Төлеутай Сүлейменов 1991-1994 жылдар аралығында министрлікті басқарды
Қазақстан тәуелсіздігін алғаннан кейін құрылған ведомствоның бірі – сыртқы істер министрлігі. Оның басшылығына дипломат Төлеутай Сүлейменов келді. Halyq Uni тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш сыртқы істер министрімен сұқбаттасып, сол жылдардағы тарихи оқиғалар, елшіліктердің ашылуы туралы сұрады.
– Төлеутай Ысқақұлы, Қазақстан тәуелсіздігін жариялаған кезде КСРО-ның Ирандағы елшілігінде қызмет етіп жүрдіңіз. Содан кейін жаңадан құрылған сыртқы істер министрлігіне шақырту алдыңыз. Сол кездегі тарихи оқиғалар қалай өрбіді?
– 1991 жыл. Кеңес үкіметі тарады. Құрамында болған республикалар жан-жаққа тарап кетті. Әр халық өз жағдайын ойлап, «қай жаққа барамыз?», «назарымызды қай жаққа бөлеміз?» деген сұрақ тұрды. Бұл - бір. Екінші жағынан экономика, көлік жағынан бәрін Мәскеу, Украинадан алатын едік. Тауар жіберіп тұрдық. Оның бәрі жойылды. Не істейміз? деген сұрақ тұрды. Зауыт, фабрика, пойыздар тұр. Ақша жоқ. Ұлттық банкте небәрі 8 келі күміс болды. Доллар жоқ. Инфляция 2 000%. Адамдар жұмыссыз, базарда жүр. Ол уақытта Иранда жүрмін. Сол жақта жүріп Қазақстанның Тәуелсіздік алғанын естідім. Бір күні Алматыдан, Мәскеуден хабарласты. «Төлеутай, біз Тәуелсіздікті алдық. Енді саясатымызды өзіміз жүргіземіз, «старший брат» деген жоқ, деді. Бізде кадр жоқ деп айтты. Ойланайын дедім. Себебі 18 жыл Мәскеуде тұрдым, отбасым, бала-шағам бар. Университет, мектепте оқиды. Жұбайым жұмыс істейді. Бір күнде жолға шығып кеткен қиын. Бір күн ойланайын дедім. Отбасыммен ақылдастым, «жерімізге қайтайық» деп қолдады. Екінші күні билет алып, Мәскеуге жеттік. Ол кезде Алматыға тікелей рейс жоқ.
Президент «Бүгін үкім шығады, кіріс. Мен көмектесемін, бірақ барлық жұмысты өзің істейсің» деді. Бәрі Мәскеуден айтылып отырған, мына жақ тек хаттама түрінде жұмыс істеген. Бес-алты адам. Оның ішінде көлік жүргізушісі де бар. Консулдық бөлімде екі дипломат болды. Кадрды қай жерден аламыз деп, ҚазГУ (қазіргі ҚазҰУ) ректорымен сөйлестім. Басқа министрліктерге хабарласып, ақылдастым. Тіл білетін, экономиканы түсінетін мамандар бар ма деп сұрадым. Кадр тапшылығы болып тұрған кезде кім жібереді? КазГУ ректорымен халықаралық қатынастар мамандығын ашамыз деп келістік. Министрліктің қызметкерлері дәріс оқыдық. Министрлікте алты айдан кейін адам жиналып, бір жылда ведомствода 740 маман болды. Содан кейін елшіліктерді ашуға дайындала бастадық. Оған көп қаражат керек. Себебі шетелде үй сатып алу керек, ол жақта жұмыс істейтін дипломаттардың жалақысы мен көлігі бар. Елшілік ашу үшін 15 мемлекетті даярлап, президентке ұсыныс бердім. Президент үкіметке тапсырма берді. Үкімет «ақша жоқ» дейді. Отырысқа келген кезде «біз ақша табамыз, Сүлейменов мырза жұмсайды» деп айтты. Сонда «Қаражат жұмсаймыз. Тәуелсіздік қымбат тұрады. Тәуелсіздік үшін төлеу керек» деп жауап бердім. 1992 жылдан бастап 15 мемлекетте елшілік аштық. Ішінде Америка Құрама Штаттары, Франия, Ұлыбритания, Испания, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Ресей мен Қытай бар. Тез қимылдап, сыртқы саясатымызды жүргізе бастадық .
