Жүргізушілерге көліктің алдыңғы терезесін қараңғылауға рұқсат беріле ме - ІІМ жауабы
Ішкі істер министрлігі Қазақстанда жүргізушілерге көліктің алдыңғы терезесін қараңғылауға рұқсат беру мәселесін қарастырып жатыр. Бұл туралы Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Марат Қожаев айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Сенаттың жалпы отырысы аясында министрдің орынбасарына «Қытайда шығарылған көптеген көліктің алдыңғы терезесі қараңғыланған. Қазақстанда мұндайға рұқсат беріле ме?» деген сұрақ қойылды.
Марат Қожаев бұл мәселе қаралып жатқанын айтты.
Қазір ІІМ алдыңғы терезені қараңғылауға тыйым салу тарихын зерделеп жатыр. Мәселені Мәжіліс депутаттары да көтеріп жүр. Кедендік одақ регламенті бар. Онда алдыңғы терезенің қаншалықты қараңғылауға тиіс екені жазылған. Бұл жол қозғалысы және жол жүрісі ережесінің бұзылуы кезінде жүргізуші мен жолаушыны сәйкестендіруде қиындықтың болуына байланысты.
Бүгінде құқықбұзушылықты тіркейтін жаңа техникалық құралдар шығып жатыр. Сондықтан (алдыңғы терезені қараңғылауға рұқсат беру – автор) қаншалықты мүмкін екенін немесе жол қозғалысы, қоғамдық тәртіп қауіпсіздігіне зиян тигізетінін зерделеп жатырмыз. Жақында сіздерге сарапшылық қорытындымызды жеткіземіз», - деді министрдің орынбасары.