Halyq Uni логотип
×

Тоқаев Қытаймен арада жандандыру қажет 5 бағытты атады

Оның ішінде сауда, көлік және мәдени-гуманитарлық салалар бар

 Ербол Тұрымбет 01.07.2024 | 11:28
Тоқаев Қытаймен арада жандандыру қажет 5 бағытты атады
Фото: Ақорда

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қытайдың «Синьхуа» агенттігіне көлемді сұқбат беріп, екі ел арасында жандандыру қажет 5 бағытты атады, деп хабарлайды Halyq Uni.

Мемлекет басшысының айтуынша, 32 жыл бойы табысты екіжақты ынтымақтастықтың қуатты негізін ескеріп, Қазақстан тату көршілік қатынастарды одан әрі нығайту, тәжірибе алмасуды жандандыру, практикалық өзара іс-қимылды тереңдету үшін барлық күш-жігерін салуға дайын.

Сондықтан президент осы кезеңде 5 бағыт бойынша бірлескен жұмыс өте маңызды деп есептейді.

Біріншісі – инвестициялық саладағы ынтымақтастықты тереңдету.

Ауыл шаруашылығы, жаңа энергетика, автомобиль жасау сияқты салаларға ерекше назар аудару қажет. Сондай-ақ индустрияландыруға және қосылған құны жоғары өнімдерді өндіруге де баса мән беру керек, - дейді Тоқаев.

Екінші – сауда құрылымын әртараптандыруды және тауарлар номенклатурасын ұлғайтуды қосқанда, екі ел арасындағы тауар айналымын ұлғайту.

Қазіргі заманғы құралдарды, атап айтқанда, электрондық коммерцияны және электрондық базарларды пайдалану керек, - дейді президент.

Үшінші бағыт «Бір белдеу, бір жол» бастамасына қатысты болды.

2024 жыл «Бір белдеу, бір жол» жаһандық бастамасын одан әрі ілгерілету үшін маңызды жыл болып саналады. Бұл бастаманың келесі онжылдығын санаудың басталғанын білдіреді. Біз үшін Қазақстанның осы бастаманың негізгі әрі таптырмас қатысушысы, сондай-ақ сенімді еуразиялық көлік хабы және «Бір белдеу, бір жол» орталық логистикалық торабы ретіндегі рөлін күшейту өте маңызды. Осы орайда Ляньюньган портының, Сиань қаласындағы құрғақ порттың және «Қорғас – Шығыс қақпасы» АЭА мүмкіндіктерін белсенді түрде пайдалануды барынша назарға аламыз.

Төртінші – екі елдің көлік ынтымақтастығын кеңейту.

Қазір Достық-Мойынты теміржол бөлігінде екінші жолдардың құрылысы жалғасып жатыр. Сонымен қатар біздің ортақ шекарамызда 3-ші теміржол өткізу пунктінің құрылысын бастау көзделген.

Бесінші – мәдени-гуманитарлық саладағы көпқырлы өзара іс-қимылды жандандыру.

Біз белгілеген визасыз практика, сонымен қатар мәдени орталықтардың, «Лу Бань шеберханаларының», ЖОО филиалдарының өзара ашылуы, сондай-ақ, әуе рейстерін ұлғайту жөніндегі тұрақты жұмыс екі халық арасындағы өзара түсіністік пен достықты одан әрі нығайту жолындағы маңызды қадамдар болатынына сенімдімін, - деді мемлекет басшысы.

Айта кетейік, 3-4 шілдеде Астанада Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммиті өтеді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама