Елімізде 5 мың диабетик заманауи инсулиннен қағылайын деп отыр
Руслан Закиев degludek инсулині елімізде 2015 жылдан бері бар екенін айтады
Елімізде бір типті қант диабетімен ауыратын балалардың ата-аналары пикетке шығуға оқталып отыр. Себебі Денсаулық сақтау министрлігі осы дертке шалдыққан балаларға салынатын заманауи degludek инсулинін тегін берілетін дәрі-дәрмек тізімінен алып тастаған. Сондықтан ата-аналар жақын арада еліміздің барлық өңірінде БАҚ пен жұртшылықты тартып, бір мезгілде жеке пикеттер өткізуді жоспарлап отырғанын айтады, деп хабарлайды Halyq Uni.
«ДиарКом» диабеттік ата-аналар комитеті» қоғамдық қорының директоры Руслан Закиевтің айтуынша, заманауи инновациялық degludek инсулині Қазақстанда 2015 жылдан бері бар. Былтыр жыл соңында денсаулық сақтау министрлігі мамандар мен дәрігерлердің, қоғам белсенділерінің айғақтарын қабылдап, осы инсулинді амбулаториялық дәрі-дәрмекпен тегін қамту тізіміне қосқан. Оның басқа инсулиндерге қарағанда бірқатар артықшылығы бар.
Ең басты артықшылығы, ол гипогликемия жағдайын басқа дәрі сияқты көп әкелмейді. Оны 1 жастан бастап балаларға қолдануға болатындықтан, маңызы өте зор. Әсіресе, кішкентай балалар үшін, өйткені, елде осы дертке шалдыққан бала өте көп. Шамалап есептегенде, елімізде осы күні 5 мыңнан астам бала қант диабетіне шалдыққан, - дейді Руслан Закиев.
Degludek инсулинінің бір қасиеті – ересектерге де сатып алынуы. Оған қоса, қант диабетінің бірінші де, екінші де типіне салына береді.
Қоғам белсендісінің сөзінше, егер 2024 жылға арнап сатып алынған көлемін қараса, ол шамамен сол 5 мың пациентке арналған болып шығады. Енді келер жылы сол 5 мың адамға басқа инсулинге ауысуға тура келеді немесе олар өз ақшасына сатып алуға мәжбүр болады.
Біз degludek инсулинін сатып алуға аса көп шығын кетпейтінін Денсаулық сақтау министрлігіне бірнеше рет дәлелдедік. Соған қарамастан алып тастап отыр. Бюджет қаражаты жетпейтінін айтады. Ашығын айтқанда, олар тегін дәрі тізімінен көп түрін алып тастаған. Оның барлығы дерлік сол тізімге былтыр қосылған. Сайып келгенде, жаңадан қосылған препараттың бәрін қайта алып тастады, - дейді Руслан Зәкиев.
Ал министрлік ұсынып отырған инсулиндердің ішінде кейбірі Қазақстанда өндіріледі. Бұл қатарда «РинГлар», «Гларгин» инсулині бар. Ал «гларгин 300» батыс елдерінің компанияларында шығады.
Соның ішінде «Гларгин 100» препаратының елімізде клиникалық тәжірибеден өткеніне ширек ғасыр өткен, яғни айтарлықтай ескі. Бұл аралықта биотехнологиялық ғылым әлемде әлдеқайда ілгері дамып, қазір заманауи жаңа препараттардың бүтін бір шоғыры пайда болған.
Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанда 30-дан астам ауру түріне тегін дәрі беру тоқтатылуы мүмкін екенін айтылды.
2024 жылдың бірінші тоқсанында Жоғары аудиторлық палата Денсаулық сақтау министрлігі мен оның ведомстволық бағынысты ұйымдарының 2022-2023 жылдардағы қызметіне аудит жүргізіп, дәрі-дәрмектер мен медициналық бұйымдардың бағасын, сатып алуларын, логистикасын, инспекцияларын және қауіпсіздігін бағалауды реттейтін заңнамадағы бірқатар жүйелік кемшілікі анықтаған. Аудиторлық палата төрағасы Әлихан Смайлов елімізде тіркелмеген дәрі-дәрмектің бағасы реттелмей отырғанын атап өтті. Айтуынша, бұл өндіруші зауыт бағасының 2 000%-на дейін үстеме баға белгілеуге мүмкіндік беріп отыр.
Содан кейін Денсаулық сақтау министрлігі дәрілік заттарға баға белгілеу тетігі қайта қаралатынын мәлімдеді.
Бірыңғай дистрибьютордың қызметі өндірушілермен тікелей шарттар жасасуға бағытталады. Бұл делдалдарды алып тастаудың есебінен дәрі-дәрмек бағасын төмендетуге мүмкіндік береді, - деп мәлімдеді министрлік.