– Төлеутай мырза, Қазақстан Тәуелсіздік алғаннан кейін сыртқы саясатта неге басымдық берді?
– Бірінші мәселе – Тәуелсіздікті алғаннан кейін әлемге шығу. Ақша керек. Жанымыздағы көрші Өзбекстан, Қырғызстанда ақша жоқ. Еуропа, Америка, Канада, Үндістан, Қытайдан қаражат тартайық деп шапқыладық. Әр жерге барып, кім екенімізді көрсетіп, таныстырдық. «Пәкістан ба?» деп сұрағандар болды. Қолымызда картамыз бар. Қай аумақты алып жатқанын көрсеттік. Мұнай, газ, металдар бар, бірақ оның бәрін жерден қазып, өңдеп, тауар қылып сату керек. Оған инвестиция керек. Мұндайды өндіру үшін құрылғы керек. Шетелдік компаниялар мен технология керек болды, ал ол бізде Қазақстанда жоқ. Мемлекеттерге 50 рет сапарладық. Әр елдің президенті, премьер-министрлерімен кездестік. Содан кейін бір аптада елімізге 5-6 премьер-министрден келді. Одан кейін біз баромыз, Еуропаға барсақ, бірден бірнеше елге соғамыз. Ол уақытта қазіргідей ұшақ, әуекомпаниялар жоқ. Олар бар, бірақ бізде қаражат жоқ. Ұшақ Атырау, Ақтөбеге дейін ұшады. Сол жерде тоқтап, содан кейін Мәскеуге барамыз. Ұшаққа 25-26 адам сыйады. Ішінде аудармашы да жоқ. Бәрін келісіп, өзім аударым, хаттаманы реттеп… Қиын жағдай болды. Министрлікте 700 адамдай болды, бір-ақ компьютер болды. Содан кейін елімізге Оңтүстік Кореяның министрі келді. Сол кісіге айттым. 30 компьютер тегін берді. Түркияның сыртқы істер министрі латын қарпінің пернетақтасын алып келді.
– Шекараны бекіту жұмыстары қалай жүрді?
– Министр болған алғашқы күннен бастап шекараны бекіту жұмыстарымен айналыстым. Өйткені, Тәуелсіздік шекарасыз нөлге тең. Шекара болмаса, жанжал болады. Қырғызстан мен Тәжікстанға қарайық, Әзербайжан мен Армения, Ресей мен Украинадағы жағдай да бар. Сол кезде комиссия құрылды, шекарашыларды алып, барлық шекараны араладық. Мәселе өте қиын болды. 15 жылдың арасында бар шекараны бекітіп, бағандарды қойып, «Қазақстан» деп жаздық. Қай елмен келіссөз жүргізу қиын болды? Қытаймен қиын болды. Өйткені Кеңес үкіметі кезінде қараусыз қалған. Өзен болса, бір жағында қазақтар, екінші жағында қытайлар тұрған. Араласып кеткен. Бәрін реттеу керек. Ал оған уақыт қажет. Комиссия келіп, тікұшақпен қарады. Халықпен ақылдасып, шешім қабылданды. Саясат жағынан қарым-қатынас жаман болған жоқ. Екі басшы дос болып, қарым-қатынасты ұлғайтты. Қытай төрағасының айтқан сөзі бар: «Бұл өте күрделі мәселе. Мұны екеуміз шешіп алайық, болашаққа қалдырмайық. Басқалар келеді, бұл шешілмейді. Біз шешіп алайық, міндеттіміз» деді. Әлемде 1,5 млрд халқы бар ел мен 15 млн халқы бар ел тең дәрежедегі келісімге келді. Ресеймен арада жеті мың шақырым шекара бар. Ол да шешілді. Екі елдің президенті кірісіп, шекара мәселесін шешіп, келісімге қол қойды. Ол шешілген мәселе болды. Қырғызстан, Түркіменстанмен бір жылда ол мәселені шештік. Өзбекстан кішкене қиындау болды. Сарыағаштағы үш ауылдағы мәселе шешілмеді. Шекара үйдің асханасынан өтіп тұрды. Соны шешкенше уақыт өтті. Мирзиёев келген соң «шешемін» деп, бір жарым жылда бәрін істеді. Содан Қасым-Жомарт Тоқаев барып, Мирзиёев екеуі шекара туралы келісімді қолдап, қол қойды. Қазір ешбір елмен шекаралық мәселе жоқ.
