Halyq Uni логотип
×

Көз тию дегенге сенесіз бе? – ғылым мен шариғат дәлелі

Көз тию құбылысына адамның бас құрылысында орналасқан үлкен ми сыңарларының ортасындағы гипофиз себеп болады

 Халық үні 11.07.2024 | 07:25
Көз тию дегенге сенесіз бе? – ғылым мен шариғат дәлелі
фото: dreamstime.com

Көз тиюді ғылым да, дін де жоққа шығармайды. Ал сол «көз тию» дегеніміз не?

Қазақ энциклопедиясында келтірілген анықтамаға сүйенсек, көз тию – дәстүрлі қазақ қоғамындағы наным-сенім түрі. Қазақ халқының ұғымында жақсы адамға, жас нәрестеге, жүйрік жылқыға, сұлу қызға, т.б. тіл-көз тиеді деп есептелген. Бәйгеде озған жүйрік атқа көз тиеді деп сақтанып, елге көрсетпеуге тырысқан. Жас балаға тіл-көз тимесін деп молдаға дұға жаздырып, оны былғары бойтұмардың ішіне салып, мойнына тағып немесе үстіндегі киімнің омырауының астыңғы жағына қадап қояды. Бала кенет науқастанып қалса, «көз тиді», «біреудің сұғы өтті» деп жорып, оған ащылау әдісімен ем жасайды. Ащылау – тұзды уыстап, баланың жалаңаш денесіне басып, «көз тиюді» қайыру әдісі.

Мамандардың пайымдауынша, «көз тию» деген сөздің астарында бір адамның екінші біреуге көз энергетикасы арқылы әсер етуі деген ұғым жатыр. Қос жанарының қуаты мығым жандарды қазақта «көзінің сұғы бар» деп, ал тілінің уыты барларды «тілінің бізі бар» деуі де осыдан шыққан.

Көз тию құбылысына адамның бас құрылысында орналасқан үлкен ми сыңарларының ортасындағы гипофиз себеп болады. Анатомия ғылымының тілімен айтсақ, гипофиз – салмағы небәрі 4 мг болатын без және оның негізгі қызметі – мелотонин гармонын бөлу. Ол адам ағзасындағы салмағы сондай аз болғанымен, салдары аса қиын органның бірі саналады. Кейбір адамда осы гипофиз бастапқы қалпын жоғалтпайтын болса, ол өте мөлдір қалпында сақталады, яғни оның екінші бір адамға әсер ететін энергетикалық қуаты да аса күшті болады. Бұл – бір жағынан жан иесінің бойында тоғысқан экстроординалық қабілет. Кей жандар өздерінің табиғатында тоғысқан мұндай қабілетінің бар екенін өзі де біле бермеуі мүмкін. Алайда ондайлардың адамға, жан-жануарға тесіле қарап, тамсанып-жұтынуының бір ұшы осы «көз тиюге» әкеп соғады, - дейді психология ғылымының докторы, профессор Мұқан Перленбетов.

Дін мамандары да тіл-көз тиюдің шариғатта бар екенін растап, Мұхаммед пайғамбардың (с.ғ.с.) «Көз тию – хақ» деген хадисін келтіреді. «Көз тию – ақиқат. Ол түйені қазанға, адамды қабірге түсіреді», - делінген хадистердің бірінде.

Дінтанушы Алау Әділбаев көз тиюден сақтану үшін мынадай кеңес береді:

  • «Қалам» сүресінің 51-52 аяттарын, «Фатиха», «Аятул-курси», «Фалақ» және «Нас» сүрелерін, сонымен қатар Алланың есімдері мен сипаттарын, Алланың аты аталған аяттарды оқу;
  • елдің назарын өзіне аудартатын, олардың қызығушылығы мен қызғанышын тудыратын киім-кешектер киюден, түрлі әрекеттерден сақтану;
  • көзі тигіш кісілер мен орталардан мүмкіндігінше алшақ жүру, ерекше қажеттілік туындамаған жағдайда ол жерлерге бармау, бара қалған жағдайда Аллаға сыйынып, жәрдем сұрап, дұға жасау қажет.

Ал «Көз тиген баланы қалай емдейді?» деген мақалада көз тиюдің мынандай белгілері келтірілген:

  • көздің сұғы өткір тиген баланың арқасында немесе бетінде қара дақтар пайда болады;
  • ембей қояды;
  • омыраудан шыққан бала болса, аузына тамақ апарсаң, басын алып қашады;
  • егер көз жеңіл тисе бала мазасызданып, тамаққа бұрынғыдай тәбеті тартпай, тек сүтті ғана қорек етеді;
  • көңілі жабырқау тартып, айналасында болып жатқан нәрселерге елең етпейді;
  • еш нәрсеге зауқы соқпай, мелшиіп отыра береді.

Шариғатта көз тиген баланы емдеудің үш жолы айтылады:

  • Балаңызға көзі тиген адамды шамалап білсеңіз, оған жағдайды түсіндіріп айтып, жеңіл дәрет алғызып, дәрет суының қалғанымен баланы шомылдыру;
  • Кімнің көзі тигені белгісіз болса, «Фатиха», «Ықылас», «Фәлаһ», «Нас», «Аятул күрсі» сүрелерінің біреуін оқып, денесін толықтай сипап шығу;
  • Осы сүрелердің біреуін таза суға оқып, балаға ішкізу керек.

Бұған қоса дін мамандары балаға көз тиген деп ойласаңыз, мешітке апарып, имамға дем салдыруға, сондай-ақ өзіңіз сүйкімді балақайға сүйсініп қарап қалсаңыз, «Алланың құдіреті», «Алланың жаратқаны», «тіл-көзім тасқа» деп айтуға кеңес береді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама