Ақша жинау дәстүрге айналған...
Қазақстан әскерінде сарбаздардан ақша жинау белең алған. Бұл жайлы «Өзгеше» подкаст алаңында запастағы майор, халықаралық қауіпсіздік магистрі Эмин Джаббаров мәлімдеді.
Оның айтуынша, жауынгерлер ай сайын жалақысының бір бөлігін жинайды.
«Әскер полиция, немесе Ұлттық қауіпсіздік комитеті емес, кәсіпкерлерге немесе басқа ұйымдарға әсер етпейміз. Сондықтан, іштен ақша жинау дәстүрге айналған. Мен ай сайын жалақымның 10 пайызын тапсыратын едім. Ол ақша стенд жасауға, үстел жөндеуге, бояу мен ақтауға зат алуға жұмсалатын. Жалақым 200 мың теңге, қазір 400 мың теңгеге дейін өсті ғой деймін. Соның 10 пайызын тапсыру - қалыпты жағдайға айналды», - дейді запастағы майор.
Айтуынша, қаражатын қимағандар ұйымда қызмет ете алмайды, оны шығарып жібереді екен. Жиһаз жөндеуден бөлек командирлердің өтініші бойынша белгілі шараларға қаражат бөлу керек екен. Командирлердің бұл өтініштеріне қол астындағылар қарсы келе алмайды.
«Ешкім мәжбүрлемейді ғой. Командирлер идея айтады, ұсыныс тастайды, өтініш білдіреді. Қызметте өсуің, басқа әскери бөлімге ауысуың, академияға түсуің басшылыққа байланысты. Сондықтан, адамдар өздері тимбилдингтер, отырыстар ұйымдастырады», - дейді Эмин Джаббаров.