×

«Қазақстанда өзге ұлт өкілдері әскерге балаларын жібермейді» - әскери сарапшы (ВИДЕО)

Бұл жайтқа тарихи факторлар әсер еткен болуы мүмкін 

 Ернар Сейтахмет 08.06.2022 | 00:21

Бұл туралы «Өзгеше» подкаст алаңында әскери сарапшы, халықаралық қауіпсіздік магистрі Эмин Джаббаров айтты. 

Айта кетейік, екі жыл бұрын Жамбыл облысы Масаншы ауылындағы тұрмыстық жағдайдан соң ел арасында «дүнгендер балаларын әскерге жібермейді», деп дау туындаған болатын. 

Әскери сарапшының айтуынша, Қазақстандағы түрлі этнос өкілдері балаларын әскерге жібере қоймайды. Бұл жайтқа тарихи факторлар әсер еткен. Эминнің өзі әзірбайжан ұлтының өкілі, Алматы құрлық әскери институтының түлегі, өмірінің 15 жылын қазақ әскерінің қатарында өткізген. 

Журналистің «Қазақ әскерінде өзге ұлт өкілдері аз ба» - деген сауалына Эмин «Аз» деп жауап беріп, өз отбасысының тарихына тоқталды. 

«Мен қазақ емеспін, сонда да әскердемін. Себебін түсіндірейін. Мен әзірбайжандық әзірбайжанмын. Менің ата-анам Әзірбайжанда туып өскен. Менің әкем Кеңес әскерінің офицері болған. Кеңес үкіметі құлаған соң біз осында қалдық. Отбасымыз 50-жылдары көшіп келген жоқ», - деді әскери сарапшы. 

Эмин Алматы мен Шымкентте әскери қызметте жүргенде Қазақстанға өткен ғасырдың басында көшіп келген әзірбайжан ауылдарының ерекшеліктерін байқаған. 

«Олар ауыл болып көшіп келді де, әлі сол кішкентай Әзірбайжанда өмір сүріп жатыр. Олар әскерге бармайды. Менің әйелім қоныс аударушы. Қайын жұртым өз балаларын менімен араластырмауға тырысады. Неге екенін түсінбей жүрдім. Мен оларға жаман әсер етеді екем. Өйткені, оларға КИМЕП, Сүлеймен Демирел, Назарбаев университетіне түсуге үгіттеймін. Ал оларға оқу керек емес. 18 жасынан олар саудаға араласады. Отбасылық бизнесті жүргізеді. Яғни, диаспоралар өз балаларының қоғаммен араласуын шектеген», - дейді ол. 

Оның айтуынша, бұл мәселені шешу үшін әлеуметтанушылар мен психологтар жұмыс жасауы керек.

«Олар өте жабық. Өз дәмханаларында тамақтанады. Диаспора болып өмір сүреді, ешкімді араларына кіргізбейді. Мен қазір өзім көрген этностарды айтып тұрмын. Және мен оларды кінәләмаймын. Себебі, контексті түсіну керек: оларды отанынан алып кетті, адамдар ұзақ уақыт туысқандарынан алыстап, резервуацияларды болды. Кейін отанына оралғанда ауылдарында өзгелер тұрды. Жері мен елі жоқ халық Қазақстанға қайтып келді. Менің ойымша, бұл диаспораларда посттравматик синдромы бар. Социологтар зерттеу жүргізу, психологтар адамдармен жұмыс жасауы қажет. Үлкен жұмыс істеу керек», - деп түйіндеді ол сөзін. 

Серіктес жаңалықтары

Сараптама