V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына Ботай қонысы топырағын апару ұсынылды

Айгерім Таубай

Дода 8-13 қыркүйек аралығында Астанада өтеді

Фото: «Ботай» тарихи-мәдени музей-қоры

Астанада өтетін V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына Ботай қонысының топырағын апару ұсынылды. Мұндай ұсынысты «Ботай» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының директоры Қуаныш Шақшақов жасады, деп хабарлайды Halyq Uni.

Маман ойынға жарыс өтіп жатқан жердің суын апару дәстүрін алмастырып, оның орнына топырақ апару қажет деп санайды.

Әр ойынның өз символы бар. Олимпиада ойындарында алау жағылады. Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының да өз дәстүрі бар. Ол – сайыс өтіп жатқан жердің суын әкелу. Ал сайыс биыл Қазақстанда өтетін болғандықтан, Ботай жерінің қасиетті топырағын апаруды ұсынып отырмын. Өйткені Ботай қонысы – ең алғаш жабайы жылқының тұяғы тиген жер. Су ағып отырады, ал топырақ сол жерде тұрады. Ботай жері де қасиетті. Ата-бабамыздың дәстүрі бойынша бізде су емес, топырақ жеткізіледі. Мәселен, Абылай хан туған Көкшетау жерінен топырақты алып, «Абылай ханның қара жолы» экспедициясы барған жеріне жеткізді, - дейді Қуаныш Шақшақов.

Сондай-ақ биыл «Ұлы дала жорығы» Ботай қонысынан басталады. Айта кетейік, ат марафоны алғаш 2022 жылы ұйымдастырылды. Маманның айтуынша, бұл іс-шараның Ботай жерінен бастау алуының символдық мәні бар.

«Мұндай оқиғаның Ботай қонысынан бастау алғаны дұрыс. Жылнама бойынша алсақ, кейінгі зерттеулерде Ботай қонысында адамдардың 2 мың жылға тарта уақыт өмір сүргенін көре аламыз. Көкшетау қаласы жанында Ботай мәдениетіне тән Қызылжар қонысы бар. 2 жыл бойы Ботай мен Қызылжар қонысында қазба жұмыстарын өткізген кезде сараптама Қызылжардың Ботайдан 600 жылдан кейін пайда болғанын көрсетті. Сондықтан жорықтың Ботай қонысынан бастау алғаны дұрыс және бұл тарихи әділеттілік болады, - дейді маман.

Әңгіме барысында музей-қорық директорынан тарихи мекеннің қазіргі жағдайын да сұрадық. Айтуынша, Ботай қонысына жарты жыл ішінде 17 мыңнан аса турист барған.

Жыл сайын Ботай фестивалі өтеді. Іс-шара 2024 жылы 21 мамырда өтті. Оған 2 мыңнан аса турист келді. Жалпы алғанда жарты жылда 17 мың туристің табаны тиді. 2023 жылы Ұлыбритания ғалымдары келіп, Ботай қонысында қазба жұмыстарын өткізді. Геомагниттік жұмыс жүргізген кезде 600-ден 800-ге дейін тұрғын үйдің орнын анықтап берді. Арнайы құрылғы сол кездегі көшелер орнын да көрсетті. Яғни, 6 мың жыл бұрын алғашқы жылқыны үйретумен қатар алғашқы қалалар да осында пайда болған. Ботай – дүние жүзінде алғашқы қалалардың қонысы. Ғалымдардың айтуынша, ол жерде қазіргідей адамдар бөлініп өмір сүрген. Яғни, 62 гектар жердің бір бөлігінде мал шаруашылығымен айналысатын адамдар тұрса, енді бір бөлігінде балықшылар, үшінші бөлігінде шеберлер тұрған. Ол жерде қару-жарақ, әшекей бұйымдар, қыш ыдыстар жасаған. Ботай қонысының дәл ортасында билеушілер өмір сүрген, - дейді Қуаныш Шақшақов.

Айтуынша, 1980 жылы Ботай қонысы табылғалы ол жерден 2,5-3 млн жылқының сүйегі табылған.

«Қаңқа, бас сүйегі, омыртқа сүйегін жеке-жеке есептесек 3 миллионға дейін жетеді. Бұл жерде 1983 жылы ең алғашқы халықаралық алғашқы симпозиум өткен. Шетелден ғалымдар келіп, жылқының қолға үйретілгенін анықтады. Қазірге дейін оған күмәнданатындар бар. Ол сөзімізге Ботай қонысында ең алғашқы үзеңгінің табылғаны дәлел бола алады. Жылқының бас сүйегіндегі тістерінде ауыздықтың белгілері бар. Бұл – екінші дәлелі. Үшінші дәлел – Ұлыбританиядан келген ғалымдар тапқан ат қора орны. Ең маңыздысы – Германия зертханасында осы жерден табылған қыш ыдыс қалдықтарында қымыздың молекуласы анықталды. Егер жылқы қолға үйретілмесе, қымыз қайдан келеді?», - дейді музей директоры.