Бұл актердің елімізге алғашқы сапары емес
Голливудтың белгілі актері, «Оскар» және «Алтын глобус» сыйлықтарының үміткері Эрик Робертс Қазақстан азаматтығын алғысы келетінін айтты, деп хабарлайды Halyq Uni.
Ол бұған дейін елімізге төрт рет келген. Айтуынша, бұған дейін көшпенділер ойындарын тамашаламаған. Алайда Қазақстан астанасында өтетін ойындарға келуді жоспарлап отыр.
Бұған дейін бір рет те көрген емеспін. Бірақ асыға күтіп жүрмін. Өйткені мұндай іс-шараларды жақсы көремін. Мұнда келгенде маған алдағы ойындар туралы толығырақ айтып берді. Сіз білесіз бе, актерлер олар нағыз көшпенділер. Сондықтан, мен өзімді белгілі бір мағынада көшпенді санаймын, - деді ол «Голос народа» ютуб арнасына берген сұхбатында.
Актер жылқы өсірумен айналысатынын атап өтті. Бүгінде өзінде екі араб сәйгүлігі барын мақтанышпен жеткізді.
Маған жылқымен байланысты нәрсенің бәрі ұнайды. Жылқыларды жақсы көремін. Өзім де өсіремін, фанатымын десем болады. Сондықтан көшпенділер ойындарында ат спорты түрлерін жібермей көретін боламын. Өзім атқа мінемін. Ботай мәдениеті туралы хабарым бар. Бастапқыда жабайы жылқылар кішкентай болғанын әрі оны сіздердің қолға үйреткендеріңізді білемін», - деп қосты актер.
Айта кетейік, актер 2018 жылы Қазақстанда деректі фильмге түскен еді. Алдағы уақытта қазақстандық режиссерлерден ұсыныс түссе, қуана келетінін атап өтті.
Тіпті жүгіріп келетін едім. Бұған дейін де ұсыныс болды. Бір жағынан қазір сол үшін де келдім. Кино түсірумен айналысатын керемет жігітті кездестірдім. Мен онымен бірнеше рет жұмыс істедім. Ол тағы да қоңырау шалып, маған Қазақстанға түсіруге барайық, фильм түсірейік деді. Бүған дейін Қазақстанда киноға түскен едім, - деді ол.
Сонымен қатар актер Қазақстан азаматтығын алу туралы ұсыныс болса, қуана келісетінін айтты.
Көп ойланбастан қабылдайтын едім, - деді ол.
Еске салсақ, актер өткен аптада Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының шақыруымен Астанаға арнайы келген болатын. Ол Дүниежүзілік көшпенділер ойындарымен танысу үшін келген.