Ақмола облысында құтқарушыларға арналған ипотека бағдарламасы басталады
2019-2024 жылдары жастарға 2 362 жеңілдетілген несие ұсынылған
Елімізде су тасқынынан кейін Батыс Қазақстан облысында тұрғын үйге деген сұраныс артқан. Бұл туралы Отбасы банк» АҚ басқарма төрағасы Ләззат Ибрагимова Құрылыс салушылар қауымдастығы форумында айтты, деп хабарлайды Halyq Uni.
Банк басшысының айтуынша, қазір өңір әкімдіктері тарапынан да тұрғын үйге сұраныс артқан. Себебі әкімдік тұрғын үйді сатып алып, сатып алу құқығынсыз немесе сатып алу құқығымен азаматтарға жалға береді.
Әкімдіктер жалға беру үшін 17 мың пәтер сатып алуды жоспарлап отырғаны белгілі, - дейді Ләззат Ибрагимова.
Сондай-ақ «Отбасы банк» өңір әкімдіктерімен бірлесіп жастарға арналған ипотекалық бағдарламалар ұсынады. Ибрагимованың айтуынша, бұл бағытта тек Түркістан, Ақмола және Солтүстік Қазақстан облысы қалған.
Оның ішінде «Отбасы банк» Солтүстік Қазақстан облысы бойынша келісімге қол қойғалы жатыр. Ал Ақмола облысында алдымен өрт сөндірушілер мен құтқарушыларға арналған ипотека бағдарламасын бастау жоспарланған. Ал «Ақмола жастар» бағдарламасы 2025 жылы басталуы мүмкін.
Банк басшысының айтуынша, биыл 12 мыңнан астам адамның баспаналы болуы себеп болған «Наурыз» бағдарламасы келер жылы қаңтарда басталады.
2024 жылы «Наурыз» ипотека бағдарламасы аясында 12,5 мың өтінішті мақұлдадық. Несие беріле бастады. 2-3 күннің ішінде 190 адам пәтерін алды. Baspana.kz порталын іске қостық. Ол жерге құрылыс жүргізген компания пәтері туралы ақпаратты белгіленген бағаны көрсетіп шығарады. Сол арқылы бағдарламаға қатысушылар пәтер таңдап, жыл соңына дейін пәтер бағасы өзгермейтініне сенімді бола алады. 2025 жылы «Наурыз» бағдарламасына 200 млрд теңге бөлінеді. Бағдарламаның атауы «Наурыз» болғандықтан, наурыз айында 2025 жылы ипотека рәсімдей алатын азаматтардың аты-жөні белгілі болғанын қалаймыз. Сол себепті келер жылға өтінім беру қаңтарда басталады, - дейді Ләззат Ибрагимова.
Жалпы «Наурыз» бағдарламасына 1,7 трлн теңге бөлінген.
Форумда басымдықты пәтерді әрленген күйде (чистовая отделка) беретін құрылыс компанияларына беру мәселесі көтерілді. Бұл «Наурыз» бағдарламасына қатысатын азамат жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін коммерциялық банктен қосымша несие алмауы үшін қажет. Әрленбеген (черновая отделка) пәтерді аяқсыз қалған жұмыс деп санаймын, - дейді банк басшысы.
Айта кетейік, 2019-2024 жылдар аралығында жастарға 2 362 жеңілдетілген несие ұсынылды. Олардың негізі үлесі Астана (263) мен Алматы (1 172) қалаларын тиесілі.
Астана қаласы – «Елорда жастары» 263 жас азаматқа пәтер берілді;
Алматы қаласы – «Алматы жастары» 1 172 жас азаматқа пәтер берілді;
Ақтөбе облысы – «Ақтөбе жастары» 42 жас азаматқа пәтер берілді;
Алматы облысы – «Алатау жастары» 44 жас азаматқа пәтер берілді;
Атырау облысы – «Атырау жастары» 100 жас азаматқа пәтер берілді;
Жамбыл облысы – «Әулие-ата жастары» 144 жас азаматқа пәтер берілді;
Батыс Қазақстан облысы – «Жайық жастары», «Бурлинске жастары» 2024 жылдың екінші жарты жылдығына жоспарланып отыр;
Қарағанды облысы – «Қарағанды жастары» – 169, «Теміртау жастары» 37 жас азаматқа пәтер берілді;
Қостанай облысы – «Қостанай жастары» 131 жас азаматқа пәтер берілді;
Қызылорда облысы – «Сыр елі» 60 жас азаматқа пәтер берілді;
Павлодар облысы – «Ертіс жастары» 2024 жылдың екінші жарты жылдығына жоспарланып отыр;
Маңғыстау облысы – «Маңғыстау жастары» 126 жас азаматқа пәтер берілді;
Жетісу облысы – «Жетісу жастары» 31 жас азаматқа пәтер берілді;
Ұлытау облысы – «Ұлытау жастары» 43 жас азаматқа пәтер берілді;
Абай облысы – «Абай жастары» 2024 жылдың екінші жарты жылдығына жоспарланып отыр.