×

«Күрделі мәселе болды»: Қазақстанның тұңғыш сыртқы істер министрі шекараны бекіту туралы айтты

Төлеутай Сүлейменовтің айтуынша, шекара бекітілмесе, тәуелсіздік нөлге тең

 Айгерім Таубай 03.07.2024 | 10:00

Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін жаңадан құрылған сыртқы істер министрлігінің басым бағыттарының бірі республиканы таныту және ел шекарасын бекіту болды. Бұл туралы Қазақстанның тұңғыш сыртқы істер министрі Төлеутай Сүлейменов Halyq Uni тілшісіне берген сұқбатында айтты.

Министр болған алғашқы күннен бастап шекараны бекіту жұмыстарымен айналыстым. Өйткені, Тәуелсіздік шекарасыз нөлге тең. Шекара болмаса, жанжал болады. Қырғызстан мен Тәжікстанға қарайық, Әзербайжан мен Армения, Ресей мен Украинадағы жағдай да бар. Сол кезде комиссия құрылды, шекарашыларды алып, барлық шекараны араладық. Мәселе өте қиын болды. 15 жылдың арасында бар шекараны бекітіп, бағанды қойып, «Қазақстан» деп жаздық, - дейді Төлеутай Сүлейменов.

Айтуынша, көршілес жатқан елдер арасында Қытаймен шекара бойынша мәселені шешу қиын болған.

Себебі Кеңес үкіметі кезінде қараусыз қалған. Өзен болса, бір жағында қазақтар, екінші жағында қытайлар тұрған. Араласып кеткен. Бәрін реттеу керек. Ал оған уақыт қажет. Комиссия келіп, тікұшақпен қарады. Халықпен ақылдасып, шешім қабылданды. Саясат жағынан қарым-қатынас жаман болған жоқ. Екі басшы дос болып, қарым-қатынасты ұлғайтты. Қытай төрағасының айтқан сөзі бар: «Бұл өте күрделі мәселе. Мұны екеуміз шешіп алайық, болашаққа қалдырмайық. Басқалар келеді, бұл шешілмейді. Біз шешіп алайық, міндеттіміз» деді. Әлемде 1,5 млрд халқы бар ел мен 15 млн халқы бар ел тең дәрежедегі келісімге келді, - дейді елдің тұңғыш сыртқы істер министрі.

Сүлейменовтің сөзінше, содан кейін Ресеймен арадағы шекара бекітілген. Ал Қырғызстан, Түркіменстанмен бір жылда келісімге келген.

«Өзбекстан кішкене қиындау болды. Сарыағаштағы үш ауылдағы мәселе шешілмеді. Шекара үйдің асханасынан өтіп тұрды. Соны шешкенше уақыт өтті. Мирзиёев келген соң «шешемін» деп, бір жарым жылда бәрін істеді. Содан Қасым-Жомарт Тоқаев барып, Мирзиёев екеуі шекара туралы келісімді қолдап, қол қойды. Қазір ешбір елмен шекаралық мәселе жоқ», - дейді ол.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама