Бұған дейін белгілі әншілер қамауға алынған болатын
Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева өнер адамдарының заң алдындағы жауапкершілігін түсіну қажеттігін айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Қоғамды қарыштап өсіретін де, тұқыртып өшіретін де – мәдениет. Мәдениет тек өнер мен білім, озат талғам мен тазалық емес. Бұл, алдымен – адамның ішкі руханияты, халықтың өркениеттік болмысы. Ендеше, сол мәдениеттің туын көтеріп, өнердің тасын өрге домалатып жүрген әрбір майталман елге үлгі, қоғамға бағдар болуы шарт, – деп жазды министр.
Сондай-ақ, ол соңғы уақытта мәдениет саласындағы белгілі азаматтарға қатысты жағымсыз оқиғалар, заңсыз әрекеттер жиілеп кеткеніне өкініш білдірді.
Әрине, жеке-дара адам ретінде, қарапайым азамат ретінде кімге болса да пендешілік тән қасиет. Адам болған соң қателесуің мүмкін, бірақ оның арты заңды аттауға бармауға тиіс. Өзін нағыз «мәдениет қайраткерімін» дейтін жан үшін танымалдық – заңсыздыққа жол беретін құдырет емес. Олар қашан да ұлт мәдениеті дамуының қозғаушы күші саналады. Сондықтан олардың көпке ықпалы тек өнеге, насихат, жақсылыққа арқау болуға тиіс. Мәдениет қайраткерлері Заң мен Ұрпақ алдындағы осынау үлкен жауапкершілігін түсінуі керек, – деп жазды Аида Балаева.
Министр мемлекет басшысының барша қазақстандықтардан талап еткен үндеуін еске салды.
Лауазымына, танымалдылығына, қоғамдағы орнына қарамастан, заң – бәріне ортақ. Ал, мемлекет осы қағиданың мүлтіксіз орындалуын қамтамасыз ететін болады. Сөз жоқ, Ұлы Абайдан бері келе жатқан қоғамдағы надандықпен күрестің алдыңғы шебінде мәдениет майталмандары жүруге тиіс. Осы орайда мен баршамызды осыны ұмытпауға шақырамын! Біз құқықтық тәртіп пен өзара құрметке негізделген әрі мәдени құндылықтарымызды қастер тұтатын қоғамды бірге құра аламыз. Және бұл біздің болашағымыздың берік негізі бола алады деп сенемін, – деді ол.
Еске сала кетсек, бұған дейін Тұрсынбек Қабатов ұсақ бұзақылық жасағаны үшін жауапқа тартылғанын хабарлаған болатынбыз. Ол ұшақ бортында мас күйінде әдепсіз сөздер айтқан.
Сондай-ақ, Қайрат Нұртастың үстінен әкімшілік іс қозғалып, қамауға алынған болатын. Ол да «Алматы-Астана» рейсі бортында бұзақылық әрекетке барған. Ал, әнші Әбдіжаппар Әлқожа сот шешімімен 10 тәулікке әкімшілік қамауға алынды. Ол көлікті басқару құқығынан айырылса да, Toyota Camry-дың рөлін басқарған. Оны ұстау кезінде полицейлердің талабына бағынбай, хаттама толтыруға кедергі келтірген.