Вакциналар, сүт өнімдері, тыңайтқыштар. Ғылыми жобалар қалай коммерцияланып жатыр?
Ғылым қорының басқарушы директоры Манат Келдібековпен сұхбат
Ғылыми жобаларды коммерцияландыру мәселесі жөнінде мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 12 сәуірде өткен Ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңес отырысында айтқан еді. Мысал ретінде зерттеу нәтижелерін тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығына, үнемдеу технологияларына, тіпті еліміздің табиғи ерекшеліктеріне қарай жол құрылысына да кәдеге жаратуға болатынын айтқан еді. Бұл бағытта қандай шаралар атқарылып жатқаны, отандық ғылыми жобалардың нарыққа ену процесі қалай жүріп жатқаны жөнінде «Ғылым қоры» АҚ басқарушы директоры Манат Келдібековпен әңгіме құрдық.
– Манат мырза, ғалымдарды қолдау, олардың жобаларын коммерцияландыру аясында Ғылым қоры қандай жұмыс атқарып жатыр?
Ғылым қоры 2006 жылы құрылған. 2015 жылы ғылым нәтижелерін коммерцияландыру бойынша заң қабылданды. Заңда отандық ғалымдардың ғылыми-зерттеу жұмыстарының нәтижелерін нарыққа шығару, коммерцияландыру, ұлттық экономикамызға инновациялық үлесін қосу, сол арқылы экономика деңгейін көтеру, жаңа жұмыс орындарын ашу көзделген.
2016 жылдан бері өткен бес конкурстың қорытындысы бойынша 218 жоба қолдау тауып, қазір 135 жоба жүзеге асырылып жатыр. Біз 2024 жылғы байқаудың қорытындысын күтеміз.
2018 жылдан 2022 жылға дейін қаржыландыру болмай, конкурстар жүргізілмеді. Бірақ, 2022 жылдан бастап осы грантқа бюджет тарапынан қаражат бөлу жылдан жылға ұлғайып келеді. Қайта жанданғалы бері үш рет конкурс өтті. Алғашқы екі жылдың нәтижелері іске қосылды. Ал биылғы нәтижелерді күтіп отырмыз.
Ғылым қоры – еліміздегі ғылыми жобаларды коммерцияландырудың басты операторы. Өздеріңіз білесіздер, «Ғылым және технология туралы» заң қабылданды. Сол заңда Ғылым қорының функциялары әлдеқайда кеңейтілді.
– Қор көбіне қандай салалар бойынша ғылыми жобаларға қолдау көрсетеді? Басым назар аударылатын салалар бар ма?
Осы коммерцияландыру гранты экономиканың басым бағыттары бойынша берілу керектігі заңда жазылған. Мұның алдында «Индустриалды-инновациялық даму» екінші мемлекеттік бағдарламасы болған. Сонда нақты бағыттар көрсетіліп, бұрын соған сүйенетінбіз. Ол аяқталды. Енді қазір әр саладағы мемлекеттік бағдарламалар арқылы грант беріп отырамыз.
Тек бір салаға осынша грант деген шектеу жоқ. 2024-2026 жылдарғы конкурсқа 24 млрд теңге бөлінді. Оны 350 млн теңгеге дейін беріп отырамыз. Ғалымдар өтініштерін ұсынады, солардың ішінде қай бағыт балын жеткілікті алып жеңсе, солар грант иесі атанады.
Дегенмен жалпы қарағанда, біздегі грант иелерінің 30%-ы агроөнеркәсіп саласынан. Оның ішінде мал шаруашылығы, жем түрлері, вакциналар, мал терісін, жүнін өңдеу секілді түрлі өнім алу жолдары бар.
Одан бөлек, сүт өнімінің бірнеше түрін шығару, оның ішінде баламасы жоқ басқа түрлері бар. Тұқым селекциясы, тыңайтқыштар, тіпті, ауыл шаруашылығы машинасын жасау бойынша да 2-3 жобамыз бар. Ең көбі осы бағыттарда.
Одан соң медицина жобалары тұр. Биологиялық белсенді қосымшалар, дәрі-дәрмектер, қан тазартатын медициналық құралдар да қамтылған. Ондай жабдықтар елімізде шықпайды.
– Өтініш беретін жобалар қандай да бір талапқа сай болуы керек пе?
Ең бастысы, өтініш берушінің Ғылым комитетінен алған ғылыми аккредитациясы болуы керек. Оны ЖОО-лар, ғылыми-зерттеу институттар немесе жеке тұлғалар мен компаниялар да алуы мүмкін.
Жоба Қазақстан территориясында іске асырылып, оған Қазақстан азаматы ғылыми жетекшілік етуге тиіс.
Тағы бір шарт, қоса қаржыландырудың болуы. Көп жағдайда әр жобаның серіктесі болады. Олар екеуі қосылып өтініш жасайды. Жеке серіктесі жоба авторына қаржысымен қатар, материалдық-техникалық базасын да береді.
– Конкурстан ұтатын жобаларға әрі қарай қандай талаптар қойылады?
Жобаны іске асырудың соңғы кезеңінде грант көлемінің 15%-ы шамасында өнім шығарып, нарыққа сату керек. Мәселен, 300 млн теңге алса, 45 млн теңгенің өнімін көрсету қажет.
Өтініш берген кезде, өздеріне «осынша өнім шығарамыз, нарыққа екінші не үшінші жылы сатамыз» деген міндет алады. Одан басқа, грант алып, жоба іске қосылғаннан кейін үш жыл бойы оларға мониторинг жүргіземіз. Қанша өнім шығарғаны, қанша салық төлегені, қанша өнімін экспортқа жібергені бағаланады.
Іс құру механизмі бойынша, ақшаны өтініш иесіне үш кезеңге бөліп береміз. Берілген қаражаттың кезең-кезеңімен дұрыс игерілгенін қарап отырамыз. Бір кезеңде міндеттемелерін орындай алмай жатса, әрине, әрі қарай қаржыландыру мәселесі қайта қаралады. Егер бұл жобаның іске асуы қиындау болып тұрса, онда қаржыландыруды тоқтату жөнінде мәселе көтереміз.
– Қор мен ЖОО-лар арасында қаншалықты тығыз байланыс орнаған?
Ғылым қорында «Бизнес серіктестік» клубын ашқанбыз. Оған 200-ден аса компания кіреді. Соларды университеттермен байланыстырып отырамыз немесе университеттердің өздері де жобаларын ұсынып шығады. Біздің міндет – сол екі тараптың арасын жалғау.
Әр салада коммерцияландыру реакторын ұйымдастырамыз. Сөйтіп, бәрін бір жерге жинаймыз. Сол ректорда әр ғалым өзінің ғылыми зерттеу нәтижелерімен таныстыра алады. Бізде осы 2023-2025 жылдар аралығындағы конкурста жеңімпаздардың 30%-ы осы рекаторларда пайда болды.