×

«Сайтансақал-текелер». Белгілі ақын Мұхамеджан Тазабекке неге шүйліккенін түсіндірді

Светқали Нұржан билікті сәләфизм-уахабизм өкілдеріне тездетіп шара қолдануға шақырды

 Ая Өміртай 07.06.2022 | 13:11
коллаж: Halyq Uni

Белгілі ақын, қайраткер Светқали Нұржан Мұхамеджан Тазабектің референдумға арнаған жырын сынға алды.

Әлеуметтік желілерде Мұхамеджан Тазабектің референдумға арнап жазған жырының мазмұны көпшілік тарапынан сынға ұшырады. Қарсы пікір айтқандардың арасында белгілі ақын Светқали Нұржан да бар. Осы орайда Halyq Uni тілшісі Светқали Нұржанға хабарласып, соңғы оқиғаларға қатысты пікірін сұрап білді.

Ол Мұхамеджан Тазабектің референдумға арнаған жазбасын билікке жағымпаздану деп сынады.

Мұхамеджан Тазабектің жазбасы – жаңа билікке жағымпаздану, сол арқылы санатқа кіріп, сапқа тұру. Үйреншікті идеологияcын жүргізу. Былтыр «ақидамды өзгерттім» деп сан құбылып, өтірік айтты. Әлеуметтік желілердегі Қайрат Сатыбалдымен бірге түскен бүкіл суретін өшіріп, тазартып тастады. Екіжүзді болмаса, бұл не? Назарбаевтың билігін пайдаланып Яссауи жолын талқандады, дейді ол.

Светқали Нұржан сәләфилік идеологияның құрбанына айналған қазақстандықтардың Сирия мен Иракқа аттанып, ДАИШ террор тобына қосылуына себепкер болған жат ағым өкілдері жауапқа тартылуға тиіс деп біледі. Сондықтан деструктивті ағым өкілдеріне билік тездетіп шара қолдануы керек. 

«Басқа кім жауап береді? Сирияға мен жіберген жоқпын ғой. Сирияға кету бойынша идеяларды жүргізгендер – Бекболат Тілеухан, Қайрат Сатыбалдылар жауапты. Оларды кезінде ресми қолдап отырған Самат Әбіш те жауапты. Неше жыл Саудияның ақшасымен, Назарбаевтың ықпалымен «Асыл арнаны» ашып берген билік жауапты. Дарын Мүбаров, Шұбар мешіті жауапты. Улы идеологияны жүргізген адамдар жауапты. Тайыржан Ибрагимов жауапты. Жауаптылар көп. Халифат әскерін жасау мақсатында құрылған Сарыағаштағы Смановтардың медіреселері жауапты», дейді Светқали Нұржан.

«ТЫҚЫР ТАЯНҒАНДА ШЕТЕЛ АСЫП КЕТТІ»

Белгілі ақын «Мұхамеджан Тазабек пен экс-депутат Бекболат Тілеуханнан әлі де қауіп бар ма» деген сауалымызға былай деп жауап берді:

«Өздеріне тықыр таянған соң қашып кетіп отыр. Әрине, қауіп бар. Оларды қолдап отырған осы жақта миллионнан астам жазылушылары бар. Соның бәрі - ақиып кеткен «ақилары». Шара қолдану керек. Мемлекеттің ақшасымен Ізбаев бүкіл институтты басқарып отыр. Қоғамға «умеренный уахабизмді» кіргізіп елдің басын айналдырып болды. Үндемей, көз жұмып отыратын уақыт кетті ғой. Қаңтар қасіреті достың кім екенін, дұшпанның кім екенін көрсетті. Оған қарсы күрес жүргізбесек, олардың шетелден келіп жатқан ақшасын тамырымен қырықпасақ, онда өз тамырымызды өзіміз қырқамыз», деген ол күштік құрылымдарды пайдалана отырып, сәләфизм-уахабизм идеологиясына ресми тыйым салу керектігін атап өтті.

«ҚҰЛ БОЛЫП ЖҮРГЕН БИШАРАЛАРДЫ СУЫРЫП АЛУЫМЫЗ КЕРЕК»

Елдегі жат діни ағымдарды жиі сынға алатын Светқали Нұржанның айтуынша, деструктивті діни ағымдардың теріс ықпалына тоқтау болмаса, соңы Таяу Шығыс елдеріндегідей тұрақсыздыққа ұласуы мүмкін.

«Онда мемлекет құрудың, ұлттық құндылықтарымыз үшін күресудің не керегі бар? Бүкіл билікті соларға берейік те, жер бетінен құриық. Жер бетінен қазақ ұлтын жойып, әулиелерімізді, кесенелерімізді қиратып тастайық. Сондықтан президентімізден бастап, бүкіл билік өкілдері осы істі қолға алуы керек. Қоғамда мемлекеттің болашағы үшін құрылған билік болатын болса, мемлекеттің бүкіл тетіктерін іске қосуға тиіс. Құрылыс компанияларының бәрін жауып, әр нәрсесіне құл болып жүрген бишараларды қолдарынан суырып алуымыз керек. Бұларға адвокат болатын қазақтың зиялы сымақтары бар. «Қателесіп жүр ғой, өз бауырымыз ғой» деп жақын тартқысы келеді. Олар біздің бауырымыздан кетіп қалды, қарағым! Бұлардың Ауғанстанда, Сирияда, Ливияда не жасағанын көріп отырмыз. Сауд Арабия жерінде 18-ғасырдың аяғында басталған саяси-діни қозғалыс адамзатты лаңға салып келе жатқан қан-қасап ұйымдастырушы ағым. Сондықтан Құдайдың алдында да, елдің алдында да өзімнің жолым құл Қожа Ахмет Яссауидың жолы екенін айтудан ешқашан тайынбаймын. Көрдің аузында тұрсам да, мола да жатсам да күресе беремін», дейді Светқали Нұржан.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама