Депутаттық сауалдарымыз шешілмейтін бос ұранға айналып кетті – Мәжіліс депутаты

Алиакпар Қадырбаев

Берік Әбдіғалиұлы Үкіметті, Мәжілістегі әріптестерін сынға алды

Берік Әбдіғалиұлы, фото: parlam.kz

Мәжіліс депутаты Берік Әбдіғалиұлы Үкіметті де, әріптестерін де сынға алған жазбасын жариялады. Берік Әбдіғалиұлы соңғы күндері депутаттарға қаратып айтылып жатқан сынның орынды екенін жеткізді.

Бастысы, бізде табандылық жеткіліксіз. Мәжілістегі әріптестерім қаншама маңызды және өзекті мәселелер көтерді - сол бағасы өсіп бара жатқан азық-түлік, газ, жанармай туралы Үкіметке бірнеше рет талап қойды, жеке адамдардың банкроттық заң жобасында ұсыныды. Ал соны тыңдап жатқан Үкімет болмады, қойған сауалын қорғаған депутаттар да аз.  Тіпті, кейбір депутаттық сауалдарымыз шешілмейтін бос ұрандарға айналып кетті.

Егерде сол қойылған мәселер бойынша Үкімет тиісті шаралар қабылдағанда кешегі қан-төгіс болмас па еді?! – дейді депутат.

Мәжіліске табандылық жетіспейтінін айтқан Берік Әбдіғалиұлы Үкімет депутаттық сауалдарға бір парақ қағаз жауаппен құтылмай, Парламентке келіп жауап берсін, шешу жолдарын айтуды ұсынды.

Сондай-ақ Мәжілістің құзырын де-факто күшейтіп, Үкімет жұмысына, ұлттық компанияларға да бақылауын күшейту қажеттігін айтты.

Мемлекет басшысы Қ.Ж.Тоқаев жариялаған Саяси реформалар аясында Конституцияға да өзгерістер қарастыру керек. Мәжіліс депутаттарының бір бөлігі жеке округтерден де сайлану жолын қарастыру қажет. Қоғамдағы барлық белсенді және беделді саяси күштер мен тұлғалар Парламентке келу керек. Бұл алаңға шыққан отандастарымыздың бір талабы! Себебі, елдің талабы алаңдарда емес, Парламентте көтерілуі қажет. Бұл тұрақтылықтың бір кепілі. Ең бастысы - Парламент жаңарған Қазақстанға сай болу керек! – деді Мәжіліс депутаты.

Мәжіліс депутаты Берік Әбдіғалиұлы бұған дейін Жаңаөзеннен басталып, Қазақстанның әр түкпірінде өтіп жатқан әлеуметтік наразылыққа пікір білдіріп, Үкіметтен «шұғыл саяси және экономикалық шешімдер» талап етті.