– Көрші шет елдерде шекара мәселесіне байланысты жанжалдар болып жатыр. Оның ішінде Ресей мен Украина, Әзербайжан мен Армения, Тәжікстан мен Қырғызстанды айта аламыз. Соған байланысты жақында Қазақстан келісімге келу үшін Әзербайжан мен Арменияға арнайы алаң ұсынды. Сирияға байланысты Астанада жиын өтеді. Мұндай жиындарды өткізу Қазақстанға не береді?
– Біріншісден, бейбітсүйгіш мемлекет екенімізді көрсетеді. Екінші жағынан ТМД аумағында соғыс болмауы керек. Статус алу үшін, бейбітсүйгіштік саясат. Біз бір отбасының құрамында болдық, ешкім кіріскісі келмейді. Біз өз қалауымызбен кірісеміз. Дағыстанда болған жағдайдан кейін президент Қасым-Жомарт Тоқаев Путинге хабарласып қандай көмек қажет екенін сұрады. Бұл абырой береді. Бұл болашаққа да керек.
– Президент Тоқаевтың мамандығы бойынша дипломат екенін білеміз. Бір кездері сіздің орынбасарыңыз болды. Қазір Тоқаевтың ұстанып отырған саясатын қалай бағалайсыз?
– Тәуелсіздік алған 32 жылда сыртқы саясатта белсенді болдық. Ал қазір, Тоқаев президент болған кейінгі жылдарда сыртқы саясат қарқын алды. Процесс жылдамдады. Шанхай Ынтымақтастық ұйымына төрағалық етіп жатырмыз. Қаншама рет Ресей президенті, Қытай халық республикасының төрағасы келді. Өзі де барып жатыр. Түркия да бар. Барлығы мемлекеттік сапар. Сыртқы саясаттың арқасында экономиканы жүргізіп жатыр.
Әлемдегі жағдайды білесіздер. Неше түрлі санкция бар. Оның бәрін қарау керек. Ресеймен, Қытаймен тауар айналымы күшейді. Оның бәрі Тоқаевтың арқасында. Қазақстанда Тоқаев оқыған оқу орнының филиалы ашылғалы жатыр. Қазір уақыттың өзі осылай істеу керек деп айтып жатыр.
Сыртқы істер саласы өте қатты дамып жатыр. Қазіргі жағдайда осындай саясат керек.
– Қазақстан үкіметі мен Ауғанстандағы тәліптердің арасындағы сауда байланысы келешекте біздің елдің шетелдік санкцияға ұшырауына әкелмей ме?
– Мамандар бар, қарап отыр. Еуропалық одақ, америкалық мамандар да бақылап отыр. Тоқсан сайын келіп, бақылау жүргізіп тұрады. Бізге қауіп жоқ, ескерту де жоқ.
– Дипломаттардың қазір халық арасында беделі қандай? Кейінгі кезде әйеліне қол көтерген дипломаттың аты да аталды. Мұндай жағдайда дипломатияға реформа жасау қажет пе? Әлде бұл ілуде бір болатын жағдай ма?
– Бұл арасында бір кездесетін жағдай. Мәселесін қарастыру керек. Тек ер адам, күйеуінен емес. Мұндай адамдар бола береді.
Бұл – сыртқы саясатқа мамандандырылған министрлік. Оған онша көп адамды кіргізбейді. Ішінде династия болады. Әкесі дипломат болса, ұл-қызы ізін жалғайды. Бала күнінен тіл үйретеді. Артынан оқу орнына түсіп, даярлап шығарады. Бізде мұндай дәстүр енді-енді еніп жатыр. Дипломаттар немерелерін осы салаға беріп жатыр.
– Төлеутай Ысқақұлы, әңгімеңізге рақмет!