Еліміз үшін жаңа энергия көзін дамыту қажет
Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев Қазақстанда АЭС салу референдумына қатысты пікір білдірді, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Оның айтуынша, қазір экономиканы дамытудағы проблемалардың бірі электр энергиясының тапшылығымен байланысты.
Экономикамызды 2 есе ұлғайтамыз деген жоспар бар. Үкімет біраз өндірісті ашу үшін жұмыс істеп жатыр. Сондықтан электр энергиясының бұдан да көбірек көлемі керек екені анық. Егер энергия көзі болмаса, онда бұл жағдай үлкен проблемаға алып келеді. Сондықтан цифрлық техннологияларды, жасанды интеллектіні, өндірісті дамытуға қосымша энергия керек. Бұл мәселені тұрақты түрде шешудің бірден-бір жолы – Қазақстанда атом электр станциясын салу. Осыған байланысты президент Қасым-Жомарт Тоқаев күзде референдум болатыны туралы айтты, - деді Мәулен Әшімбаев Сенаттың жалпы отырысынан соң.
Төраға бұл мәселеде халықтың пікірі ескерілетінін жеткізді.
АЭС керек пе, керек емес пе, шешімді халық жасайды. Біз билік тарапынан ұсыныс айтқанымызбен әрі қарай Қазақстан халқы өзі таңдау жасайды. Жалпы осы мәселеге қатысты тиісті ақпарат
таратылып, осы бастаманың мән-жайы түсіндірілетіні анық. Референдумға орай түрлі әлеуметтік топтар, сарапшылар пікірлерін айта жатар. Халық осы ақпаратты қорытып, шешім қабылдайды. Қазақстандықтар бұл референдумда ұстанымын нақты көрсетеді деп сенеміз, - деді спикер.
Бұған дейін президент Қасым-Жомарт Тоқаев биыл күзде елімізде АЭС салу туралы референдум өтетінін мәлімдеген еді.