Жаңа заң жас ғалымдарға көбірек мүмкіндік береді – Жансая Омарова

Ербол Тұрымбет

Үкімет қаржыландыратын әр жобада жас ғалымдар үлесі 30% құрап отыр

 

Былтыр Қазақстанда 284 жас ғалымға мемлекеттен пәтер берілген. Биыл үкімет тағы 200 пәтер үлестірілетін болды, деп хабарлайды Halyq Uni.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 31 мамырда ғалымдармен өткізген үлкен жиында ғылымға бөлінетін қаражат жылдан жылға тұрақты түрде ұлғайып жатқанын, сонымен бірге, білікті маман дайындау бағытында бөлінетін грант саны да соңғы жылдары 1,5 есе өскенін мәлімдеген болатын. Соның ізімен 2025-2026 жылдары жас ғалымдар жүргізетін зерттеу еңбектеріне қарастырылған гранттар да арта түспек. Әсіресе жас ғалымдарды қолдау бағытындағы шараларға ерекше тоқталған болатын. Мәселен, 2023 жылы 284 жас ғалым пәтер иесі атанса, 2024 жылы мемлекет басшысының тапсырмасымен тағы да 200 пәтер үлестірілетін болды. Осындай шаралар арқылы еліміздегі ғылым мен жалпы ғалымдар қауымы әрі қарай да мемлекет тарапынан қолдау таба беретініне сендірген.

Осы кездегі жас ғалымдарды қолдау шараларының қаншалықты нәтижелі болып жатқаны жөнінде Президент қолынан пәтер сертификатын алған жас ғалымдардың бірі, стандарттау, сертификаттау және метрология саласының маманы, PhD доктор Жансая Бағдатқызы Омаровамен сұхбат құрдық.

- Жас ғалымдарды мемлекеттік қолдау шараларын қалай бағалайсыз? Осыдан 5-6 жыл бұрынғы жағдаймен салыстырғанда қандай өзгеріс бар?

- Қазір жас ғалымдарды мемлекеттік қолдау шаралары жылдан-жылға көбейіп жатыр. Атап айтқанда, жас ғалымдарды қолдау мақсатында әр жыл сайын 35 жасқа дейінгі талантты жас ғалымдар үшін 50 мемлекеттік степендия беріледі, «Жас ғалым» жобасы аясында жас ғалымдарды жоғары оқу орындары мен ұйымдарға кеңінен тарту мақсатында подстдокторанттар үшін 1000 грантқа қаржы бөлінеді. Осы шаралармен ғана шектелмей, әлемнің жетекші ғылыми орталықтарында қазақстандық ғалымдардың біліктілігін арттыру мақсатында «500 ғалым» бағдарламасы да бекітілген. 2023 жылдан бастап жас ғалымдарды баспанамен қамтамасыз етудің жаңа бағдарламасы іске қосылды. Президент тарапынан 200 жас ғалымға баспана берілу шарасы іске асырылып жатыр. Жас ғалымдар кеңесі құрылды. Бұл осыдан 5-6 жыл бұрынғы жағдаймен салыстырғанда үлкен өзгеріс бар екендігін көрсетеді. Әрине, мұндай шаралар жастардың ғылыммен еркін айналысып, ғылымның еркін дамуына көмегін тигізеді.

- Жас ғалымдарды қолдауда әртүрлі грант бар. Сіз қайсыларын ерекше атап өтер едіңіз?

- Ғылым және жоғары білім министрлігінің Ғылым комитеті ғылыми дамудың басым бағыттары бойынша ғылыми-техникалық және ғылыми жобаларды гранттық қаржыландыруға арналған гранттық конкурстарды жыл сайын өткізеді. Соның ішінде жас ғалымдарға арналған және  подстдокторанттарға арналған «Жас ғалым» ғылыми-техникалық және ғылыми жобаларды гранттық қаржыландыруға арналған гранттық конкурстарды атап айтсақ болады. «Жас ғалым» ұлттық жобасы жас зерттеушілерді қолдауға бағытталады, оған 86 млрд теңге бөлінеді. Бұл бағдарлама Қазақстандағы ғылымды әр қырынан дамытуға, оны бәсекеге қабілетті етуге, елдің экономикалық және әлеуметтік ілгерілеуі мен дамуын қамтамасыз етуге бағытталған. Сондай-ақ, 2024-2026 жылдар аралығында жас ғалымдар жүргізетін зерттеулерді гранттық қаржыландыруға 18 млрд теңге бөлу жоспарланып отыр.

- Ғалымдардың ғылыми жобаларын тәжірибеден өткізу, Қазақстанда және шетелде қолданысқа, өндіріске енгізу қаншалықты жолға қойылған деп ойлайсыз?

- Бүгінде ғылыми жобалардың көбі коммерцияландырылып жатыр, яғни ғылыми жобалардың нәтижелерінің өндіріске енгізілуі іске асырылып келеді. Қолданбалы бағыттағы ғылыми жобалардың көбеюі тек ғылымды ғана емес, еліміздегі өндірісті дамытуға мүмкіндік береді. Әрине, жас ғалымдардың ғылыми жобаларының нәтижелері шетелде де өзекті, жас ғалымдардың шетелдік Scopus немесе Web of Science деректер базасында жариялан материалдары соның дәлелі.

- Біздің елде жас ғалымдардың жобаларын қолдауға арналған нақты бағдарлама бар деп айта аламыз ба?

- Иә, айта аламыз. Оған біз «Жас ғалым» жобасы бойынша жас ғалым – постдокторанттардың іргелі және қолданбалы ғылыми зерттеулерін гранттық қаржыландыруды мысалға келтірсек болады.

- Жас ғалымдар ЖОО-ларда өсіп шығады. Ал ЖОО-лар ғылыми ортамен, сондай-ақ, теория және практика қатар өрбу үшін өнеркәсіп саласымен қаншалықты тығыз байланыс орнатқан деп ойлайсыз?

- Біздің Satbayev University өнеркәсіп саласымен тығыз байланыс атқару мақсатында жоғары деңгейде жұмыстар жүргізіп отыр. Университеттің көптеген филиалы өнеркәсіп орындарында ашылды, ашылып та жатыр. Бұл тек жас ғалымдар үшін ғана емес, студенттер үшін де танымын кеңейтуге, мамандығын жеткілікті игере түсуге үлкен мүмкіндік.

- Мемлекет басшысы 1 шілдеде «Ғылым және технологиялық саясат туралы» заңға қол қойды. Бұл заң жас ғалымдарға не береді?

- «Ғылым және технологиялық заң» жобасы жас ғалымдарға үлкен мүмкіндік береді. Осы заң жобасында жас ғалымдардың тұрғын үй сатып алу немесе тұрғын үй жағдайын жақсарту құқығы қарастырылған. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша жас ғалымдарды қолдау күшейтілді. Жас ғалымдардың зерттеулерін гранттық қаржыландыруға арналған конкурстардың нәтижесінде 727 жоба іске асырылып отыр. 2024-2026 жылдарға жас ғалымдардың зерттеулерін гранттық қаржыландыруға 18 млрд теңге қарастырылған. Сондай-ақ, Ғылым және жоғары білім министрлігі қаржыландыратын әрбір жобада жас ғалымдардың үлесі кемінде 30%-ды құрайды. Яғни, аталған заңда жас ғалымдарды әлеуметтік қолдау пакетін кеңейту жоспарланған деуге толық негіз бар.

- Ғылымға бөлінетін қаражат ЖІӨ-ге шаққанда 2021 жылы 0,12 % болса, қазір 0,24 %-ға жеткен. Бұл қаншалықты жеткілікті немесе қаншаға дейін өсіру керек?

- Ғылымға қаражат бөлу мәселесі жөнінде жоғарыда да біраз айтып өттік. Дегенмен, қазіргі жағдайда әлі де жеткіліксіз екені сөзсіз. Жалпы, оны ұлғайту керек деген сөз көптен айтылып келеді. Біздің де ұстанымымыз солай, оны кем дегенде ЖІӨ-нің 1%-ына дейін өсіру керек.

- Сұхбатыңызға рақмет.