×

«Бұл – қазақ дзюдосының тарихи алтыны»: Елдос Сметов қазақстандықтарға алғыс айтты

Сметов 60 кг салмақ дәрежесінде Олимпиада чемпионы атанды

 Халық үні 30.07.2024 | 14:21
Фото: Сали Сабиров

Париж Олимпиадасында дзюдодан алтын алған спортшы Елдос Сметов өзіне қолдау бірдірген қазақстандықтарға алғыс айтты. Ол әлеуметтік желідегі парақшасында жазба жариялап, жүлдені қазақ дзюдосының көптен күткен тарихи алтыны деп атады, деп хабарлайды Halyq Uni.

Олимпиада чемпионымын! Өзімнің медаль жиынтығыма тек осы бір медаль жетпей тұрды. Бұл медальді осыған дейін екі рет екі жағынан көріп кеттім. Қол созым жерде қалдырдым. Міне, енді Олимпиаданың алтыны – менікі. Парижге тек алтын алуға келген болатынмын. Арманым орындалды. Бақыттымын!, - деп жазды спортшы.

Сондайақ Сметов өзіне қолдау білдірген жақындарына, бапкеріне алғыс айтты.

«Қанша күннен бері құттықтап, жылы лебіз, сый-сияпаттарыңызды арнап жатқандарыңызды көріп отырмын. Көп рақмет! Қазақ халқының қолдауы мен үшін қашан да ыстық және әлемнің қай бұрышында күрессем де мен оны сеземін. Бұл – Қазақ спорты, қазақ дзюдосының көптен күткен тарихи алтыны», - деді спортшы.

Сметов қажырлы еңбек, арманға деген адалдық, мақсатқа деген батыл қадамдар жеңіске жеткізгенін айтып өтті. Айтуынша, бұл қатарда жарақатқа төтеп беру, талап, дисциплина да бар.

Біздің Олимпиада жолымыз үш бөлімнен тұратын ұзақ сапар болды. Осы уақыт аралығында маған қолдау көрсеткен, жігерімді жаншымай үнемі жанымнан табылған, сенген, демеген әуелі ата-анама, отбасы-бауырларыма, асыл жарыма, балаларыма шексіз рақметімді айтамын. Әрине, жеке бапкерім, екінші әкем Ғалымжан ағайдың (Ғалымжан Жылгелдиев – ред.) еңбегін сипаттауға сөз жетпейді, - деді Сметов.

Сондай-ақ Олимпиада чемпионы мемлекетке, оның ішінде Қазақстан дзюдо федерациясына және «Динамо» ұжымына алғыс айтты.

Айта кетейік, Елдос Сметов Париж татамиіндегі доданың финалында франциялық дзюдошы Лука Мхеидземен кездесті. 60 кг салмақ дәрежесінде өткен белдесуде Елдос Сметов 1:0 есебімен жеңді.

Ол Рио-2016 бәсекесінде күміс, Токио-2020 додасында қола медаль жеңіп алған еді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама