келгеннің бәрін істеді, аянып қалмады» деп БАҚ-қа сұхбат берген болатын.

«Өкініштісі сол, Париж Олимпиадасы біздің боксшыларға ең нашар ойын болып тұр. Токиода екі қола болсақ, қазір оған да жете алмай қалдық», – деген еді бапкер.