Ғимаратта ұлттық символика қарастырылмаған
Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек Алматы әуежайында жаңадан іске қосылған терминалдың кемшіліктерін атады. Бұл туралы ол Facebook-тегі жеке парақшасына жазды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Депутат әріптесі Айдос Сарым және Аманат партиясының Алматы қаласы филиалының басшысы Станислав Канкуровпен бірге Алматы қаласының аэропортында іске қосылған жаңа терминал жұмысымен танысқанын, оның ерекшелігін TAV компаниясының жаңадан тағайындалған аэропорт басшысы Гокер Косе таныстырғанын жеткізді.
Оның айтуынша, тіркеу және күту залдары, бірінші және екінші қабатында емін еркін демалу, лаундж зоналары, коворкинг, сауда залдары айтарлықтай кең. Бірден ұшаққа терминалдан өту үшін 5 өту зонасы (рукав) көзделген.
Гокер Косеге ұнаса да, ұнамаса да жаңа терминалдың ішінде Қазақстанның ұлттық мәдениеті мен салт-дәстүрін айқындайтын ұлттық оюлардың, ұлттық символдардың болмауын қатты сынға алдым. «Шетелден Қазақстанға келетін қонақ Қазақстанға келгенін түсінуі керек, сондықтан да жаңа терминалда ұлттық нақыштағы қазақи символика мен еліміздің салт-дәстүрі, мәдениеті, өнеріміздің ұлттық белгілері болуы тиіс» деп талап еттім. «Оның болмауы – еліміздің мәдениетін бағаламау, түсіру деп қараймын» деп бетке басуға тура келді. Әрине, сын сөзім түрік инвесторларына, аэропорт басшылығына ұнаған жоқ, бірақ «өзгертеміз, терминалдың сыртқы келбетіне ұлттық нақыштары көбірек енгіземіз» деп сөз берген сияқты. Көрейік, кейінірек келіп тексереміз, – деп жазды Бақытжан Базарбек.
Сондай-ақ ол халықаралық аэропорттардағы тағамдар бағасының аса жоғары, қолжетімсіз болуына байланысты сын айтқан.
Бұл сөздеріме Алматы аэропортының басшысы Гокер Косе: «Біз бағаны көтермесек, ертең кеткен шығындарымызды қайтара алмай қаламыз, сондықтан бағаны өзіміз белгілейміз» деп жауап берді. Бұған мен «Терминалдың ішіндегі тамақ өніміне, қызмет көрсетуге баға реттелу керек, яғни оның шегі болу керек және ертең азаматтардан арыз шағым келіп түссе, біз депутаттар бос отырмаймыз, әрбір факт бойынша тексеріс ашып, оны Парламентте көтеретін боламыз» деп қайырып тастадым. Бұл сөзім де аэропорт басшысына және жанында тұрған түрік инвесторларына ұнамай қалған сияқты. Басқаша айтқанда, аэропорт басшылығына біздің бар екенімізді және тәртіп пен заң бұзылса, бұл мәселе біздің назарымыздан тыс қалмайтынын көрсетіп кеттік, – деп жазды депутат.