Экс-министр Тәуелсіздік алған жылдардағы оқиғаларға тоқталды
2 шілде – дипломатиялық қызмет күні. Елімізде сыртқы істер министрлігі ашылғаннан кезде оның құрамында небәрі екі дипломат болған. Алайда бір жыл ішінде министрліктегі мамандар саны 700-ден асқан. Бұл туралы Қазақстанның тұңғыш сыртқы істер министрі Төлеутай Сүлейменов Halyq Uni тілшісіне берген сұқбатында айтты.
Айтуынша, Қазақстан тәуелсіздігін жариялағаннан кейін елге оралып, жаңадан құрылған сыртқы істер министрлігін басқару туралы ұсыныс түскен.
Ол кезде Иранда қызметте едім. Ертеңі Мәскеуге ұшып, әрі қарай Алматыға келдім. Ол кезде тікелей рейс жоқ. Президент «Жұмысқа кіріс. Мен көмектесемін, бірақ барлық жұмысты өзің істейсің» деді. Барлығы Мәскеуден айтылып отырды. Бұл жақ тек хаттама түрінде жұмыс істеген. 5-6 адам. Ішінде көлік жүргізушісі де бар. 1-2 дипломат болды. Басқа ешкім жоқ. Кадрды қайдан аламыз деп, КазГУ (қазіргі ҚазҰУ – ред.) ректорымен сөйлестім. Басқа министрліктерге хабарласып, ақылдастым. Тіл білетін, экономика, саясатты білетін жас жігіттер бар ма деп сұрадым. Барлық жерде жұмыс басталып жатыр. Кім жібереді?, - дейді Төлеутай Сүлейменов.
Сүлейменовтің сөзінше, сол уақытта университет қабырғасында халықаралық қатынастар мамандығын ашу туралы шешім қабылданған.
Алты айдан кейін адам жинала бастады. Бір жылда 15 шақты маман жиналды. Әр жақта жұмыс істегендер жиналды. Бір жылда 740 адам қабылдадық. Содан кейін елшіліктерді ашуға дайындалдық. Оған көп қаражат керек. Шетелде үй сатып алу, көлік, қызметкерлердің жалақысы бар. 15 мемлекетті даярлап, президентке ұсыныс бердім. Президент премьер-министрге тапсырма берді. Олар «ақша жоқ» дейді. Жиналысқа келгенде «біз ақша табамыз, Сүлейменов мырза жаратады» дейді. Сонда «Ақша жұмсаймыз. Тәуелсіздік қымбат тұрады» дедім. Елшіліктерді ашу керек. Тәуелсіздік онсыз болмайды, - дейді дипломат.
1992 жылдан бастап шетелдерде Қазақстанның елшіліктері ашыла бастады.
Америка, Франция, Ұлыбритания, Испанияда, көршілеріміз Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Ресей, Қытайда аштық. Тез қимылдап, сыртқы саясатымызды жүргізе бастадық, - дейді Сүлейменов.