Отандастарымыз дипломаттың жауабына баға берді
Қазақстанның Ресейдегі Төтенше және өкілетті елшісі Ермек Көшербаев «Россия 24» телеарнасына берген сұхбатында еліміздегі мемлекеттік тіл және орыс тілінің қазіргі жағдайы туралы ойларын айтты.
Телеарна тілшісі сұхбатта елшіге Қазақстандағы тіл мәселесіне қатысты сұрақ қойды. Ол Қазақстанда орыс тілінде оқытатын мектептердің саны азайып, қазақ мектептерінің көбейіп жатқанына, орыс тілінің шет тілі болуы мүмкін екеніне алаңдаушылық білдіріп отырғанын атап өтті.
- Әрине, Ресей Қазақстанның қазақ тілін дамытуға талпынысына құрметпен қарайды. Алайда, біздің елде Қазақстандағы орыс тілінің іс жүзінде шет тілі болуы мүмкін екеніне алаңдайды. Неге Қазақстанда екі тіл мемлекет тарапынан қолдауға ие болмай отыр? Біздің елдер ежелден бері көрші тұрады. Біздің халықтардың достығы тілге байланысты емес пе?, - деген тілшінің сұрағына елші былайша жауап берді.
- Сізге бәрін ашық айтайын. Сонда түсінетін шығарсыз. Бірден айтайын, Қазақстанда орыс тіліне ешқандай қауіп жоқ. Орыс тіліне қауіп деген мәселе сіздерге Қазақстандағы жағдайды бұрмалап беріліп жатқан ақпараттан шығып отыр деп ойлаймын.
Мен мектепте студент кезімде оқытушы болып жұмыс істедім. Өзім орыс балабақшасына барғанмын. Мектепте, университетте орысша оқыдым. Кезінде Алматыда 1 млн жуық халық тұрған. Сонда көбінесе орыс мектептері болды. Қалада 2-3 қазақ мектебі ғана болды. Сізге тағы да қайталап айтайын, Қазақстанда орыс тіліне қауіп жоқ. Бізде орыс тілінің проблемасы жоқ. Қазақстанда халықтың 90 пайызы орыс тілін біледі. Бізде қазақ тілінің ғана проблемасы бар. Бұл Кеңес одағы кезіндегі білім беру саласындағы кемшіліктен шыққан проблема. Сіз Қазақстанда орыс мектептері аз деп жатсыз. Сізге нақты сандарды айтайын. Білім және ғылым министрлігінің мәліметіне қарағанда, біздің елде мемлекеттік тілде 6 942 мектепте сабақ беріледі. 1121 орыс мектебі бар. Бұл жалпы мектептердің - 16 пайызы. 2075 мектеп – аралас. Яғни, онда қазақ және орыс тілдерінде оқытылады. Былайша айтқанда, білім ордаларының 30 пайыздан астамы аралас мектептер болып келеді. Сонда 1 млн-нан астам халық орыс тілінде білім алады. Біздің халықтың санына қарағанда бұл әрине, жақсы көрсеткіш, - деді ол.
Қазақстанның Ресейдегі Төтенше және өкілетті елшісі Ермек Көшербаевтың сұхбаты «Россия 24» телеарнасында жарияланған күні Telegram-арналарда, басқа да әлеуметтік желіде кеңінен тарап, отандастарымыздың қолдауына ие болды. Әсіресе, оның «Бізде орыс тілінің проблемасы жоқ. Бізде қазақ тілінің ғана проблемасы бар», деген жауабына оқырман қауым бас бармақпен бағаларын берді.