Halyq Uni логотип
×

Бочча арқылы инклюзивті қоғам құрғымыз келеді – федерацияның бас хатшысы

Спортшылар Финляндияға халықаралық жарысқа барып, командалық есепте 3-орын алған

 Айгерім Таубай 22.07.2024 | 10:24
Бочча арқылы инклюзивті қоғам құрғымыз келеді – федерацияның бас хатшысы
Фото: Halyq Uni

Қазақстан бочча федерациясы спортшылары 2028 жылы Лос-Анджелесте өтетін паралимпиада ойындарына қатысқысы келеді. Бұл туралы Қазақстан бочча федерациясының бас хатшысы, «Тең мүмкіндіктер әлемі» қоғамдық қоры президенті Нұргүл Ұлжекова айтты, деп хабарлайды Halyq Uni.

Қазақстарға боччаны спорт түрі ретінде 2017 жылы «Тең мүмкіндіктер әлемі» қоғамдық қоры алып келді. Спорттың осы түрінен үйірме аштық. Содан кейін бочча спортшыларымыз саны басқа спорт түріне қатысатындарға қарағанда көбейе бастады. Өйткені бочча үйірмесін ұйымдастыру қиын емес. Оған ені 6 метр, ұзындығы 12,5 метр түзу алаң қажет. Арнайы доптар қажет. Сондықтан бочча үйірмелерін мектептің спорт залында, шағын орталықтарда да ұйымдастыра аламыз. Сол себепті бочча танымал болып кетті. Боччаға әртүрлі диагнозы бар балалар қатыса алады: аутизм, Даун синдромы, арбада отырған бала мен сау бала да қатыса алады. Бочча жалпы адамдарға бейімделген спорт, - дейді Нұргүл Ұлжекова.

Айта кетейік, Қазақстан бочча федерациясы 2021 жылы құрылған. 2021 жылы республикалық турнир өтіп, түрлі диагноз қойылған спортшылар қатысқан.

«Бочча федерациясының басты мақсаты – паралимпиадалық спорт түрі ретінде Қазақстанда дамыту, бочча спортшыларымызды дайындап, паралимпиада ойындарына дейін жеткізу. Федерацияның екінші бір бағыты – инклюзивті бочча. Яғни, бочча арқылы біздің қоғамды инклюзивті қылу. Бочча ойындары, жарыстары арқылы мүгедектігі бар адамдарды олардың диагнозына қарамай, олармен бірге сау адамдар да сол додаға қатыса алатындай мүмкіндік беріп, инклюзивті қоғам құру», - дейді Нұргүл Ұлжекова.

2023 жылы Қазақстан бочча федерациясы президенті болып Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев тағайындалды. Әңгіме барысында сол уақыттан бері федерация жұмысында қандай өзгерістер болып жатқанын да нақтыладық.

Федерация жұмыс істеген 2 жыл ішінде өз күшімізбен, бір жарысты әрең өткізіп, жүгіріп жүрдік. Өйткені бапкерлер, дәрігерлер өз күшімізді салдық. Мәулен Әшімбаев федерация президенті болғаннан кейін стартегиялық жағынан өте жоғары деңгейде дамып келе жатырмыз, - дейді Қазақстан бочча федерациясының Бас хатшысы.

Айтуынша, жақында спортшылар халықаралық жарысқа Финляндияға барып, командалық есепте 3-орын алған. Жеке жарыстар бойынша бір спортшы қола жүлдеге ие болды.

Бұл – 1-2 жылда болған өте үлкен жеткістік. Себебі енді ғана тәй-тәй басып келе жатырмыз. Биыл паралимпиада ойындары Парижде өтеді, оған лицензия алып үлгермедік. Келесі ойындар 2028 жылы Лос-Анджелесте өтеді, соған жетуіміз керек деген үлкен мақсатымыз бар, - деп түйіндеді Ұлжекова.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама