«Түркістаннан бастап барлық өңірді дамытқым келеді»: әлемнің 45 университетінен шақырту алған түлек

Гүлбаршын Нұрхан

Түркістандық Дамир Аюпов Прагада оқуды жоспарлап отыр

Коллаж Halyq Uni / prag-study.com фотосы қолданылды

Түркістан қаласы №15 орта мектебінің түлегі Дамир Аюпов әлемнің 45 жоғары оқу орнынан шақырту алған. Сондай-ақ ҰБТ-дан 133 балл алып, IELTS-тан жоғары ұпай жинаған. Halyq Uni тілшісі түркістандық түлекке хабарласып, шетелде оқу үшін не істеу керек және алдағы жоспарлары қандай екенін білді.

Дамир Аюпов шақырту алған елдердің арасында АҚШ (Arizona), Чехия (ВШЭ), Нидерланд (NAU), Германия (NEC) бар. Алайда ол Чехияның Прага қаласында оқуды жоспарлап отыр. Ол шетелдік университтерге тапсыру үшін не істеу керек екенін де айтып берді.

Шетелдік университетке түсу үшін бірнеше кезеңнен өту керек. Ең алдымен IELTS емтиханын тапсыру керек. Мен жаздан бастап дайындалып, 6.5 ұпай алдым. Одан кейін мотивациялық және ұсыным хат қажет. Мотивациялық қағазда өзіңнің не үшін сол саланы таңдағаныңды және неге сол университетке түскің келетінін түсіндіріп жазу керек. Ал ұсыным хатты ұстаздар жазады. Сондай-ақ аттестатағы балл да жоғары болуы керек. Одан кейін белсенділік, қоғамдық, қайырымдылық шаралар мен волонтерлік ұйымдарға қатысу да әсер етеді. Мен «Эко Түркістан» және шахматтан жарысқа қатысып, белсенді болдым, - дейді Дамир.

Аюпов шетелде оқысы келетін оқушылар мен түлектерге кеңес те айтты. Оның сөзінше, дайындықты ертерек бастау керек. Ал Дамирдің өзі 10-сыныптан бастап қарқынды дайындалған.

10-сыныптан бастап дайындалдым. Егер әлемнің ТОП университетіне түскісі келетіндер болса, 7-8 сыныптап бастап дайындалуы керек. Өйткені менде дайындық күйзеліспен тез-тез әрі қысқа уақытта болды. Сондықтан ертерек дайындалған дұрыс. Адам өмір бойы оқиды, ізденеді. Ең алдымен өзің үшін, болашағың үшін оқу керек деп айтар едім, - дейді Дамир Аюпов.

Талапкер өзінің білімін тексеру үшін ҰБТ-ны тапсырып, 133 балл жинаған. 10-сыныпта дайындықты бастаған сәтте қазақтандық университетке түсуді ойлаған. Таңдау пәні – ағылшын мен география.

Дамирдің айтуынша, кез келген адам өзі үшін оқып, білімнің маңызын түсінуі керек. Сондай-ақ жақындарының да қолдауы маңызды. Дамирге анасы әрдайым білім алудың маңызын ұғындырып, бағыт беріп отырған.

АҚШ-тан бірінші шақырту келгенде анама хабарластым. Өйткені шетелде оқу қалай болар екен деп уайымдадым. Алайда анам бұл жаңалыққа қатты қуанды. Менің ұстаздарым мен достарым да бұл хабарды жақсы қабылдады. Шетелге тапсыру деген ой маған ағамның достары арқылы келді. Олар Ұлыбританияда және Чехияда оқыған. Солардан кеңес алып, шетелде оқу үшін не істеу керек екенін сұрадым. Олар шетелде білім алып, сол білімді Қазақстанды дамыту үшін пайдалану керек екенін үнемі айтады, - дейді Дамир.

Ол шетелде оқып келген соң, Қазақстанға оралып, Түркістанда және еліміздегі мейрамхана бизнесін дамытуды армандайды.

«Еуропада болон жүйесі арқылы 4 жыл оқу керек. Содан кейін, әрине, өз еліме оралғым келеді. Әр адам өз туған еліне оралып, қызмет етуі керек деп ойлаймын. Өйткені ол біздің туған жеріміз. Түркістаннан бастап барлық өңірді мейрамхана саласында дамытқым келеді», - дейді түркістандық түлек.