«Құрмет» орденін алған Қыран Талапбек өзінің оған лайық емес екенін мойындады (ВИДЕО)
Әкеме бердім, - деп жазды ол
Жақында ғана танымал мобилограф Қыран Талапбек «Құрмет» орденін алған еді. Блогер бұл марапатты «ең лайық адамына» табыстап, орден орнын тапқанын айтты.
Әуелі Алла, одан кейін мені қолдаған әр жанға алғысым шексіз. Еңбегімізді бағалаған президентке және мүмкіндік берген әр адамға алғысым шексіз. Атын айтпасам да біледі. Бірден айтамын, бұл орденге лайық емес екенімді мойындаймын. Бұл – менің емес, өз еңбегімен адал жұмыс істеп, адал нанын тауып жүрген 30 мың жас мобилограф маманның ордені, - деп жазды Қыран Талапбек.
Сондай-ақ ол бұл орденнің өз арманына ұмтылғысы келетін жастардың еншісі екенін айтқан.
Құттықтап, қолдаған әр жанға рақмет! «Лайық емес» деп наразы болғандарды да түсінемін. Артық алып бара жатқан ештеңеміз жоқ. Сондықтан орден өз орнын тапты. Мен үшін ең лайықты кісі. Әкеме бердім, - деп жазды ол.
Еске сала кетсек, Қыран Талапбек Астанада өткен ШЫҰ саммитіне келген мемлекет басшыларын видеоға түсіріп, оны Instagram-дағы парақшасына жариялады. Басқа президенттер мобилографтың бейнежазбасын қабылдамаса да Моңғолия басшысы аталмыш коллаборацияны бірге жариялауға келісімін берген.