«Бір дөкей IPO-дан шыққалы жатыр»: сарапшы Ұлттық банктің «Қазатомөнеркәсіп» акцияларын сатып алғаны туралы
Ұлттық қор 467,4 млрд теңгеге компанияның акцияларын сатып алады
Энергетика саласының сарапшысы Әсет Наурызбаев Ұлттық банктің «Қазатомөнеркәсіп» АҚ акцияларын сатып алуына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Halyq Uni.
Оның айтуынша, компания акциялары стратегиялық жоспар бойынша арзандайды. Өйткені, атом энергетикасы сығымдала түседі, соған сай ядролық отынға деген сұраныс азаяды.
Сондықтан мына жағдайда «Қазатомөнеркәсіп» тиімділігі өте төмен актив. Ұлттық қор тиімділігі жоғары активке салудың орнына тиімді активтер санын азайтып, тиімсіз активтер санын арттырып отыр. Өз бетінше өмір сүріп жатқан активке қол салуын ешқандай мән-мағынасы жоқ әрекет ретінде бағалауға болады, - деді Наурызбаев.
Сарапшының айтуынша, Ұлттық қордың мұндай қадамға баруына еш себеп болмаған. Ол миллиард доллар көлемінде қаражат салынуына біреудің мүддесі бар деп есептейді.
Оны мүлде сатып алмау керек еді. Өз бетінше күн кешіп, қал-қадірінше табыс тауып жатқан компания. Ұлттық қордың тиімді активтерін тиімсіз активтерге неге айырбастайды? Міне, мәселе осында! Дәл қазір «Қазатомөнеркәсіпті» құтқарып қалатындай, оның капиталын толықтыратындай қажеттілік жоқ еді. Соған қарағанда, біреудің акциялары болу керек. IPO-ға кірген бір дөкей енді шыққалы жатқан сияқты. Қарапайым әдіске салып, басында кірді, бағасын екі есе өсірді, енді шығып кетпек. Ал мұндай бағамен ешкім сатып алмайтын болған соң, мемлекетке тықпалап жатыр, - дейді сарапшы.
Айта кетейік, Үкімет республикалық бюджетті қаржыландыру мақсатында Ұлттық қорға жалпы көлемі 467,4 млрд теңгеге «Қазатомөнеркәсіп» АҚ акцияларын сатып алу туралы шешім қабылдаған. Осы шешімді іске асыру аясында Қор қаражатын басқарушы ретінде Ұлттық банк Қордан шамамен 970 млн АҚШ доллары көлемінде шетел валютасын теңгеге айырбастайды.
Ол нарықта дүрбелең туғызбас үшін Ұлттық банк 970 млн долларды 4 ай бойы айына 243 млн доллардан айырбастап отырмақ.